• Қаржы
  • 09 Маусым, 2022

Негізгі мөлшерлеме өзгеріссіз қалды

Ұлттық банк 6 маусымда базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім еліміздегі макроэкономикалық жағдайдың одан әрі дамуына қатысты жаңартылған болжамға негізделген.

Осы ретте Ұлттық банк төр­ағасы Ғалымжан Пірматов: «Біз Қазақстандағы макроэко­но­микалық жағдайдың одан әрі дамуына қатысты күтулерді жаңарттық. Ұлттық банк осы жылдың қорытын­дысы бойын­ша инфляция 13-15% деңгейінде қалыптасады деп күтеді. Сыртқы және ішкі нарықтардағы баға динамикасын ескерсек, азық-түлік өнімдері бойынша бағада біршама өсім болатыны күтіледі», – деп атап өтті.

Бұл болжам үкіметтің тұтыну нарықтарын теңгерімді дамы­туға бағытталған инфляция дең­гейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін ескере отырып қалыптастырылды. Осы шаралар кешені сәтті жүзеге асырылған жағдайда инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін. «Инфляция үшін тәуекелдер көп жағдай­да инфляцияның жаһандық же­делдеуімен, әлемдегі геосаяси жағ­дай аясындағы белгісіздікпен және сыртқы инфляцияның импортымен байланысты. Инфляцияны жеделдетудің ықтимал ішкі факторлары көбіне жұмсақ фискалдық саясатты сақ­тау­­мен, жоғары инфляциялық күту­лермен, сондай-ақ реттелетін қызмет­тер бағасының өсуіне мораторий аяқталғаннан кейін ақылы қыз­меттер инфляциясын жеделдету ықтималдығымен байланысты», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бас банк ұсынған болжамдарға сәйкес, биылғы жылы экономика өсімі 2,8-3,8%-ды құрайды. Бұл жыл соңына дейін барлық негізгі салада оң даму серпінін сақтауды бағалауға байланысты. Алайда, геосаяси дағдарыс, сырт­қы сұраныстың төмендеуі және жеткізілі­мдер тізбегін қайта құру – эконо­миканың өсу қарқынын тежейтін болады.

Қаржы реттеушісі аталған факторларды және инфляциялық тәуекелдердің тепе-теңдігін ескере отырып, реттеуші жаңа күйзелістер көрініс таппаған жағдайда базалық мөлшерлеменің ағымдағы дең­гейін сақтау орта мерзімді перспективада бағаның өсуін тежей­ді, инфляцияның бірқалыпты төмендеуін қамта­масыз етеді деп санайды. Ақша-кредит талаптары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяу­лауына қарай қалпына келеді.

Ұлттық банк әлемдік нарық­тардағы жағдайды, геосаяси дағдарыстың дамуын және инфляцияға қарсы тәуекел­дердің жүзеге асырылуын бақы­лауды жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша одан әрі шешімдер инфляцияның нақты динамикасының болжамды траек­торияға сәйкестігіне, сыртқы ор­тадағы және ішкі эконо­микадағы туындайтын тәуе­­­кел­дердің тең­геріміне қарай қабылданады.

ЕРНАР ОРМАНОВ

2016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы