• Бизнес & Қоғам
  • 07 Шілде, 2022

Қандай тауарлар қымбаттады?

Экономикалық талдауларға сәйкес, әдетте, өткен айлар мен тоқсан, сосын жартыжылдық қорытындылары – аса маңызды кезең. Осы ретте мына  мәлімет те назар аудартады: 2022 жылғы маусымда жылдық инфляция 14,5 пайызды құраған. Бұл туралы статистика бюросы мынадай деректер келтірді, деп хабарлайды LS өз порталында.

Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметтерi бойынша осы жылғы маусымда азық-түлік тауар­ла­рының бағасы өткен жылғы мау­сым­мен салыстырғанда 19,2%-ға, азық-түлік емес тауарларға – 13,2%-ға, ақылы қызметтерге – 9,2%-ға өсіпті.

«Азық-түлік нарығында бiр жыл iшiнде бағаның ең көп өсуі құм­шекерге – 78,7%, қырық­қабатқа – 72,4%, басты пиязға – 69,3%-ға байқалды. Картоп бағасы­ның 9,8%-ға төмендеуі байқа­лып отыр», – деп хабарлайды ҰСБ.

Басқа өнімдерге келетін бол­сақ, ұн жыл ішінде 33,1%-ға, мака­рон өнімдері – 30,1%-ға, құс еті – 29,7%-ға, жарма – 28,5%-ға, қатты ірімшік – 26%-ға, ұн және нан өнімдері – 25,4%-ға және жаңа піскен жемістер – 25,3%-ға қым­баттаған.

Бұл ретте азық-түлік емес тауарлар бір жыл ішінде 13,2%-ға қымбаттағанын да атап көрсетеді Ұлттық статистика бюросы.

«Жеке пайдаланылатын та­уар­ларға баға деңгейі 23%-ға, жуу және тазалау құралдарына – 20,8%-ға, тұрмыстық аспаптарға – 19,7%-ға, құрылыс материалдарына – 18,6%-ға, жиһаз бен үй тұрмысындағы заттарға – 18,2%-ға, автомобильдерге – 15,1%-ға, ыдыс-аяққа – 13,9%-ға, тоқыма бұйымдарына –10,8%-ға өсіпті, фармацевтикалық өнім – 9%-ға артты», – деп ресми мәлімдейді мем­ле­кеттік мекемеде.

Ал ақылы қызметтердің бағасы бір жыл ішінде 9,2%-ға өсті, деп жалғастырады статистика бюросы.

«Баға деңгейі қоғамдық та­мақ­тану қызметтеріне 15,9%-ға, ден­саулық сақтау саласында – 14,7%-ға, санаторилерде – 13,7%-ға, кешенді демалысты ұйымдастыру – 13,2%-ға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтеріне – 12%-ға, қонақ үйлер қызметтеріне – 5,7%-ға өскен. Жолаушылар көлігі қызметі 4%-ға қымбаттады», – деп хабарлады статистика бюросы өз мәліметтерінде.

Бұдан басқа, тұрғын үй-ком­му­налдық қызметтер саласында тариф­тер электр энергиясына 7,5%-ға, қоқыс шығаруға – 2%-ға, тарату желі­лері арқылы тасымалдана­тын газға – 1,4%-ға өсіпті, ал орталықтан жылыту­ға – 2,3%-ға, ыстық суға – 0,9%-ға төмендеген.

Сонымен қатар инфляция жыл басынан бері (қаңтар-маусым) 10,5%-ды құрады. Азық-түлік тауар­лары бойынша – 15,7%, азық-түлік емес тауарлар бойынша – 8,4%, қызметтер бойынша – 5,3% құрап отыр.

Ал мамыр айындағы бағаның өсуі – 1,6%. Азық-түлік тауарлары бойынша – 1,9%, азық-түлік емес тауарлар бойынша – 1,9%, қызметтер бойынша – 0,8% құраған.

«2022 жылдың қаңтарынан бастап тұтыну бағаларының индек­сін құру кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%-ды, азық-түлік емес тауарлардың үлесі 30,2%-ды, ақылы қызметтердің үлесі 29,1%-ды құрады», – делінген бюро мәліметінде.

Осы ретте қаржылық тұр­ғыда бақуатты адамдар мен кедей­лердің қаражатына қарай қалай тамақтанатыны, бір айда кімнің қанша азық-түлік ішіп-жейтіні туралы мәліметтер таңқаларлықтай деңгейде екен.

Мәселен, тұрғындардың тұр­мыс деңгейі мейлінше молырақ қамтамасыз етілген 10%-ының ішінде бір қазақстандық айына 14 килограмм нан өнімдері және жарма өнімімен тамақтанса, оның мейлінше аз қамтамасыз етілген 10%-ы ішіндегі бір отандасы – 8,2 келі ғана аталған тамақты тұты­натын көрінеді.

Ет пен ет өнімдері бойынша айырмашылық 11,8 килограмға қарағанда 3,3 килограмды құраған, көкөністер бойынша (картоптан басқа) –9,3 килограмға қарағанда 3,5 килограмды, ал жұмыртқа бойынша – 26,3 данаға қарағанда 8,8 дана тұтынылады екен.

Төмендегі инфографикада бас­қа да өнімдер бойынша, сондай-ақ тағамдардың 2021 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 2022 жылдың I тоқсанына қаншалықты өзгер­гені туралы ақпарат көрсетіл­ген (инфографика).

ИСА ҚАМБАР

26643 рет

көрсетілді

9708

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы