- Цифрлы Қазақстан
- 21 Шілде, 2022
Сандық платформадағы қызметтер қолжетімді болмақ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының коммерциялық қызметтері, соның ішінде жер учаскелерін рәсімдеу бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.
Енді бұл қызметтер Қазақстандағы барлық ХҚО-ларда көрсетілетін болады. Азаматтар өздерінің барлық өтінішін бақылау мен есепке алуды қамтамасыз ететін бэк-офистермен тығыз байланыста болмауы жаңалық болып отыр. Кез келген клиент өз қалауы бойынша жеке менеджердің көмегіне жүгіне алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы жерге орналастыру жобасын әзірлеуден бастап жер учаскесіне акті дайындауға дейін құжаттарды рәсімдеудің толық циклын көрсетеді. Жерді рәсімдеу бойынша Алматы қаласында ең сұранысқа ие қызметтер – жер жобаларын жасау, жер учаскелерінің шекараларын белгілеу, жер учаскелерін көлденең және биіктікте түсіру, ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу, аэрофототүсірілім жұмыстары, жер-кадастрлық құжаттардың көшірмелерін беру және басқа да қызметтер», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Кулдашов.
Бүгінде Қазақстанда жер кадастры бойынша коммерциялық қызметтерді 253 ХҚО-да алуға болады.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әлеуметтік салада проактивті қызметтерді белсенді түрде енгізуді жалғастырып келеді. Бұл форматтың арқасында клиенттер ХҚО-ға бармай-ақ, SMS арқылы бірнеше жәрдемақыны рәсімдей алады.
Әлеуметтік саладағы ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі – бала туу және оның күтімі бойынша төленетін жәрдемақыларды ресімдеу. Бала өмірге келгеннен кейін оның анасына жәрдемақы бойынша өтініш беру үшін SMS-хабарлама келеді. Бұл хабарламаға оң жауап беріп, жәрдемақы төленетін банктің шот нөмірін көрсету керек. Ары қарай бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақылар проактивті түрде ресімделетін болады. Еске салайық, осы қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу керек.
Осылайша, 2022 жылдың бес айында бала туу және бала күтімі бойынша 152 298 мың жәрдемақы белсенді түрде ресімделді, бұл 2021 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есе көп (66 894 мың).
«Бүгінде Алматы қаласында бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы алушылар – 3153-ті құрайды. Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызмет түрінің бәріне электронды түрде онлайн өтініш беруге болады. Болашақ аналар Халық, Каспий банк бағдарламалары арқылы да бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақыға құжат тапсыра алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанова.
Айта кетейік, бала туу бойынша жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты. Бірінші, екінші және үшінші баланың тууына байланысты жәрдемақы – 120 840 теңге (2022 жылы 38 АЕК), одан кейінгілеріне – 200 340 теңге (63 АЕК) болады.
Баланың бір жасқа толғанға дейінгі (босанғаннан кейін) күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем жұмыс істейтін әйелдерге ғана тағайындалады. Төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа да байланысты болады.
Төлемді есептеу үшін кейінгі 2 жылдағы орташа айлық табысты 0,4-ке көбейтіп, зейнетақы жарналарының 10 пайызын ұстап қалу қажет. Орташа айлық табыс 24-ке бөлінген кейінгі 2 жылдағы барлық ай сайынғы кірістердің сомасы ретінде есептеледі.
Бұл ретте табысынан айырылған жағдайда баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің қырық пайызынан, ал әлеуметтік төлемнің ең төмен мөлшері – бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмауға тиіс.
САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

16416 рет
көрсетілді0
пікір