• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 23 Маусым, 2022

ЕАЭО: Бірлестік қағидаттары берік сақталуы тиіс

Премьер-министр Әлихан Смайылов Минск қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында сөз сөйледі. Шараға Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей үкіметтерінің басшылары қатысты.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шағын және кеңейтілген құрамда өткен кеңес отырыстарында Еуразиялық экономикалық одақтың біріктіріл­ген ақпараттық жүйесін дамыту, тауарларды таңбалауды жүргізу, алкоголь нарығын реттеу және электрондық сауда кезінде салық салу мәселелері талқылауға шығарылды.

Бұдан бөлек, отырысқа қатысушылар «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ЕАЭО-ның көлік инфрақұрылымын дамытуды, өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларындағы кооперацияны, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдар­ламасын, трансшекаралық на­рық­­­тардағы бәсекелестіктің жай-күйін және басқа да бірқатар мәселені талқылады.

Әлихан Смайылов өз сөзінде бүгінде әлемдік сауданың елеулі өзгерістерге ұшырап отырғанына тоқталды. «Шиеленістің күшеюі, пандемия дағдарысы, жаһандық сауда-саттық және логистикалық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция біздің елдердегі тауар өндірушілерге де, қызмет көрсетушілерге де кері әсерін тигізді. Ерекшелігі сол, дағдарыс ауыртпалығы шағын, орта және ірі бизнес нысандарының барлығына да түсіп отыр», – деді Қазақстан премьер-министрі.

Қазақстан үкіметі басшы­сы­ның пікірінше, қазіргідей қиын-қыстау жағдайда өңірлік бірлестіктер туындаған проблемаларды шешуде жетекші рөл атқарады. Ол жаңа көлік артерияларын құру және дамыту жолымен Еуропа мен Азияның жүктерін ЕАЭО елдеріне тасымалдау және сол елдердің аумағы арқылы тасымалдау уақытын қысқарту мен жеңілдетудің маңыздылығын ерекше атап өтті. «Жаңа жағдай Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялауды қажет етеді», – деген Әлихан Смайылов бұл бағыттағы басым міндеттерді атап көрсетті.

Оның айтуынша, ЕАЭО өңірінің бизнесті дамыту үшін әлеуеті зор, алайда бұған көбіне­се келісім-шарттық базаның жетілмеген­дігімен және елдік протекционизммен байланыс­ты кедергілер бөгет жасап отыр. «Экономикалық бірлестіктің же­тістігі оның барлық мүшелерінің іс-әрекетіне байланысты. Өздеріңіз білетіндей, қандай да бір кедергілер тосқауыл­дың туындауына себеп болады. Мемлекеттеріміздің экономикасының өсуі мен аза­маттардың әл-ауқатын арттыру­дың маңызды шарты болып табылатын еркін нарықты қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіруіміз қажет», – деді ҚР үкіметінің басшысы.

Сондай-ақ құрамдас бұйым­дарды, шикізатты және дайын өнімдерді жеткізудегі іркілістер өнеркәсіп кооперациясының жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетіп берді. «Іс жүзінде өнеркәсіптің барлық салаларында – машина жасау мен жоғары технологиялық салалардан бастап тамақ өнімдері мен медициналық бұйымдар өндірісіне дейін нақты кооперациялық жобалар қажет. Иннова­циялық және бәсекеге қабілетті өнім жасау үшін нақты жобаларға көңіл бөлуді ұсынамын», – деді ол.

Сонымен қатар премьер-министр қазақстандық бизнес үшін аса маңызды мәселелердің бірі – ЕАЭО-ның барлық аумағы бойынша кедергісіз транзитті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осыған байланысты ол әріп­тестерін жеделдетілген және оңай­латылған транзитті, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз ету мәселесінде неғұрлым икемді және сындарлы болуға шақырды. «ЕАЭО мүшелері бірлестіктің негізгі қағидаттарына беріктігін сақтаған жағдайда, қазіргідей күрделі кезеңде еуразиялық экономикалық интеграцияның барлық қатысушылары үшін тиімді болатынына сенімдімін. Бұл ретте барлық елдерге тиімді болатын даму жолына түсуі үшін ұлттық мүдделер мен интеграциялық процестер арасындағы теңгерімді табу қажет», – деп түйіндеді Ә.Смайылов.

Отырыс қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді бекітетін көпжақты құжаттарға қол қойылды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

660 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы