• Қаржы
  • 23 Маусым, 2022

Төлем нарығындағы жаңа мүмкіндіктер

Төлем нарығын белсенді цифрландыру қаржы саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Күні кеше Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесін дамыту стратегиясының бір бөлігі саналатын жаңа төлем сервисінің іске қосылғанын жариялады.

Ұлттық банк төрағасы­ның орынбасары Берік Шол­панқұлов атап өткендей, банкаралық онлайн-аударымдар мен төлемдерді 24/7 режимінде жылдам өткізуге арналған жаңа төлем сервисі қаржы институттары ұсына­тын цифрлық қызметтердің ауқымын дамытып, кеңейтуге негіз болмақ. Лездік төлемдер жүйесін (ЛТЖ) енгізудегі басты мақсат – қаржылық қыз­меттерді тұтынушыларға қызмет көрсететін қандайда бір банкке қарамастан, деректемелердің онлайн қолжетімді болуы және тәулік бойы төлемдер жүргізудің қарапайым әрі ыңғайлы жолын ұсыну. Жаңа жүйе ұялы телефон нөмірі арқылы аударымдарды және әртүрлі банктің клиенттері арасында QR-код арқылы төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде банктердің клиенттері арасындағы есеп айырысу уақыты қысқарады. Бұл енді бірнеше секундтың ғана шаруасы болып қалады. Қазіргі уақытта жаңа жүйе­де телефон нөмірі бойынша жеке тұлғалар арасында аударымдар қолжетімді, ал алдағы уақытта QR-код бойынша банкаралық төлемдер сервисі қосылады. «Біз әр адам үшін цифрлық қаржы инфрақұрылымын құрып отырмыз – ол бәсекелестікті ынталандыруға, қауіпсіздік пен қолайлылықты арттыру­ға, сондай-ақ ең бастысы, түп­кілікті тұтынушылар үшін қаржы қызметтерінің құнын төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді Б.Шолпанқұлов.

Бүгінгі таңда  ЛТЖ-ға  қаты­су туралы келісім жа­сасқан екінші деңгейлі 9 банктің төртеуі өз клиенттері үшін лездік төлемдер сервисін іске қосып үлгерген. Ал қал­ған 5 банк қо­сылуға әзірлік үдерісінде. Жаңа қызмет осы банктердің мобильді қосымшаларындағы ішкі процестердің жетіл­дірілуіне қарай пайда болады. Екінші деңгейлі басқа да банктер жаңа төлем жүйесіне келісілген кестеге сай жоспарлы түрде қосылатын болады. Жаңа сервистің қолжетімділігі туралы ақпаратты клиентке қызмет көрсетуші банктің өзі хабарлайды.

Телефон нөмірі бойынша аударым жасау үшін ақша жөнелтушіге өз банкінің – ЛТЖ қатысушысының ұялы қосым­шасына алушының ұялы телефон нөмірін енгізіп, аударым сомасын және алушының банкін көрсету жеткілікті болады. Аударылған ақша алушының ЛТЖ қатысушы банктегі шотына лезде түседі. Ал, банктер өз клиенттері үшін P2P-аударым қызметтерінің тарифін дербес белгілейді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

2038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы