• Аймақ тынысы
  • 16 Маусым, 2022

Авиажөндеу зауыты қолдауды қажет етеді

Ақтөбедегі шағын әуе кемелеріне күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын «№406 Авиажөндеу зауыты АА» тапсырыс көлемінің азаюына байланысты қиындықтарды бастан кешіруде. Бұл еліміздегі, алыс, жақын шетелдердегі жеңіл моторлы авиацияны жөндеу бойынша жетекші авиажөндеу кәсіпорны саналады.

Іргесі сонау 1939 жылы қаланған әйгілі зауыт талай қанатты тұлпарды қалықтатқаны тарихтан белгілі. Бүгінгі уақытта онда күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету, модификациялау мен жетілдіру, Ан-2 ұшақтарының, Ми-2 тікұшақтарының құрамдас бөліктерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Зауыт аумағының ауданы 370 000 кв метр, оның ішінде өндірістік алаңдар 52 993 кв метрді алып жатыр. Жұмыс орындарын, персоналды, жөнделетін бұйымдарды, жабдықтарды орналастырумен өндірістік және қосалқы алаңдармен толық  қамтамасыз етілген. Кешенді жөндеу тапсырыс берушілер үшін өте ыңғайлы, басқа жөндеу кәсіпорындарына жүгінбей-ақ дайын әуе кемесін алуға мүмкіндік береді. Бүгінде зауыт ұшақтар мен тікұшақтарды әртүрлі нұсқаларға ауыстыру, тапсырыс берушінің қалауы бойынша қосымша жабдықтарды орнату және қазіргі заманғы жабдықтарға ауыстыру, авиациялық техникаға арналған стандартты емес жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді дайындау, ұшақтар мен тікұшақтарды тапсырыс берушінің эскиздері бойынша бояу секілді жұмыстарды да орындайды.

Жуырда облыс әкімі Оңдасын Оразалин өндірісті қарап шығып, зауыт басшылығы мен ұжы­мына жиын өткізді. «Туындаған мәселелер туралы білемін. Бұл бірегей кәсіпорын, қателеспесем, баламасы тек Алматыда ғана бар. Біздің өңір үшін зауыттың маңызы зор, мен оның алдағы тағдырына бей-жай қарамаймын. Кәсіпорын толық қуатында болмаса да, өндірістің барлық қажеттілікте­рін қанағаттандыратындай және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретіндей жұмыс жасауы үшін алдағы уақытта не істеу керектігін талқылайтын боламыз», – деді облыс әкімі.

Зауыт басшысы Қуандық Қадірбаевтың айтуынша, одақ ыдырағаннан кейін онда жұмыс көлемі он есеге қысқарған. Қазір жүктеме одан да азайды – жылына шамамен 10 Ан-2 ұшағы, 4-5 Ми-2 тікұшағы шығарылды. «Қазақстандық тапсырыстар аз болғандықтан, биыл ресейлік авиацияның сертификатын алдық. Сонымен енді ресейлік авиакомпаниялардың да ұшақтарын жөндей аламыз. Сертификат алу оңай болған жоқ, бұл жүктеме көлемін 2001 жылғы деңгейге дейін арттырады деп үміттенеміз. Жұмыс көлемінің болмауына байланысты қызметкерлер саны 170-ке дейін қысқарды, бірақ жүктеме болса, бізге көбірек жұмысшы қажет болады», –  деді ол.

Кездесу барысында қыз­меттер тізбесін кеңейту және жабдоқтардың жаңа түрлерін шығаруды игеру, жобалаушы, инженер-технолог мамандарының тапшылығы проблемасы айтылды. Өңір басшысы ұжымның ұйым­шылдығын атап өтті. «Еңбек етуге, өндірісті сақтап қалуға, тіпті оны сіздерден кейін келетін жас мамандарға беруге құлшынысы зор, салауатты ұжымды көріп отырмын. Қазіргі жағдай кәсіпорынды дамытуға, жалақыны арттыруға мүмкіндік бермей жатқаны рас. Ең алдымен зауытты қаржылық-экономикалық сауықтыру жұмыс­тарын жүргізу қажет», – деді О.Оразалин.

Осы ретте ол авиажөндеу за­уытының жүктемесін арттыру мәселесі орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтерілетініне уәде берді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

96 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы