• Бизнес & Қоғам
  • 30 Қараша, 2012

Ауқымды жұмыстарға жол ашты Мақпал САҒЫНДЫҚ

Жуырда Алматы облысының әкімі Аңсар Тұрсынханұлы Мұсахановтың қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылған болатын. Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерін айтулы күнімен құттықтап өткен облыс әкімі өз сөзінде: «Бұл – сіздердің жыл бойғы адал еңбектеріңізді, атқарған істеріңізді саралап, алдағы міндеттерді межелейтін шақ», - дей келе ауыл шаруашылығы саласының мамандарын қунышты күндерімен құттықтады.

Қазіргі таңда Алматы облысы халқының 77 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Сондай-ақ, тұрғындардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді.

Биылғы жылы агроөнеркәсіп кешені саласына қазынадан бөлінген қаржы былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5 млрд теңгеге артып, жалпы көрсеткіш 18,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштің нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласын жақсы көрсеткіштермен аяқтап, жыл соңына таман 304 млрд теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде. Агроөнеркәсіп саласындағы қолайсыз жағдайларға қарамастан, биылғы жылы облыста 1 млн 62 мың тонна астық жиналды. Мал мен құстың саны, олардан өндірілген өнім көлемі орта есеппен 2,1 пайызға артқан. Қайта өңдеу саласында шикізат даярлайтын нысандарды ашу бағытында міндеттелген жұмыстар өз бағыты бойынша жүзеге асуда.

Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2016 жылға дейін фермерлік шаруашылықтарға 18,2 мың аналық бас және репродуктор шаруашылықтар құру үшін шетел селекциясынан 6100 бас етті бағыттағы асыл тұқымды мал сатып алу жоспары қарастырылған. Сондай-ақ, жалпы қуаттылығы 12 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңдарын іске қосып, экспортқа 8700 тонна сиыр етін шығару міндеті тұр.

            Кездесу барысында облыс әкімі Аңсар Мұсаханов қайта өңдеу саласының қызметіне де тоқталып өтті. Осы сала қызметін халықаралық сапа стандартына сәйкестендіру, тұтыну кооперативтерін құру, негізгі тамақ өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті қысқартып, экспорттық әлеуетті іске асыру, маркетингтік және сауда-саттық инфрақұрылымы мен логистиканы дамытуға қолдан келгенше еңбектену керектігіне тоқталып өтті.

            Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында үлкен міндеттерді жүктеп отырғандығы мәлім. Солардың ішінде  2015 жылға дейін саладағы еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру жұмысы болмақ. Бұл мақсатта, аталған мерзімге 436 млрд теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Аңсар Тұрсынханұлы егін шаруашылығында жүзеге асуы тиіс бірқатар бағыттарды атап өтті:

- Озық технологияларды кеңінен енгізу, оның ішінде ылғал сақтау технологиясын қолдану көлемін 128 мың гектарға және тамшылатып суаруды 5 мың гектарға жеткізу;

- Ауыл шаруашылығы мақсатында игерілмей жатқан 381 мың гектар жерді кезең-кезеңімен айналымға енгізу, жердің құнарлылығын арттыру, суару жүйелерін жаңғырту;

Атқарылар маңызды жұмыстар ішінде  2000 гектарға жаңадан алма бақтары мен 250 гектарға жүзімдік отырғызу, жоғарғы технологиялы жылыжай кешендерінің жалпы алаңын 70 гектарға жеткізу мәселелері қарастырылған.

- Жоғарыда аталған осы міндеттерді жүзеге асырған жағдайда ғана Кеден одағы шеңберінде, сондай-ақ, Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына мүшелікке өтер алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген жаңа стратегиялық мақсаттардың мүддесіне шығуға үлкен мүмкіндік бар. Осылайша, біз облысымызды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, Алматы қаласын да қамтуға әлеуетіміз артпақ, - деп облыс әкімі кездесуді қорытындылады.  

385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы