• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 07 Шілде, 2022

Әлеуетті арттыруға тың шаралар бағытталады

Сейсенбіде премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру болды. Сонымен қатар жиында мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Үкімет басшысы биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты, бұл 138 мың отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. 5 айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй (өткен жылмен салыстырғанда 103,4%) пайдалануға берілген.  «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірледік. Ол бірінші кезекте, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – Отбасы банкі», – деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері туралы мәлімдеді. Онда арендалық төлемді субсидиялау және ауылдық жерлерде тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары бар. Биыл жаңа механизмдер есебінен 70 мың азаматқа үйді жалға алу үшін субсидия беру және ауылдық жерлерде 2,8 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Министрлер кабинетінің басшысы тұрғын үй-коммуналдық саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмысқа назар аударды. Атап айтсақ, «Е-Құрылыс» және «Е-Шаңырақ» жүйелері, сондай-ақ Қала құрылысы кадастрының порталы арқылы тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректердің бірыңғай есебі енгізіліп жатыр. Жалпы, Ә.Смайыловтың айтуынша, тұрғын үй саласындағы тәсілдерді топтастырып, бір ретке келтіру үшін Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау жұмыстары басталып кетті.

Отырыста баяндалғандай, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі биылғы 6 айда тұрғын үй құрылысы саласында лайықты нәтижелерге қол жеткізді. Облигацияларды сатып алу механизмі арқылы несиелік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктер жалпы сомасы 126,4 млрд теңге қаражат ұсынды. Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін 162,2 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың облигациялары сатып алынатын болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа жалпы сомасы 649,7 млрд теңгеге жеңілдікпен 38,9 мың қарыз берілді. Отбасы банкі жүйесінде 1,89 трлн теңгеге 2,39 млн келісімшарт жасалған. Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша 589 мың шаршы метр тұрғын үй, жалпы сомасы 97 млрд теңгеге 15 жоба кепілдендірілді. Бұл 7 мың азаматтың салымдарын қорғауға мүмкіндік берді. Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 170 мың шаршы метр тұрғын үй жобасы мақұлданды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатыр. Бүгінде Отбасы банк 6 мыңнан астам өтінімді мақұлдаған. Өтінім беру процесі автоматтандырылған, otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық ЭЦҚ арқылы субсидиялауға өтінім бере алады. Қазір қаралып жатқан өзгерістер әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс және ақылы қызмет көрсету туралы шарт бойынша кіріспен қатар табыс ретінде есептеліп отыр. Дәл осы себеппен бағдарламаның 1000-нан астам қатысушысының өтініші қабылданбады. Осыған байланысты, бүгінгі таңда тиісті құқықтық актілерге әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды табыс санатынан алып тастау бойынша өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл бұрын осы себеппен өтініштері қабылданбаған азаматтарға қайтадан өтінім беріп, субсидия алуына мүмкіндік береді. Осы бағдарламаны іске асыру аясында қаражатты уақытылы аудару мақ­сатында жергілікті атқарушы орган­дармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға нақты тапсырма берді. Мысалы, тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер бойынша заң жобасының барлық ережелерін Парламентпен сапалы әрі жедел пысықтау керек. Қажетті дерекқорлармен толыққанды инте­грациялап, тұрғын үй сала­сын­дағы барлық ақпараттық жүйелерді іске қосу жұмыстарын аяқтау керек. Сондай-ақ бас­панаға мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақса­тында тұрғын үй және инже­нерлік инфрақұрылымның жос­пар­­ланған көлемін уақытылы іске қосу үшін шаралар қабылдау қажет.

Бұдан соң жиында  мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Үкімет басшысы мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтті. Тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып, мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасыларының табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдетуді тапсырды. Биылғы жылдың басынан бері мүгедектікті сырттай белгілеудің пилоттық жобасы бүкіл республика бойынша кеңейтілді. Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталының арқасында техни­калық құралдар мен емдік-сауықтыру қызметтерін алу мерзімі 8 айдан 30 күнге дейін қысқарды. Биылғы жылдың соңына дейін 17 ерте оңалту-араласу орталығы ашылады. Олар жаңа туған нәрестелердегі патологияны дер кезінде анықтауға және емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірлерде мүгедектігі бар адамдарға арналған 12 сауықтыру орталығын салу жұмыстары жүруде. Бұл әлеуметтік қорғау жүйесінде қосымша 25 мың адамды емдік-сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов бұл бағытта бірқатар тапсырмалар беріп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдаудың кешенді шараларын іске асыруды жалғастыру қажет екен айтты. Біріншіден ЕХӘҚМ Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірге сырттай куәландыруды енгізу үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау және Әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруы керек. Екіншіден, өңір әкімдіктері жыл соңына дейін мұқтаж адамдарды техникалық құралдармен және сауықтыру қызметтерімен қамту көрсеткішін 90%-ға және 2023 жылдың соңына қарай 100%-ға жеткізуі керек. Мүгедектігі бар адамдарды күндіз қабылдайтын бөлімшелер желісін кеңейтіп, әлеуметтік қызмет көрсететін шағын үйлер құру қажет. Үшіншісі, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге науқастарды ертерек диагностикалауға және мүгедектіктің алдын алу үшін ерте оңалтуға ерекше назар аударуы керек.

Премьер-министр барлық мүдделі мемлекеттік орган­дарға әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу және қолжетімді ортаны қалыптастырудың ұлттық бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды. Ол Үкіметтің міндеті – мүгедектігі бар адамдар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру екенін, сондықтан олардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері министрлер мен әкімдердің ұдайы бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы