• Кәсіпкерлік
  • 09 Маусым, 2022

Бастама ірі бизнестен түсуі тиіс

25 жыл бойы елімізде ірі халықаралық мұнай-газ компаниялары жұмыс істеп келеді. Бірақ осы кезеңде мұнай-газ тауарларын оқшаулау бойынша сапалы жұмыс жасалмады. Енді қалыптасқан жағдайды өзгерту, өз өндірісіміздің құзыретін арттыру бағытындамыз. Оның бір белгісі – Павлодарда мұнай-газ саласына арналған жабдықтар шығаратын зауыттың іске қосылуы.

Қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесу барысында өндірістік секторды кеңейту жөніндегі бастама бизнестен, бірінші кезекте ірі бизнестен түсуі керектігін айтты. Мемлекет басшысы әртараптандырылған экономика салу міндеті әлі де өзекті екенін және мықты өндірістік секторсыз бірде-бір тұрақты экономика өмір сүре алмайтынын нығыздады. «Индустрияландыру­дың баламасыздығы туралы тезис өткірлігін жоғалтқан жоқ. Неліктен ондаған жылдар бойы серпіліс болмады? Негізгі қателік – мұнымен негізінен мемлекет айналысты. Құрылымдық проблемаларды шешуге қыруар қаржы жұмсалды, соның ішінде квазимемлекеттік құрылымдарға тиесілі қаражат та бар», – деді ол.

Бүгінде кезекті рет отандық жабдықтар өндірісін дамыту мен игеру қарқынын арттыру қажеттігі білінуде. Мұнай-газ саласындағы үш ірі оператордың тауарларды сатып алуының жалпы көлемі былтыр шамамен 310 млрд теңгені құрады. Бұл ретте қазақстандық қамту үлесі небәрі 9% болған. Жағдайды өзгерту үшін барлық мүдделі та­раптардың, әсіресе кен орындары операторларының, отандық машина жасаушылардың және бизнес-қоғамдастықтың белсенді қызметі қажет. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан машина жасау тауарларының импортына өте тәуелді екенін, бұл жерде жыл сайынғы миллиардтаған доллар туралы сөз болып отырғанын айтады. Ендігі жерде жаңа өндірістерді ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту есебінен мұнай-газ саласы үшін, атап айтқанда үш оператордың (ТШО, НКОК және ҚПО) қажеттілігі үшін тауарлар өндірісін оқшаулау, мұнай-газ саласының мұқтаждығы үшін өндірістер, бірлескен кәсіпорындар құру, мұнай-газ машина жасау тауарларын игеру – өзекті міндет.

Cоңғы 11 жылда еліміз бойынша жалпы сомасы 10 трлн 400 млрд теңгеге 1671 жаңа кәсіпорын салынса, оның 1 трлн-нан астамы Павлодар облысына тиесілі. Жаңа өндірістік алаңның құрылысы мен ашылуына 246 млн теңге­ден астам қаржы жұмсалды. «КазПромБезопасность ПВ» ЖШС жылу алмасу жабдықтарын, ауаны салқындату аппараттарын және артық қысыммен жұмыс істейтін құрылғыларды шығаруға дайын. Кәсіпорын құбыр бөлшектері мен құбырлардың көптеген түрлерін, түрлі металл конструкцияларын шығарады. Тауарлар желісі одан әрі де кеңейтіледі. Өндірістік алаңда жоғары сапалы өнімді дайындау кезінде стандарттардың барлық талаптарына жауап беретін заманауи жабдық орнатылған. Қуаттылық – 20-30 жылу алмастыру аппаратын, 5-6 ауамен салқындату аппаратын, ауылдық әкімдіктер мен мектептерге арналған қазандарды құрайды. Өндіріс алаңында қосымша 40 жұмыс орны ашылған. Алдағы уақытта кәсіпорындағы қызметкерлер санын 150 адамға дейін жеткізу жос­парланған.

– Жаңа кәсіпорын жұмыс орындарын, салықтарды қамтамасыз етіп, өңір мен ел экономикасының дамуына жұмыс істейді, – деп атап өтті Qazindystry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының тәуелсіз директоры Ерсұлтан Бектұрғанов. – Қазақстан – мұнай державасы, еліміз үшін мұндай кәсіпорын өте қажет және оның өнімдері сұранысқа ие болатыны сөзсіз.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы