• Қаржы
  • 07 Шілде, 2022

Цифрлық экономика және қаржылық сауаттылық

«Астана» халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен маусымның соңғы күндерінде өткен V «Astana finance days» конференциясының негізгі күн тәртібі орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселелеріне арналды. Осы бас тақырып арнасында төлем индустриясы саласындағы жаһандық технологиялық компания – Mastercard-тың панельдік сессиясында сарапшылар Орталық Азия аймағында цифрлық экономиканы дамытуда бөлшек қаржының әлеуеті қандай деген сауалға жауап іздеді.

«Astana finance days – 2022» бесінші халықаралық конференция аясында қолма-қол ақшасыз экономиканы дамытудағы бөлшек қаржының әлеуеті тақырыбын төлем индустриясында жұмыс істейтін жаһандық технологиялық компания – Mastercard көтерді. Панельдік сессия барысында қар­жы және телекоммуникациялық нарықтардағы ірі ойыншылар мен сарапшылар халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы жалпы аймақ тұр­ғындарын цифрлық экономи­каға тарту жолдарын талқылады. Сондай-ақ аймақта жеке қаржыны басқару (PFM) қызметтерінің пайда болуы үшін инфрақұрылым мен әлеуетін дамыту, халық ішінде сатып алу және жинақтау әдеттерін қалыптастырудағы банк және телекоммуникация саласының рөлі сөз болды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметі хабар­лағандай, сессия жұмысының тізгіні Finmentor.kz директоры, оның негізін қалаушылардың бірі Арман Батаевқа берілді. Сарапшылар қатарында Kcell мобильді қаржы сервистерінің басшысы С.Коптик, ЦентрКредит банкінің басқарушы директоры П.Кравченко, Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Р.Трэпка, Jusan Invest басқарма төрағасы М.Кабанов, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Ж.Мамутов және Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Р.Омаровтар қатысты.

Сессияның күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған спикер­лердің бірі, Halyk Bank басқар­ма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутов қаржылық инклюзивтілік үшін дамыған банктік экожүйенің, нақты және сандық инфрақұрылымның болуының маңыздылығын атап өтті. Ол банктің өз клиенттерін жаңа қаржылық технологиялар мен қызметтерді пайдалануға үйрету, өкінішке орай соңғы уақытта жиі көрініс беріп жүрген түрлі алаятықтардан қорғап, сақтандыру, сондай-ақ phygital форматындағы филиалдар желісін және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қызмет көрсетуге бейімделген көпбейінді банкоматтар желісін дамыту бағытындағы жұмысы туралы айтып берді.

ЦентрКредит банкінің басқа­рушы директоры Павел Крав­ченко қаржылық сауаттылық банк стратегиясының негізгі элементтерінің бірі екенін айтты. Банктің мақсаты – клиентке кез келген операцияны өз бетінше жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасау. Спикер екі жыл ішінде 100 мыңнан астам жеткіншектің қаржылық сауаттылығын қалып­тастыруға мүмкіндік берген ба­лаларға арналған банк өнімдері, зейнеткерлік жастағы адамдарды цифрландыру және цифр­лық сауаттылыққа оқытудың апталық бағдар­ламалары туралы айтып, банктің жеке қаржы мен капиталды басқа­руға арналған жаңа өнімдер шығару жөніндегі жоспары жайлы баяндады.

Заманның қазіргі даму жағ­дайында қаржылық сауатты­лықты ерте бастан үйренген жөн. Осы ретте Jusan Invest басқарма төрағасы Максим Кабанов 10-16 жас аралығындағы балаларға ата-анасының қадағалауымен инвестициялау негіздерін үйренуге және өз бетінше қаржы жинақтауға мүмкіндік беретін Jusan Junior өнімдерінің мысалында ерте жастан қаржылық сауаттылыққа үйретудің өзектілігі туралы айтып, осы тұрғыда Jusan Bank-тің мектеп оқушыларымен жүргізіп отырған жұмысына тоқталды. Балаларды қаржылық сауаттылыққа үйрету барысында қажетті ақпаратты қызықты форматта, қарапайым тілмен жеткізудің маңыздылығын атап өтті.

Тұтынушылық несие, қарыз және жауапкершілік тақырыбы келесі спикердің сөзінде әңгіме болды. Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаров қатысушылар назарын әлеуметтік-жауапты несиелеу мәселесімен қатар, тұрғындардың несиені мерзімінде өтей алу мүмкіндіктерін шынайы бағалауы үшін әркімнің қарыз алуға жауапкершілікпен қарауы қажеттігіне аударды. Ол кем дегенде жарты жылда бір рет жеке несиелік есептерді тексеруді ұсынды және банктерді бұл ақпаратты банктік қосымшалар арқылы клиенттерге қолжетімді етуге шақырды.

Kcell мобильді қаржы сервис­терінің басшысы Сергей Коптик ауқымды деректер көлемі мен кең жолақты интернет желісі телекоммуникация операторларына тіпті ең шалғай елді мекендердегі адамдар үшін қаржылық қызметтер мен онлайн төлемдердің алғашқы тәжірибесіне тең қол жеткізуге мүмкіндік бергені туралы айтып берді. Сонымен қатар Mastercard-пен бірге қолжетімді бағдар­ламасы бар кобрендтік карталарды, төлем­дерді, аударымдарды, банктік де­позиттерді, несиелерді және т.б. қамтитын толыққанды необанктік қызметтер кешені OGO Bank іске қосылғаны туралы хабарлады.

  Бөлшек қаржы туралы айтқанда, бүгінгі таңда өмірімізге кеңінен еніп жатқан технологиялар туралы айтпай кетуге болмайды. Осы орайда Mastercard-тың Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка бұл сессияны АХҚО Tech Hub-мен бірлесіп өткізудегі басты себеп – компания үшін әрбір адам және әрбір бизнес пайда көре алатын тұрақты және инклюзивті экономиканы құрудың аса маңыздылы­ғында екенін атап өтті. «Жаһандық технологиялық компания ретінде біз барлық қатысушылар, яғни мемлекет, бизнес және қоғам үшін өздерінің ең үлкен әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетін инновациялар мен шешімдерді ұсынамыз. Біздің миссиямыз – қауіпсіз, қарапайым, технологиялық және қолжетімді транзакцияларды қамтамасыз ету, барлығына және барлық жерде артықшылық беретін цифрлық экономиканы дамыту және нығайту. Mastercard-та біз серіктестіктер арқылы шын мәнінде алға жыл­жуға, әсер етуге және қоғамда оң өзгерістер жасауға болатынына сенеміз», – деді Орталық Азиядағы бас директор Рафал Трэпка.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының миссиясы – иннова­циялық қаржылық өнімдер мен қызметтерді ынталандыру арқылы аймақтың тұрақты дамуына үлес қосу. Осы ретте АХҚО әкімшілігі басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Қалиев орталық әрқашанда финтех нарығының өкілдерімен диалог жүргізетінін, олардың арасында қаржы және телекоммуникация­лық секторлар корпорациялары белсенді рөл атқаратынын айтты. «Орталық Азия аймағындағы ең ірі қаржылық конференциялардың бірі – Astana finance days бүгінгіде күн тәртібіндегі маңызды мәселелер, уақыт алға тосқан тың тақырыптар ортаға түсіп, талқыланатын беделді алаңға айналғанына қуаныш­тымыз. Біз, міне, осы алаңдағы басқосудың арқасында ірі нарық ойыншыларының қаржылық инклюзивтілікті арттыру, бөлшек қаржы тұтынушыларының цифр­лық сауаттылығын, қаржылық саламаттылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы тех­нологиялық шешімдері туралы естіп-біліп, жаңа әзірлемелерімен таныстық», – деді Қ.Қалиев.

Орталық Азия аймағында қолма-қол ақшасыз экономиканы дамы­тудағы бөлшек қаржының әлеуеті тақырыбы талқыланған «Astana finance days – 2022» ха­лық­­аралық конференциясы па­нель­дік сессиясының жұмысын қорытындылй келіп, қатысушылар қаржылық инклюзивтілік, қаржы­лық сауаттылықты арттыру және бөлшек қаржы тұтынушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – нарықтың барлық қатысушыларына ортақ міндет деп түйіндеді.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

1436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы