- Өндіріс өрісі
- 23 Маусым, 2022
Өңір дамуына қомақты қолдау

Еліміздің ірі индустриялық-аграрлық өңірі Қостанай облысында экономика дамуына қозғау болатын бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы жобаларды, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешен мен құрылысты қолдауға «Бәйтерек» холдингінің барлық еншілес ұйымдары қатысуда.
Қостанай қаласының индустриялық аймағында «KamLitKZ» ЖШС-нің екі жобасы – шойын құю зауытының және жүк техникасына арналған жетекші белдіктердің басты берілістерін шығаратын зауыттың құрылысы жүруде. Бұдан басқа, өңірде «СарыарқаАвтоӨндіріс» ЖШС жеңіл автомобильдер өндірісін, ал «АгромашХолдинг KZ» АҚ ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын оқшаулау орталығын құруда.
Жуырда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басшысы Қанат Шарлапаев өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. «Қостанай облысы еліміздің машина жасау саласында көшбасшы болып табылады. Мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалар техника мен қосалқы бөлшектерге деген ішкі сұранысты қанағаттандыру, отандық өндірісті ұлғайту үшін қажет. Мысалы, оқшаулау орталығы – бұл отандық ауылшаруашылық техникаларын өндіретін қажетті әрі айрықша жоба. Цехтарда еліміздің барлық өндірушілері үшін бөлшектер мен тораптар шығарылмақшы. Сонымен қатар кешенде оқу орталығы, 100 орындық жатақхана және барлық қажетті инфрақұрылым болады», – деп атап өтті ол.
«Бәйтерек» холдингі өңірдегі металлургия өнеркәсібін де қолдайды. «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС-нің ұсақ сұрыпты ыстықтай иленген прокат (болат арматура) шығаратын зауытының құрылысын ҚДБ қаржыландырған. Бүгінде кәсіпорын жаңа өткізу нарықтарын ашу үшін KazakhExport ұсынып отырған саудалық қаржыландыру құралын пайдалануға ниетті. Сондай-ақ холдингтің еншілес ұйымдарының қолдауына ие болған екі кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарады. Бұл – «Терра» ЖШС бордақылау алаңы және «Бест Қостанай» ЖШС ұн тарту кәсіпорны.
Өзара тиімді іс-қимылды дамытып, жобалардың экспорттық әлеуетін жаңғырту мен кеңейтуді көздеп отырған холдинг өңірлердің ұсыныстарын елеусіз қалдырмауда. «Біздің міндетіміз – ірі қалалармен кооперацияны жолға қойып қана қоймай, өңірлермен де жұмыс жүргізу. Жобалардың құрылысына мемлекет бөлген қаражат қалай пайдаланылуда екенін және жергілікті жерлерде жағдай қалай өрбіп жатқанын білу үшін өзіміз барып, нақты көргеніміз дұрыс. Біз өз клиенттерімізбен, Қазақстанда бизнесін жүргізіп жатқан адамдармен тікелей диалогқа шығуымыз керек», – деді Қ.Шарлапаев.
Соңғы алты жыл ішінде «KazakhExport» АҚ жергілікті 14 экспорттаушыға 97,2 млрд теңгеге сақтандыру қолдауын көрсетті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы өткен жылы жалпы сомасы 59,5 млрд теңгеге 1 837 жоба қолдау тапты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша 2009 жылдан бастап Қостанай облысында жалпы құны 20,5 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жоба іске асырылды, қаржыландыру сомасы 17,3 млрд теңгені құрап, 470 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ 18,9 млрд теңге болатын 637 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке сатып алуды қаржыландырған. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ желісі бойынша және «Отбасы банк» АҚ бағдарламалары арқылы тұрғын үй саласына да қолдау көрсетілуде. Қазірде лизингтік қаржыландыру рәсімдерін жеделдетуге, ауылшаруашылық техникасын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын жасау мүмкіндігіне, «портфельдік субсидиялау және кепілдік беру» шеңберінде кредит беру мерзімін ұлғайтуға, сондай-ақ «Даму» қорының өңірлік жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасына қатысуына қатысты әкімдіктің ұсыныстарына ден қойылып отыр.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1178 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *