• Бизнес & Қоғам
  • 23 Маусым, 2022

Өмір сапасын жақсарту мақсатында

Қазақстанда тірек-қимыл, жүйке жүйесі ауыратын, аутизмге шалдыққан 100 мыңға жуық бала бар.  «Балалар жылы» аясында оларды оңалту орталықтары көбейген. Емдеу мекемелерінде төсек-орын саны  екі есе артып отыр. Нәтижесінде бір тоқсанның өзінде ерекше күтімге мұқтаж 12 мың бала арнайы медициналық көмек алып үлгерді.

Ерекше балаларды емдейтін эрготерапевттер ел аумағында биылдан бастап қана дайындала бастаған. Ал әлем елдерінде мұндай дәрігерлер 50 жылдан бері бар.

 

 

Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында эхокардиографиялық скрининг жүргізу тәжірибесі жүріп жатыр.

Дер кезінде жасалған медици­налық тексеріс – сәтті емнің кепілі болғандықтан, бүлдіршіндердің денсаулығын алдын-ала тексерудің өзіндік тиімділігі көп. 

Жыл сайын бұл орталықта мыңдаған сәби дүниеге келеді. Бала туған күннен бастап бір айға дейін скринингтен өтеді. Жалпы скрининг дегеніміз – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтау­ға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Бір сөзбен айтқанда аурушаңдық пен мүге­дектікті алдын алуға жасалатын амал. Орталықта жүйке жүйесі­нің зақымдануын ерте кезден анықтайтын психофизикалық, жүрек-қан тамырларын тексе­ретін кардиохирургиялық және шала туған балаларға эхокар­диогра­фия­лық скрининг жасалады.

Жалпы бұл перинатальдық орталықта туған әр нәрестеге скри­нинг жасалады. Соңғы бес айда аудиологиялық скрининг жүргізу нәтижесінде 50-ден астам нәрестенің есту қабілеті нашар екені анықталған. Бірақ оларға дер кезінде ем тағайындалып, дәрігерлер кереңдіктің алдын алды. Сондықтан скрининг қоғамдық денсаулықты сақтап, өмір сүру сапасын жақсартуды мақсат етеді.

Қазіргі медицинада ауру­дың алдын алу маңызды болып табылады. Біздің елімізде балалардың денсаулығына ерекше назар бөлінеді және дені сау ұлт қалыптастыруға қажетті іс-шаралар жүзеге асырылады. Соның ішінде, біріншіден, отбасын жос­парлау бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Екіншіден, жүкті әйелдердің перинатальды скринингі 3 рет жүргізіледі, бұл ұрықтың патологиясы мен кем­шіліктерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, перзентханада жаңа туған нәрестеге неонаталдық скрининг жүргізіледі. Бұдан басқа, педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес балалардың аурушаңдығының, мүгедектігінің және өлім-жітімінің алдын алу, төмендету бойынша шаралар көзделген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлағандай, ағымдағы жылы МӘМС жүйе­сінде скринингтер мен профи­лак­тикалық тексерулерді жүргізуге 39,7 миллиард теңге қарас­ты­рылған. Оның ішінде аудиоло­гиялық скринингке – 5,1 миллиард теңге, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге – шамамен 11,7 миллиард теңге, мектеп медицинасы шеңберінде профилактикалық тексеруге – 22,9 миллиардтан астам теңге.

Қорда балалар жеңілдікті санат­тардың біріне кіретінін, сондықтан олар үшін 18 жасқа дейін міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейтінін еске салды. Осылайша, барлық балалар автоматты түрде сақтандырылған және МӘМС жүйесінде қажетті медициналық көмекке құқылы.

Жаңа туған нәрестелерге, ерте жастағы және 6 жасқа дейінгі ба­лаларға аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл баланың есту қабілетінің бұзылуын анық­тауға мүмкіндік беретін жаппай стандартталған тексеру. Ол екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі – бала өмірінің алғашқы үш күнінде тікелей перзентханада. Екіншісі – өз емханасындағы баланы дамыту кабинеттеріндегі белгілі бір жастағы балаларға жүргізіледі. Бұл жағдайда учаскелік медбике ата-аналармен байланысып, белгіленген мерзімде скринингтен өтуге шақырады.

Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу бойынша шаралар қабылданады. Егер құлақ мүкістігі немесе керең­дік қаупі туындаса, онда баланы одан әрі тереңдетіп тексеру үшін сурдологиялық кабинеттерге, сондай-ақ тексеру және түзете-дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық-меди­циналық-педагогикалық консуль­тацияға жібереді.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

1993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы