• Мәдениет & Спорт
  • 21 Шілде, 2022

Сырға толы фотокартиналар көрмесі

Жақында Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі Игорь Александрович Вовнянконың 80 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты естелік фотокартиналар көрмесі ашылды.

Игорь Вовнянко 1942 жылы Алматыда дүниеге келген. 1968 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының операторлық факультетін бітірген. Қоюшы-оператор, қоюшы-режиссер және сценарий авторы ретінде 30-дан астам кинокартина түсірген. Вовнянконың театрлық пьесалары ұзақ жылдар бойы еліміздің жетекші қазақ театрларының сахнасында сәтті қойылған. 10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан кинематографистер одағын басқарды. Ол Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (1985), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998), тәуелсіз «Тарлан» (2006) және Домбровский атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты (2007).

И.Вовнянко қазақ кино саласына алпыс жылдан аса ғұмырын арнаған. Ол қатардағы операторлықтан бас­тап, қоюшы-режиссер, кейін сценарий авторы ретінде ондаған көркем фильмдерді түсіріп, қазақ киносының алтын қорына заңды түрде енген деректі кино туындыларының сериясын жасап шығарды. Сонымен қатар «Қазақстанның этно-сәулет және ландшафтық мәдениетінің антологиясын» қалыпқа түсіріп, туған ел туралы бірегей фотоматериалдарды жинақтады. Еліміздің табиғи және тарихи қазынаға бай жерін сүйіспеншілікпен зерделеп, фотопленкасына тартқан. Шөл мен сәулет, жануарлар мен ағаштар, дала мен таулар бейнесі келушілерге таңғажайып әсер сыйлады.

Иә, Қазақстан табиғаты керемет, тропиктер мен субтропиктерді қоспағанда, барлық климаттық аймақ­тар қамтылған орасан зор ел болса, бұл жерде ежелгі мәде­ниеттің іздері сайрап жатыр. ЮНЕСКО қорғауына алған Тамғалы тас шатқалында орналасқан қор­ғандар мен жартастағы суреттер-петроглифтерді автор керемет суретке түсірген. Туристерге ежелгі қа­лалардың құпияларын ашып, елі­міздің қай жері болмасын Азияның жанын айқындап көрсеткендей, дейді көрмеге қатысушылар. Игорь Вовнянко бүкіл елді аралап, Қазақстан­ның түкпір-түкпірінен жүздеген фотосуреттер түсірді. Оның суреттерінде дәуірлер мен жыл мезгілдері, ежелгі дәуірден қазіргі урбанизацияға дейінгі сәулет туындылары бар. Мұнда ежелгі петроглифтердің, құм мен тас шатқалдардың, қар басқан таулар мен күзгі түске боялған тоғайлар бейнеленген.

«Менің Қазақстаным» фото­көрмесі 10 жыл бұрын Астана, Алматы, Талдықорған және Парижде (Франция) сәтті өтті. Бүгін автордың 80 жылдығына орай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер му­зейі мен Қазақстан кинематографистер одағы Игорь Вовнянко­ның шығармашылығына құрмет көрсете отырып, оның фотокартиналары алыс-жақын шетелдіктер мен өзіміздің отандастарымызға Қазақстанның этно-сәулет және ландшафтық мәдениетінің кең палитрасымен танысуға мүмкіндік берді.

Мерейтойға байланысты еліміздің «Ел Арна» телеарнасынан «Дом у соленого озера» көркем фильмі (сценарий авторы және қоюшы режиссер өзі) және «Мой КиноТеатр» деректі фильмі көрсетілді.

Фотокартина көрмесі осы айдың жиырма сегізі күніне дейін жал­ғасады.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы