• Қаржы
  • 09 Маусым, 2022

ҚАНТ ӨНДІРІСІНДЕГІ ЦУГЦВАНГ: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

Төрт зауыт ішкі сұраныстың 40 пайызын ғана қамтиды 

 

Мамыр айының соңындағы дерекке сүйенсек, елімізде қант 50,3 пайызға қымбаттаған. Шекердің «Магнум» сияқты сауда орындарындағы бағасы 450 теңге шамасында. Жекеменшік дүкендерде 600-700 теңге төңірегінде. Бұлай жалғаса берсе, қант бағасы шарықтап кетуі мүмкін, деген де болжам жасалды...

 Елімізде төрт қант зауыты бар. Былтыр осы кәсіпорындар 230 мың тонна шамасында қант шығарыпты. Басты өндірушінің бірі – «АқсуҚант» зауыты. Бұл – өзінің шикізат базасы бар бірден-бір зауыт. Іргетасы сонау 1967 жылы қаланған, Жетісу өңіріндегі осынау қант зауыты өзіне қажет шикі­затты, яғни қант қызылшасын, бидайды, жоңышқаны өз алқабында өсіреді. Өндірістік қуаты – 450 мың тонна.

Қанттың күрт қымбаттауы­ның про­бле­масына орай ауыл шаруашы­лығы вице-министрі Жеңіс Өсербай ресми мәлімет берді. Басты әңгіме Жамбыл облы­сындағы – екі, Алматы облысындағы – екі қант зауыты төңіре­гінде болды.

– Қазір елдегі қант тапшы­лығына орай төрт зауытта да модер­низациялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Және де Жамбыл облысында тағы бір зауыт ашпақ ойымыз бар, – дейді Жеңіс Өсербай.

Дегенмен мәселенің таяуда шешіле қоятынына күмән да жоқ емес. Про­блема­ның түп негізі шикізатқа байланысты. Мә­селен, Меркі қант зауытында өнім шығаруға қажет шикізат өсіру үшін бақандай 75 күн керек. Оның үстіне қант қызылшасын өсіруге керек алқап шектеулі.

Вице-министрдің айтуынша, елдегі үш зауыт қант шикізатын өңдейтін көрінеді. Осы қайта өңдеу ісі толық қуатында жұмыс істеген жағдайда зауыт­­тар айына 50 мың тонна қант шыға­ра алады, – дейді.

– Импорт алмастыруға байланыс­ты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Басты мәселе – қант қызылшасын өсіруді арттыруға келіп тіреледі, – деп атап көрсетті вице-министр.

Қызылша негізінен Тал­ды­қор­ған аймағында өсіріледі. Ал оны өсіру – өте ауыр жұмыс. Бұл салаға әбден маманданған жұмысшы қажет. Сондықтан қант қызылшасын өсіру – екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа.

Осы жерде тағы да бір сауал туындайды. Қасқалдақтың қанынан қат болып отырған қызылшаны өсіру қаншалықты пайдалы? Елімізде жыл сайын қант қызылшасының бір тоннасы 10 мың теңгеге бағаланады екен. Егінші жұмысының ауырлығын ескерсек, бұл – түкке тұрмайтын баға. Сондықтан Үкімет елдегі қант тапшы­лығын ескеріп, бұл бағаны айтар­лық­тай көтергені жөн деп есептейміз.

Жыл сайын елімізде 350 мың тонна қант қызылшасы жиналады. Оған қоса фермердің жұмысын жеңілдетіп, қайтарымды арттыру үшін өнімді суғарудың үлкен бағдарламасы қолға алынған. Дегенмен елде өндірілетін шикізат қорының аздығы қант қызыл­шасы мен басқа да шикізат қорын шеттен сатып алуға мәжбүр­лейді. Дәл осы мақсатта былтыр қа­зынадан 7 миллиард теңге бөлініпті (!).

– Елдегі қант тапшылығы қашанда үкімет назарында. Осыны ескеріп алдағы уақытта Павлодар облысында тағы да бір қант зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Оның бастамашысы – жергілікті әкімдік, – деп атап көрсетті Жеңіс Өсербай..

Павлодарда салынуға тиіс қант зауытының техникалық-экономикалық негіздемесі ғана жасалған. Құрылыстың өзі әзірге басталған жоқ.

Қазақстанның өз өндірісінің шамасы жетпейтін қантты шетелден сатып алатынын айттық. Қанттың өзі емес, оның шикізаты импортталатын көрінеді. Импортпен келетін шикізаттың жалпы көлемі 94 пайыз шамасында (!). Оның 36 пайызы Алматыға, 30 пайызы Жамбыл облысына, 13 пайызы Алматы облысына, 12 пайызы Ақтөбе облысына және 4 пайызы Қостанай облысына тиесілі.

Біріккен ұлттар ұйымы берген деректерге қарағанда, тапшылыққа түскен азық-түлік ішінде шекер де бар. Соған сәйкес бүтін әлемде қант бағасы қымбаттап отыр.

Әлемдегі негізгі қант өндірушінің бірі – Үндістан. Қант өндірісі бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұр. Тапшылыққа орай Үндістан үкіметі таяуда қант экспортын күрт шектеуге шешім қабылдады. Бұл елдің қазіргі лимиті – 8 миллион тонна. Үнділердің бұл бастамасын қант өндіретін басқа мемлекеттер іліп әкете ме деген қауіп бар.

Әлемдегі екінші қант экспортшысы жергілікті өнімді шетелге шығармауды бұған дейін де қолға алған еді. Себебі, Үндістан халқы қазірдің өзінде 1 миллиардтан асып кетті. Соған орай әуелі елдегі ішкі сұранысты қамтамасыз етуі керек еді. Алайда сыртқы сауданың аты – сыртқы сауда. Үндістан – қантты шетке шығару арқылы мол табыс тауып отырған ел. Соған қарамастан әлемдегі қант тапшылығына орай соңғы алты жылда бірінші рет сыртқа өнім шығару лимитін 8 миллион тоннаға қысқартып отыр.

Ендігі бір проблема әлемдегі қант бағасына байланысты. Дерек көзіне қарасақ, ақ қанттың әлемдік бағасы биыл 5 жылдық максимумына жетіпті. Еліміздегі қант құнының қымбаттауының бір себебі де осында.

Қант өндіруден әлемде Бразилия бірінші орында тұр. Латын­америкалықтар тәттіні қант қамы­сынан өндіреді. Бұл елдің жағра­фиялық жағдайы қант қамысын өсіруге өте қолайлы. Соған қара­мастан соңғы кезде осы басты өнді­руші де қантты экспортқа шығару көлемін азайтып отыр. Бразилия зауыттарының қант қамысына керек этанолды барынша мол өндіруге ықпал беретін қуат көзі – мұнай. Ал мұнай болса, күн сайын қымбаттап барады. Бразилияның қант өндірісін барынша шектеуін сарапшылар осымен байланыстырады.

Еліміздегі қант өндірушілер ішкі сұраныстың небары 40 пайызын қамтиды. Соның салдарынан, әсіресе импорттың қымбатқа келуінен біздегі шекер бағасы өсіп отыр. Цугцванг деген – осы.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

2164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы