• Өндіріс
  • 23 Маусым, 2022

КАСПИЙ МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ ТАСЫМАЛДЫ ТОҚТАТТЫ

Ал қазақ бидайы енді Иран арқылы шығарылмақ

Ресей қазақ мұнайын Каспий мұнай құбыры (КТК) арқылы тасымалды тоқтатты, деген хабар тарады ақпарат құралдарында. Қара теңіздің түбінде екінші дүниежүзілік соғыстан қалған 50-ден астам мина бар, солар танкерлердің теңізге шығуына, КТК мұнай құбырының толық жұмыс істеуіне кедергі болып жатыр-мыс. Осы себепке орай мұнай тасу бір айға тоқтады.

Енді бір дерекке қарағанда, Ресей қазір Қара теңіз айлағын тазарту жұмысын бастап кеткенге ұқсайды. КТК бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары бізде де жүріп жатыр.

– 15-шілдеге дейін Қашағанда жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұған дейін де бір қондырғыда апат болғаны белгілі. Ол бүкіл өңделетін мұнай қорының 70 пайызы болатын, – дейді энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Әлбетте, мұның бәрі – ауыр жаңалық, әсіресе қазіргі алма­ғайып заманда. КТК-дағы жағдай Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі халықаралық эко­номикалық форумнан қайтқан кезінде белгілі болды. КТК-дағы бұл дағдарысты қазақ президентінің сол форумдағы ЛНР мен ДНР-ға қатысты батыл пікірімен байланыстыратындар да бар. Оның соңы «Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға тиер зардабы қандай болмақ?» деген мәселені тудырады.

Еліміздің шетке шығаратын тағы да бір энергетикалық шикізаты – көмір. Ресейге қарсы санкцияның әсерінен біздің мемлекет Еуропаға енді жыл сайын түсіп тұратын 300 миллион доллардан астам соманың көмірін сата алмайды деген болжам бар.

– Біз ықтимал шығынға байланысты есеп жасадық. Бұрын Ресей мен біздің көмір шығарушы компаниялар арасында келісім болған жоқ. Бірақ бұған дейін өндірілген көмірді Ресей арқылы Латвия порттарына шығарып тұрдық. Ол Еуропаға тартылған жол болатын. Алайда сәуірден бері мәселе қиындады. Соның салдарынан биылдың өзінде 300 миллион доллар көлеміндегі қаржыдан айырылатын сияқтымыз. Мәселе бұлай жалғаса берсе, келесі жылғы шығынымыз 400 миллион долларға жетуі мүмкін, – дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустрияны дамыту комитетінің төрағасы Тұрар Жолмағамбетов.

Осы оқиғаларға орай сыртқы сауда-экономикалық байланыс тарапында ел басшылығының жаңа әріптес іздеу әрекеті басталып кетті деуге әбден негіз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президентінің ресми шақыруымен парсы еліне барды. Жоғары деңгейлі кездесу барысында екі жақты бірнеше келісімге қол қойылды. Енді Иран азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Ең бастысы, биыл Қазақстан Иранға 1 миллион тонна астық экспорттамақ.

Арқада егін жақсы өсіп келеді. Ауылшаруашылығы министрлігі берген дерекке қарағанда биыл Қазақстан 13 миллион тонна дәнді дақыл өндірмек. Әлемдегі азық-түлік тапшылығы екібастан белгілі. Демек, биыл Украина бидайынан қағылған елдердің Қазақстанға ауыз ашуы әбден мүмкін. Иран басшылығымен кездесу барысында осы мәселе көтеріліп, біздің ауылшаруашылығы министрлігі дәнді дақылды Каспий теңізі арқылы Иранға кіргізу туралы меморандумға қол қойды. Және осыдан бастап елімізге Ираннан көкөніс, жеміс, сүт және су кәсіпшілігі өнімдері көптеп келе бастамақ.

Биылғы ықтимал өнім мөлшері 13 миллион тонна болса, оның 1 миллионын парсылардың алады, делік. Ал қалған бидай ше? Иран сапарында қазақ президенті осы мәселені де талқылады. Қол қойылған меморандумға сәйкес, осыдан бастап қазақтың бидайы мен басқа да ауыл шаруашылығы тауары Иран аймағы арқылы басқа мемлекеттерге қосымша төлемдерсіз тасымалданатын болды. Бұл – бидай экспортына байланысты жасалған аса тиімді келісімшарттың бірі.

Мұнай тасымалынан үміт біршама үзіліп тұрған шақта қазақ билігі  экономикалық табыстың тың көзін іздей бастағанға ұқсайды. Бұрын байқамадық па, әлде мұнайға малданып жүрдік пе, қазақ елінде қаржы табудың басқа да мүмкіндіктері бар екен. Мәселен, Талдықорғанның бір ғана компаниясы Италияға, Африка елдеріне, Ресей мен Ар­менияға аккумулятор өткізеді. Қа­зақстанда жиналған автомобиль Өзбекстан мен Тәжікстанға көптеп сатылып жатыр. Қазақ кілемдерін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Біріккен араб әмірлігінің сауда орындарынан көп кездестіруге болады. Жалпы алғанда, шетелге тауар мен қызмет түрін экспорттайтын компаниямыздың саны 500-ден асады.

Үкімет те осыны ескерген тәрізді. «Тұрақты экономикалық өсім және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға қарай біздің еліміздің шикізаттық емес экспорты екі есе өсіп, кіріс 41 млрд долларға жетуге тиіс. Ал осы мақсатқа жету үшін, елімізге ішкі өндірісті дамытумен қоса, өнімді өткізетін нарық табу керек.

Қазір қазақстандық шикізаттық емес экспорттың, әлемдік-эконо­микалық және саяси дағдарысқа қарамастан, арта түскені анық байқалады. Мәселен, ауыл шар­уашылығы өнімі мен азық-түлік экспорты 2020 жылғы 3,35 млрд дол­лардың орнына 2021 жылы 3,72 млрд долларға дейін өскен.

Экспортқа өнім шығарып, біршама табысқа кенеліп отырған кәсіпорын арасында кондитер өнімдерін шығаратын «Баян Сұлу» компаниясы, Италияға, Литваға, Польшаға, Грецияға, Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға алюминий бұйымдарын шығаратын бірнеше зауыт, жоғары сапалы базальт кені негізінде жылусақтағыш материал жасайтын Макинск зауыты бар.

Еліміз биылғы төрт айда экспортты 60%-ға арттырған. Қаңтар мен сәуір айы аралығында сыртқы сауда айналымы 41%-ға өсіп, $39,7 млрд болды.  Биылдың алғашқы төрт айында экспорт Қазақстанға $26,5 млрд әкелді, бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 59,8%-ға артық.

Әйткенмен еліміздің барлық экс­портының жартысынан көбін алатын шикі мұнай біздегі өсімнің басты драйвері екені белгілі. Физикалық көлемі бойынша ол 12%-ға ғана іске асырылса да, ақша баламасында динамика 94%-дан асқан. Төрт айдың ішінде мұнай елімізге $15,5 млрд кіріс әкелген.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

17340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы