• Өндіріс өрісі
  • 23 Маусым, 2022

Тау-кен саласының тарихи рөлі

Тау-кен саласының бүгінгі ахуалы мен дамуы Astana Mining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия конгресінде кең көлемде талқыланды. Он екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан іскерлік шара кәсіпқой мамандар бас қосып, өзара уағдаластыққа қол жеткізетін, тиімді келісімшарттар жасалатын алаңға айналды.

230 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған салаға мемлекет тарапынан жаңа міндеттер мен мақсаттар қойылуда. Алқалы жиында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тоқталып өткендей, Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының басты мақсаттарының бірі – тұрғындардың кірісін ұлғайту.

Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген референдум нәтижесіне сәйкес, халық – жер мен табиғи ресурстардың иесі екені туралы ереже біржола бекітілді. Осыған орай мемлекеттік өнеркәсіптік саясатқа бірқатар талап енгізілді. Оның негізінде ірі жер қойнауын пайдаланушылар ағымдағы өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауы тиіс. Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібімен айналысатын 50 ірі кәсіпорын анықталып, олардың базасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылатын болады. Кепілдеме сатып алулар үшін оффтейк келісімдер жасалып, импорттық өнімдер жалпы құны 3 трлн теңгені құрайтын отандық тауарлармен алмастырылмақ.

Сондай-ақ премьер-ми­нистрдің орынбасары мемлекет отандық шикізатты терең­детіп өңдеуге ерекше көңіл бөліп отырғанына назар аударды. Мұндағы басты мақсат – бағасы жоғары өнімдерді көбейту және экспортқа бағытталған жоғары технологиялы тауар түрлерін арттыру. «Жыл басынан бері өңдеу көлемінің артқанын бағамдап отырмыз. Мәселені түбегейлі әрі жүйелі шешу үшін қажетті нормативтік база құрылды. Ши­кізатпен қамту қайта өңдеу өнеркәсібі үшін маңызды және негізгі тетік саналады. Игі іске бастама жасап, оны жүзеге асы­руға атсалысқандарға алғыс біл­діремін және де бұл тараптағы жұмысты одан әрі жандандыруды сұраймын», – деді Е.Тоғжанов.

Конгресс аясында дәстүрлі Алтын өндірушілер форумы өтіп, онда инвесторларды тарту үшін заңнаманы жетілдіру, бағалы металдар саласын қолдауда­ғы әлемдік үрдістер, салық же­ңілдіктері мен преференциялар, салық режимі өзгерістерінің алтын өндіру жобаларының ин­вестициялық тартымдылығына әсері жайында айтылды. Алтын өндіру – халқымыздың бойына сонау сақ дәуірінен бастап сіңген жауапты да маңызды кәсіптің бірі. Яғни, бұл – еліміздің әл-ауқаты мен экономикалық тұрақтылығының негізі десек те болады. Бүгінде Қазақстанда 400 тоннадан астам алтын қоры бар. Алтын өндірушілер еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтауға айтарлықтай үлес қосуда. Өткен жылы 33 млн тонна кен және 66 тонна аффинирленген алтын өндірілді. «Қазақстандық алтынның әр грамы еліміздің алтын-валюта резервін толықтыра түседі. Осылайша алтын өндіру саласы стратегиялық мәнге ие болып отыр. Бұл – мемлекетіміз­дің қаржы-экономикалық әл-ауқатының кепілі», – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

Ол алтын өндіру бойынша тағы бірнеше жобаның қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. Қазір 1 трлн теңге қаржы тарта отырып, жыл сайын 13 тонна арфинарлық алтын шығару әлеуеті бар 11 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сондай-ақ шара аясында Көмір форумы да өтіп, тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіп­орындардың республикалық қауымдастығымен жыл сайын ұйымдастырылатын жиында сарапшылар көмір саласын дамыту мәселелері мен декарбонизация стратегиясын қарады.

Astana Mining & Metallurgy аясында «Алтын Гефест» салалық сыйлығы тапсырылды. Марапат тау-кен металлургия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін үздік геологтар, кеншілер, металлургтер, студенттер, журналистер мен алдыңғы қатардағы кәсіпорындарға беріледі.

Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне 13 мемлекеттен өкілдер қатысты. Оның қатарында Орталық Азия елдерімен қатар Канада, Германия да бар. Дәстүрлі басқосуға шетелдік мамандар мен сарапшылардың қатысуы кең көлемде тәжірибе алмасуға және саланы дамытуда ортақ шешімдер қабылдауға ықпал етеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы