• Қаржы
  • 16 Маусым, 2022

ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ЕСЕБІ ЕЛЕҢ ЕТКІЗЕДІ

«Самұрық-Қазына» кірісінің 16 пайызы ғана бюджетке түскен

 

Елдің былтырғы бюджетінің 36 пайызы Ұлттық қордан алынған қаржы еді. Осы қаржының жұмсалуы ел экономикасын дамытудың тұжырымына сәйкеспей тұр ...

 Бұл туралы Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, былтырғы бюджет қаржысына байланысты шенеуніктер 413 миллард теңге кемшілігіне жол берген. Әлбетте, бұл – аз қаржы емес, Годунова ханымның айтуынша, бюджетті игеру жылда шығынмен аяқталады (бюджетті толтыруға жыл сайын бөлінетін қаржы –  1,2 триллион теңге). Бюджеттің негізгі кірісінің төрттен үші жылдық табыспен  толықтырылмайды. Сондықтан Ұлттық қор қаржысына ауыз ашу әлі де тыйылмай отыр.

– Ұлттық қордан бөлінген қар­жының 64 пайызын біз ағымдағы шараларға жұмсаймыз. Оның ішінде зейнетақы, жәрдемақы төлемдеріне қоса сотталғандарды ұстаудың шы­ғыны да бар. Ұлттық қормен байланысты қаржы жобаларының жиырмасына аудит жүргіздік. Ұлттық қор қаржысынан алынған шағын несиелеу шығыны биыл былтырғыдан 13 пайызға көп болып шықты, – дейді Наталья Годунова.

Оның үстіне қаржыны басқарудың негізгі принциптері қадағаланбайды. Нақты сұранымның 57 пайызы ғана қаржыландырылған. Бұл нені білдіреді? Біздің түсінуімізше, қажетті көлемде қаржыландыру болмаған жағдайда оның нәтижесін күтудің, одан да бетер, сұраудың қисыны жоқ. Республикалық бюджеттің игерілуіне байланысты күмәнді тұстың бірі де – осы. Мәселен, индустрия министрлігінен 8 миллиард теңге тәртіп бұзушылық жолымен шығарылған көрінеді.

Елдегі салық төлемдеріне байланысты кемшілік те аз емес. Есеп комитетінің болжамы бойынша, қаржы министрлігі салық саласын жақсартудың есебінен былтыр 684 миллиард теңге салық жинауға тиісті болатын. Ал жеткен нәтиже –  378 миллиард теңге.

Елдің жаңа басшылығының билік басына келісімен қолға алған бір мәселесі – кәсіпорындарды жеке­шелендіру мәселесі. Бұл тарапта біздің білетініміз: елдің бас мегаполисіндегі «Алматы жарық» компаниясы төмен бағамен жекеменшіктің қолына өтіп кетуіне жол берілмеді. Нәтижесінде қисынсыз өскелі тұрған тариф бұрын­ғы қалпында сақталды. «Утильсбор» мен «Қазақтелекомға» байланысты заң бұзушылық та есте.

Осының бәрі айналып келгенде ел бюджетінің мойнына жүк болған.

Былтыр жекешелендірілген кәсіп­орынның 40 пайызы нарық баға­сынан төмен деңгейге саудалан­ған. Бұл да –  елдің қаржылық-эконо­микалық жағдайына кері әсер ететін фактор.

Осы мәселелерге орай белсенділік танытып жүрген Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, аудиторлар үкіметті қанша сынағанымен мәселе оңтайлы шешімін таба алмай отырған көрінеді. Қазір Ұлттық қорда қалған қаржы мөлшері – 52,5 мил­лиард доллар.

Ал мемлекеттің сыртқы қарызы болса, 47 миллиард доллардың ар жақ-бер жағында. Сондықтан депутат Ұлттық қор қаржысына ауыз аша бермей, керісінше оны барынша толты­ру қажеттігін алға тартады. Аманжан Жамаловтың тағы да бір өткір қойған мәселесі мынау: үкіметтің бірден-бір акционері «Самұрық-Қазына» әзірге сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Атап айтқанда, 2020 жылы «Самұрық-Қазынаның» таза кірісі 558 миллиард теңге болған, ал бюджетке оның тек 16 пайызы ғана, яғни 88 миллиард теңге түскен.

Сондай-ақ былтыр республика­лық бюджетке 9 рет түзету енгізілген. Алайда мәселені ол да шеше алмаған. Қазір бюджет қаржысының 68,8 миллиард теңгесінің игерілмей қалғаны белгілі болып отыр.

Есеп комитеті –  елдегі қаржы­лық-экономикалық ахуалға бақылау жасап, реттеп отыратын институт. Омархан Өксікбаев басқарған кезеңнен бері бюджет қаржысының игерілмеуі тұрақты сынға алынып келеді. Сонау бір жылы, министр Арман Дунаевтың кезінде 52 миллиард теңге бюджет қаржысы­ның игерілмей қалуы үлкен әңгіме болған. Алайда проблема министрді орнынан тайдырумен ғана шектелді. Сол проблема күні бүгінге дейін ше­шілмей отыр.

Соңғы кезде республикалық Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата қылып қайта құру мәселесі көтеріліп жатыр. Себебі, бюджет қаржысының қолданылуын үздік­сіз тексеріп отыру керек, дейді мамандар. Есеп комитетінің құзыры шектеулі, ол бар-жоғы мемлекеттік органдардың шығындарына ғана бақылау жасай алады. Соған қа­рағанда, алдағы уақытта бюджеттің орындалуын бақылауға жауапты Есеп комитетінің өзінде біраз өзгеріс болатынға ұқсайды.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

1968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы