• Өндіріс өрісі
  • 09 Маусым, 2022

АЭА: Тиімділік қайткенде артады?

Экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлар номенклатурасын және экспорттың географиясын кеңейту секілді күрделі міндетті шешуге елімізде жұмыс істейтін 13 арнайы экономикалық аймақ ұйытқы бола алар еді. Сондықтан олардың жұмысы мен тиімділігі мұқият талданып, әсерлі шаралар кешені қабылдануы керек.

Елімізде АЭА жұмысы жолға қойылып, өңірлерде түрлі салалар бойынша кластерлер құрылған. Түпкі мақсат – экономиканың жекелеген салаларын жедел дамыту. Бүгінде АЭА қатысушылары үшін барлық қажетті жеңілдіктер қарастырылған.

700-ден астам салық төлеуші әрбір АЭА үшін белгіленген қыз­меттің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде заңнамада көзделген салықтық және кедендік преференциялар түрінде басым құқық алады. Резиденттер корпоративтік, жер және мүлік салығынан босатылып, орналасқан жер учаскелеріне қажетті инфрақұрылым тартылады. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде 1,9 трлн теңге сомасына 297 жоба іске асырылды, сондай-ақ 209 жоба жүзеге асырылу сатысында. IT, логистика, сауда, денсаулық сақтау, ғылым және туризм сияқты салаларда 131 жоба іске асырылған. 
Жасалып отырған барша жағдайға, мүмкіндіктерге қара­мастан, экономикалық аймақтардың сәттілігін нақты бағалау қиын. Олардың қызметіне қатысты көптеген сындар да айтылды. Бұл ең алдымен, АЭА аумақтарының жобалармен толымдылығы төмен деңгейде (52%) қалып отырғандығы. Шоғырландырылған бюджет кірістері 2005 жылғы жалпы ішкі өнімнің 32%-ынан 2019 жылы 18%-ға дейін қысқарды. АЭА шең­беріндегі шартты шығындардың көлемі 2 трлн теңгеден асады. Бюджеттен 13 АЭА инфрақұрылымына қосымша 340 млрд теңге салынды. Осы кезеңде АЭА-дан тек 170 млрд теңге салық алынып, небәрі 18 мың жұмыс орны құрылған. Сол себепті өткен жылы мемлекет басшысы АЭА-ның әрқайсысы бойынша мақсатқа сай, байыпты талдау жүргізу, жұмыс істеудің жаңа моделін әзірлеу керектігін айтты.
Негізі, проблема АЭА-ның дамуға кешенді тәсілдерді талап ететін ұзақ мерзімді жобалар екендігінде жатса керек. Сондықтан олардың табыстылығын жұмыс істеу уақытының неғұрлым ұзақ кезеңі өткеннен кейін, аумағында іске асырылатын жобалар толық толтырылып, өндірістік қуаттарға шыққаннан кейін бағалау қажет. Сонда ғана АЭА толық әлеуеті тұтастай көрінбек. Оған дейін теңгерімді шешімдер, ықпалды механизмдер қажет. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енді жеңілдікті режим жобаның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне сай ұсынылатынын хабарлады. Мысалы, бұрын АЭА 25 жыл жұмыс істейтін болса, инвесторлар 25 жылға салықтан босатылатын. Енді бұл инвестордың жобасы, кірістілігі, қанша инвестиция салғанына байланысты болады. Айталық, егер 5 млн теңге салса, алғашқы 5 жылда мемлекеттік қолдау алады, егер көбірек салса, онда одан да ұзақ алатын болады. Яғни, жеңілдікті режим жобаның әлеуметтік-экономикалық нәтижесіне және технологиялық күрделілігіне байланысты сараланған түрде әрекет ететін болады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен басқарушы компаниялардың жауапкершілігін бекіту бойынша қабылданып жатқан шараларға келсек, басқарушы компаниялар бастапқыда қойылған мақсаттарға қол жеткізуі үшін бірінші кезекте әкімдердің тиімділік индикаторларында АЭА дамуын қалдырғаны құпталады. Сонымен қатар ендігі кезекте сала мамандары аралас режимде жұмыс істейтін аумақтарды енгізуді ұсынып отыр. Яғни, жоба арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлеріне сәйкес келмейтініне қарамастан, инвестор АЭА аумағында орналасып, қажетті инфрақұрылымға қол жеткізеді. Алайда, бұл жағдайда салықтан босату сияқты жеңілдіктер берілмейді. Бұдан басқа, АЭА басқарушы компанияларының кадрлық құра­мына ерекше назар аударылатын болады. Директорлар кеңесінің құрамына инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша тәжірибесі бар тәуелсіз директорларды енгізу мәселесі қарастырылуда. Сонымен бірге қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру мақсатында оларды шетелдік арнайы экономикалық аймақтарға тағылымдамаға жіберу де жоспарда бар.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

575 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы