• Өндіріс өрісі
  • 23 Маусым, 2022

Мұнай бағасы шарықтап тұр

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Еуропаның қақ төріндегі әскери қақтығыс жаһандық шаруашылыққа өз әсерін тигізіп, баға саясатына да ықпал етуде. Дүниежүзілік банктің осы сейсенбіде  жарияланған «Әлемдік экономиканың даму келешегі» атты баяндамасында әлемдік нарықтағы мұнай бағасы соңғы екі жылда өзінің төменгі деңгейінен 350 пайызға көтерілгені, бұл 1973 жылдан бергі кезеңдегі ең үлкен өсім екені атап өтіледі. Мәселен, өткен жылмен салыс­тырғанда биыл қара алтын бағасы орта есеппен 42 пайызға өсіп отыр, ал Brent маркалы мұнай бұрын болжанған барреліне 24 доллармен салыстырғанда үстіміздегі жылы орташа есеппен 100 доллар  болады деп күтілуде. Баяндамада Еуропадағы табиғи газ бағасының рекордтық деңгейге жеткеніне және 2008 жылғы бұрынғы ең биік көрсеткішінен әлдеқайда жоғары екеніне назар аударылады. Сонымен қатар биыл мұнай құны көмір мен газға қарағанда әлдеқайда жылдам артқаны, бұрынғы жылдармен салыстырғанда барлық энергетикалық тауарлардың бағасы күрт өскені айтылады. Көмір бағасы 2008 жылғы ең жоғары деңгейге жақын. Сарапшылар мұнай мен табиғи газ бағасы жақын арада жоғары деңгейде сақталады деп жорамал жасауда.  

Осы жылдың соңына қарай АҚШ-та және ОПЕК+  елдерінде мұнай өндірудің күтіліп отырған өсуіне байланысты баға біршама төмендеуі ықтимал. Осылайша, жоғарыда айтқанымыздай, мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін биыл 100 АҚШ доллары шамасында, ал 2023 жылы 90 АҚШ долларына жуық болады деп болжануда. Лондонның ICE Futures биржасында дүйсенбі күні Brent маркалы мұнайдың тамыз фьючерстерінің құны барреліне 113,09 долларды,  Нью-Йорктің NYMEX тауар биржасында шілде айындағы WTI маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 109,42 долларды құрады. Осыған орай City Index және Forex.com агенттіктерінің сарапшылары «мұнай сұранысының келешегіне қатысты алаңдаушылық алдағы айларда жаһандық экономикалық өсу баяулайды деген қорқыныштың күшеюіне байланысты артуда», деп өтті. Отандық нарыққа келсек, экспорттау кезінде Ресей Федерациясының санкцияланған  Urals мұнайымен шатастырмау үшін қазақстандық мұнайдың шығу сертификатындағы атауы KEBKO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) деп өзгертілген болатын. Stan.kz  ақпараттық агенттігінің дерегінше Ресей Новороссийск арқылы Еуропаға экспортталатын бұл мұнайды тасымалдауға шектеу қойып, кейін мүлде тоқтатқан. Оған Новороссийск портында екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі 50 ықтимал қауіпті оқ-дәрілердің табылуы себеп болған. Бұларды залалсыздандыру жұмысы айдың соңына дейін жалғасады. Аталған жағдаяттың елдегі баға ахуалына әсер етері сөзсіз. Статистика деректері әлемнің барлық мемлекеттерінде  инфляцияның өршіп тұрғанына куә.  Мәселен, АҚШ-та мамыр айында энергия бағасы ең жоғары деңгейге көтерілді, сөйтіп, 2021 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 34,6 пайызға өсті. Азық-түлік 10,1 пайызға қымбаттады, бұл 1981 жылдың наурызынан бергі ең күшті өсім. Ресейдегі инфляция деңгейі 2022 жылдың мамыр айында 17,11 пайызды құрады, бұл 1999 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Орталық банк бұған дейін осы жылдың соңына қарай инфляцияны 18-23 пайыз мөлшерінде  болжайтын жаңартылған орта мерзімді жорамал ұсынған болатын.

Біздің елімізде инфляция  жыл қорытындысы бойынша 13-15 пайыз деңгейінде қалыптасады деп күтіліп отыр. Сыртқы және ішкі нарықтардағы баға серпініне қарай азық-түлік өнімдері бәсінің біршама өсімі күтіледі. Болжам үкімет ұсынған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларға сүйеніп жасалған.  Үкімет үстіміздегі жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнім 2,1 пайызға өседі деп болжам жасап, Ұлттық банк биылғы жылы экономика өсімі 2,8-3,8 пайызды құрайтынын мәлімдеп отыр. Бұл ретте халықаралық Fitch Ratings агенттігі жуырдағы есебінде мемлекеттік институттардың ақша-кредит және фискалдық саясатты одан әрі жетілдіруге бағыт ұстанып, теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасын енгізуі ұлттық валютаға деген сенімді нығайтқанын, сондай-ақ банк секторындағы капиталдандыру  деңгейінің жеткіліктілігі экономикалық ахуалға оң әсер еткенін атап өткені көңіл аударуға тұрарлық.  Инфляция көрсеткіштеріне келетін болсақ, 2022 жылдың мамыр айында елдегі жылдық инфляция 14 пайызға жеделдеді. Аймақтар бойынша жылдық инфляция 15 өңірде қарқын алып, 2 өңірде бәсеңдеді. Жоғары инфляция Маңғыстау облысында сәуірдегі 13,9 пайыздан мамырдағы 15,2 пайызға дейін, Қарағанды облысында 13,5 пайыздан 14,8 пайызға дейін және Батыс Қазақстан облысында 12,2 пайыздан 13,5 пайызға дейін тіркелді. Азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны мамырда 19 пайызға күшейді. Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында 21 пайыз болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 11,9 пайызға дейін артты. Ең жоғары мәні Нұр-Сұлтан қаласында 14,3 пайыз, ал төмен мән Шымкент қаласында 10,2 пайыз болып тіркелді. Ақылы қызметтер бағасы мамырда 9,1 пайызға көтерілді, бұл ретте Шығыс Қазақстан облысында жалпы республикалық деңгейден айтарлықтай жоғары, 11,4 пайыз деңгейінде болды, ал Жамбыл облысында айтарлықтай баяу, 6,3 пайызға өсті. Биылғы жылдың мамыр айында елдегі айлық инфляция 1,4 пайыз болды. Бұл соңғы 5 жыл ішінде мамырдағы инфляцияның орташа мәнінен айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Барлық 17 өңірде бағалар 2022 жылғы мамырда өзінің орташа нормасынан жоғары болды. Айлық инфляцияның айтарлықтай қарқыны Маңғыстау облысында 2,2 пайыз деңгейінде тіркелді.  Дүниежүзілік банк болжамы бойынша Қазақстандағы инфляция биылғы жылы 10,5 пайыз, 2023 жылы 7,2 пайыз  болмақ. Сарапшылар валюта бағамының одан әрі құлдырауы, азық-түлік бағасының өсуі және жалақының артуы  инфляцияның жоғары деңгейін сақтайтынын атап көрсетуде. Бұған жауап ретінде ақша-несие саясаты қатаң түрде сақталатын болады. Фискалдық саясат үй шаруашылықтарының жағдайын жақсартуға және іскерлік ортаны қолдауға арналған мемлекеттік шығыстарды арттыруға бағытталмақ.

653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы