• Бизнес & Қоғам
  • 07 Шілде, 2022

Бәрін айт та бірін айт немесе тағы да кооператив туралы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Тастан сарай салдырған өнер-білім бар жұрттардың да, қазіргі заманғы ғылым мен технология жетістіктеріне енді ғана қол жеткізе бастаған «үшінші дүние» елдерінің де ұлттық кодының қорғаны әрі рухани тірегі ауыл болып табылады. «Көк торғындай көктемде сағым қуған» ауылдың әлемнің барлық тілдеріндегі мағынасы егіз қозыдай: немісше дорфтың та, орысша деревня мен украинша хутордың да тарихи-семантикалық мәні  бір өрістен табылады. Индустриясы озық мемлекеттердің өзі аграрлық салаға молынан субсидия беріп, фермер­лік шаруашылықтарын қолдап-қуаттап отырғанына тоқталғанымыз оқырманның жадында болар.

Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин елімізде алғашқы ұжымдық шаруашылықтар құрыла бастаған кезде «Бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт» деп жазған болатын. Жалпы, еңбек және жер ресурстарын, өндіріс құрал-жабдықтары мен қаржы-қаражатты ортаға салып, біріге жұмыс істеу үрдісінің тарихы терең. Өткен жиырмасыншы ғасырдың басында капитализмнің дамуы және соған сәйкес тауар-ақша қатынастарының қарқын алуы және банктік капиталдың қалыптасуы нәтижесінде несие серіктестіктері мен кооперативтері өмірге келді. Жиырмасыншы жылдары «Қосшы» одағы ауылдың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Ұжымшар-колхоздардың да жағымды жақтары көп болды. Сөйтіп, «өткен күнде белгі бар» дегендей, аграрлық саланы қайта құрудың қазіргі кезеңінде бұрын соңғы отандық және халықаралық  шаруашылық тәжірибесіне үңіліп, таразыға тарту қажеттігі туындады. Өнім өндіру мен сатуды ұйымдастырудың, материалдық-техникалық ресурстармен және басқа да қызметтермен қамтамасыз етудің жай-жапсары егжей-тегжейлі қарастырылған «Өндірістік кооператив туралы» және «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңдар өмірге келді. Кейіндері аталмыш құжат тұжырымдары аграршы ғалымдар мен мамандар тарапынан дамытылды, атап айтқанда академиктер Кенжеғали Сағадиев пен Ғани Қалиевтің елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету,  бәсекеге қабілетті тауар өндірісін құру, ұсақ қожалықтар мен қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту,  агроөнеркәсіп кешеніне ақпараттық-кеңестік қолдау көрсету және ұжымдарды қаржылық демеу тетіктері туралы ұсыныстары ел басшылығы тарапынан қолдау тауып, іске асырыла бастады. Үстіміздегі жылдың басында тіркелген 3026 ауыл шаруашылығы кооперативіне мемлекет тарапынан көмек берудің барлық шаралары қолжетімді, соның ішінде жергілікті бюджет есебінен де жәрдем жасалады. Кооперацияны ынталандыру мақ­сатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін сатып алынатын техника мен жабдықтың құнын 50 пайызға дейін суб­сидиялауға басымдық беріліп, ыңғайлы норматив көзделген. Салық заңнамасында кооперативтер үшін барлық салықтар бойынша 70 пайыз жеңілдікті көздейтін арнайы тәртіп қарастырылған. Бұдан бөлек, ауыл шаруа­шылығы кооперативтері «Бәйтерек» акционерлік қоғамына  еншілес ұйымдар арқылы кредитке жеңілдікпен қол жеткізе алады. Мәселен, өткен жылы бұл ұжымдар 1,6 млрд теңге несие алды. Сөйтсе де көптеген кооперативтер қызметінің тиімділігі өте төмен деңгейде қалып отыр.  Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша олардың 18 пайызының жұмыс істемейтіні, ал 42 пайызының мемлекеттік субсидиялар алу үшін ұйымдастырылған жалған кооперативтер екені анықталды. Ауылдағы коопе­рацияның негізгі түйткілдері көп жағдайда өткен жылдардың теріс тәжірибесінен туындайды. Жергілікті жерлерде кооперативтер құру кезінде жіберілген қателіктер мен асыра сілтеушіліктер осынау ұжым түріне деген сенімге селкеу түсірді. Сонымен қатар кооперативтік модель тура­лы шаруалар хабардарлығының кемдігі, нормативтік-құқықтық актілердің жетілдірілмеуі де кесірін тигізді.  Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялаудың еліміздің барлық өңірлеріне ортақ түйткілді түйіндерінің бірі оларды жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету мәселесі болып отыр. Мәселен, Қостанай облысындағы  шаруа қожалығының төрайымы Гүлсім Бодықованың ақпарат құралына берген сұхбаты көңіл аударуға тұрарлық.  «Жайылымға жарымай отырған елді мекендер маңындағы жерлер жекеге жөнсіз берілген. Орасан зор көлемдегі ауқымды иеленгендер Қостанай халқын ашындырып отыр. Өйткені  не өздері игермейді, не өзгеге бермейді. Қой санын 800 басқа жеткізген Ертай Жәлелов сондайлардың кесірінен қазір шаруашылық көлемін шектеуге мәжбүр.  Тың жерлердің бәріне есепсіз түрен салудың соңы осылай жер тапшылығына әкелді», деп атап өткен болатын ашынған шаруа.

Халықаралық тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кооперативтер ауыл шаруашылығын дамыту негізіне айналғанын көрсетеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперативтері, әсіресе Еуроодақ елдерінде жоғары дамыған. Мұнда 22 мыңға жуық кооперативтік кәсіп­орындар 6,1 миллионнан астам мүшені біріктіріп, жылдық қаржы айналымы 347 миллиард еуро шамасын құрап отыр. Қазақстанда агрокешенді дамытудың осындай озық үлгілерді басшылыққа ала отырып жасалған 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасында ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуге басымдық беріледі, бұл мақсатқа жету үшін ірі инвестициялық жобалар төңірегінде 7 экожүйе құру көзделеді. Ал, мұның өзі қосылған құны жоғары  қазақстандық өнім өндіруге қатысатын 350 мың фермер және үй шаруашылықтарын іске қосуға мүмкіндік береді. Саланың жалпы өнімінің жартысына жуығы тиесілі жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту және  салық салуды жетілдіру мәселесі қарастырылып жатыр. Кооперацияны ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын қолға алу көзделіп, ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуді, сондай-ақ кооперативтер мен олардың мүшелерін ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету арқылы аграрлық білім таратуды  бюд­жеттік қаржыландыру жоспарланған.

2400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы