• Ұлттық өнім
  • 23 Маусым, 2022

Ет экспорты: Ішкі нарыққа келер қауіп қандай?

Жетісу облысының Алакөл ауданында «Lepsi – 2022» етті мал шаруашылығы жөніндегі республикалық көрме-форумы өтті. ZherSu корпорациясы, Қазақстан ангус республикалық палатасы, «Қазақстан ет одағы» ЖК және ЗТБ ұйымдастырған шара барысында сала экономикасының өзекті мәселелері көтерілді, әлемдік трендтердің етті мал шаруашылығы дамуына әсері талқыланды.

Қазақстан ет одағының басқар­ма мүшесі, Асылжан Мамытбеков халықаралық форумды жүргізіп отырды. Қазақстан мен Румыния­да етті мал шаруашылығының қалып­тасуы қатар жүрді. Екі елде де асыл тұқымды малдың алғашқы импорты 2008-2012 жылдары болды, мал тұқымын асылдандыру саласындағы реттеуші функцияларды мемлекеттен өзін-өзі реттейтін ұйымдарға – мал тұқымдары жөніндегі қауым­дастықтарға беру жөніндегі реформа 2012 жылы жүргізілді. Румыния ангус тұқымы қауымдастығының мәліметтері бойынша сол кезде 40 мың бас импортталған. Соның нәтижесінде бүгін елде 111 мың бас асыл тұқымды ангус сиыры бар. Қазіргі кезде Румыния өз малын шетелдік нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға белсенді экспорттап жатыр. Бұл туралы қауымдастық директоры, Румынияның бұрынғы ауылшаруашылығы вице-министрі, фермер Гочиман Иоанн форум барысында жасаған баяндамасында айтты. Қазақстан фермерлері үшін асыл тұқымды малды жеткізуші елдің бірі ретінде Чехия да танылып келеді. Чехияның етті мал шаруашылығы қауымдастығының ұсыныстары жайында қауымдастықтың атқарушы директоры Камил Малат хабарлады. Чехияда 10 миллион халыққа шаққанда асыл тұқымды 600 мың бас болғанына қарамастан, чех фермерлері өз малын тиімді бағада экспорттауға мүдде танытып отыр. «Чехияда мал жетпей қалады деп қорықпаймыз. Егер тиімді бағада сұраныс болса, бұл біздің фермерлеріміз үшін мал басын көбейтіп, табыс табуға ынталандыратын мүмкіндік болады», – деп жауап берді Камил Малат.

Форум модреторы Асылжан Мамытбеков атап өткеніндей, 19 миллион халқы бар және 8 миллион ірі қара мал басы бар Қазақстанда елдің ішкі нарығына төнетін қауіпке байланысты тірі тауарлық және асыл тұқымды малды экспорттауға тыйым салынған. «Етті мал шаруашылығында экспорт пен импорттан бас тарту – сала мүмкіндіктерін жете түсінбеу», – деп атап өтті Ресейдегі Сиыр етін өндірушілер ұлттық одағының бас директоры Роман Костюк.

Әлем елдері арасындағы тығыз және күрделі сауда байланыстары бір малдың тұтас еті – әртүрлі нарықтар мен салалар үшін ондаған түрлі өнім екенімен түсіндіріледі. «Мысалы, АҚШ жылына шамамен 92 миллион ірі қара мал басын экспорттайды, шамамен осындай көлемде импорттайды. Бұл өз шикізатын шығару емес, ішкі нарықты қажетті өніммен толтыру үдерісі», – деп түсіндірді Р.Костюк.

Бұл ретте Қазақстанда мемлекеттік реттеу саясаты фермерлердің қалта­сына ауыр соққы жасады. Қазақстан ет одағының деректері бойынша ет бағасының өсуі кезінде ішкі нарықта экспортқа тыйым салынғаннан кейін фермерлерден тірі малды сатып алу бағасы бір деңгейде қалған (1 келі тірі салмақ үшін шамамен 700 теңге). Сонымен қатар ішкі нарықты экспортқа тыйым салу арқылы ет бағасының өсуінен қорғау мүмкін емес. Өйткені тірі ірі қара мал мен азық-түлік баға­сының өсуі – жаһандық тренд.

Экспортқа салынған тыйым фер­мерлерді өткізу нарықтарынан айырды, осылайша сала табысы төмендеп кетті. «Біз күнкөріс қамымен жүрміз. Бізге әділ бағадағы өткізу нарықтары керек. Нарықтарды ашыңыз немесе саланы субсидиялаңыз немесе басқа балама ұсыныңыз», – деп пікірін білдірді Kusto Group компаниясының өкілі Бейбіт Ерубаев.

Өз презентациясында спикер фермерге арналған бұқаның өзіндік құнын және жабық базарларда мал сату бағасын нақты есептеп, саланың іс жүзінде шығынға ұшырап жатқанын дәлелдеді.

Сала табыстылығын қолдаудың бір жолы – субсидиялау. Алайда 2021 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялаумен байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстық деректер біршама ашылды. Мал шаруа­шылығындағы субсидиялаудың тым үлкен көлеміне қатысты тұрақты пікірге шет елдердің тәжірибесімен салыстыру арқылы дау айтуға болады. Румыния ангус қауымдастығының деректері бойынша елде жылына 1 ірі қара мал басына субсидиялау шамамен 220 еуроны құрайды (100 мың теңгеден астам), ал қазақстандық фермер жылына 1 басқа (селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс үшін) 10 мың теңге, яғни 10 есе аз көмек алады.

Бұдан кейінгі форум жұмысы республикалық мал шаруашылы­ғы көрмесімен жалғасын тапты. Шынжылы және Көлбай ауыл­дарындағы шаруашылықтарға тур ұйым­дасты­рылып, Ангус, Герефорд, Ақбас, Калмыцкая, Санта Гертруда, Лимузин тұқымдары арасында «2022 жылдың чемпион тұқымы», «2022 жылдың абсолютті чемпионы» және ұсақ мал тұқымдары арасында «Абсолютті чемпион – 2022» байқауы, аламан бәйге мен қазақ күресінен турнир өтті.

Қазақстан ет одағының қолдауы­мен өткізілген көрмеге еліміздің барлық өңірлерінен 5 мыңға жуық фермер қатысты. Көрмеде үздік мал өсірушілер Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің аты­нан марапатталды. Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания Чехия, Эстония, Румыния, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресей мемлекеттерінен келген ғалымдар мен білікті мамандар саланы дамыт­удағы тәжірибесімен бөлісіп, етті мал шаруашылығын мемлекеттік қол­дау және өз елдерінің сауда саясаты жөнінде ақпарат берді.

Мәрмәр сиыр етін тұтынудың гастрономиялық мәдениеті батыстық өмір салты бар елдерде (АҚШ, Еуропа, Жапония, Корея) кең таралған, онда еркін нарықтың қалыптасуының арқасында адамдар тамақ сапасы мен оның алуан түрлілігіне көбірек қызығушылық танытты. Соңғы жылдары жаңа технологиялар өндіріске белсенді түрде енгізіліп, шетелдік ғалымдардың сұрыптауымен сиырдың ангус тұқымы елімізде де өсіріле бастады.

Қазақстан ангус республикалық палатасы еліміз аумағында ангус тұқымын өсіру және тарату үшін құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Ұлттық статистика бюросы мынадай қызықты мәлімет (2021 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша) таратты. Мәселен, еліміздің бір тұрғыны ай сайын орташа есеппен 6,75 келі ет жейді екен. Етті ең көп тұтынатын өңірлер үштігіне Қарағанды (7,97 келі), Алматы (7,96 келі) және Атырау (7,68 келі) облыстары кіреді. Етті аз жейтін аймақтарға Шымкент қаласы (4,1 келі), Түркістан (4,94 келі) және Қызылорда облыстары (5,47 келі) жатады. Бір тұрғыны ай сайын 6,73 келі ет және ет өнімдерін тұтынатын Нұр-Сұлтан қаласы бұл рейтингте 12-ші орында тұр. Әу бастан-ақ етті көп тұтынатын халқымыз үшін ірі қара мал шаруашылығын дамыту қажет-ақ.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы