• Азық-түлік белдеуі
  • 21 Шілде, 2022

Азық-түлік қауіпсіздігі – басты назарда

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Күрделі халықаралық ахуал жағдайында азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігі еселеп артуда. Әлемдік азық-түлік бағасының өсуі қазірдің өзінде 34 пайызға жетті. Бидай бағасы 47 пайызға, жарма 18 пайызға қымбаттады. Құрғақ ауа райына байланысты Еуропалық одақ, АҚШ, Канада және басқа елдерде шығымдылықтың төмендеуі күтілуде. Осының аясында Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісі өсу қарқынының баяулауы байқалады. Сары май өндірісі 12 пайызға, өңделген сүт 7,5 пайызға, қант 5,5 пайызға, ірімшік 3 пайызға төмендеді. Бұл ретте импорт көлемі 22 пайызға, мұның ішінде сүт импорты 17 пайызға өсті.

Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігінің орта мерзімді жоспары әзірленгенімен, нақты әрекеттер жақсы тілектермен алмастырылғанын айтқан болатын. Енді, міне, білек сыбана іске кірісер кезең туды. Өйткені, дамыған агроөнеркәсіп кешенінсіз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Қолда бар қаржыландыру көздерін барынша пайдалану қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаппай жаңарту, отандық агротехниканы сатып алудың жеңілдікпен несиелеу тетігін енгізу маңызды. Сол арқылы кәсіпорындардың техниканы жаңартуына көмектесуге болады. Тағы бір мәселе – біздегі өсімдік өнімділігі әлемнен әлдеқайда артта қалды. Біз импорттық тұқымға қатты тәуелдіміз. Өзіндік тұқыммен қамтамасыз ету бар болғаны 51 пайызды құрайды. Картоп, қант қызылшасы сияқты дақылдар үшін бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды. Тығырықтан шығудың бір жолы пилоттық шаруашылықтар негізінде бастапқы тұқым шаруашылығын дамытуда жатыр. Өнімділік пен шығымдылық көп жағынан алғанда агротехнологияларды сақтауға байланысты екені түсінікті. Отандық тыңайт­қыштар нарығы көп жағынан импортқа тәуелді бол­ғандықтан, шаруалар жоғары құнына байланысты егінге қажетті тыңайтқыштың төрттен бір бөлігін ғана сіңіреді. Шығымдылықтың кемдігі гектар берекесінің төмендеуіне, сөйтіп, алынған аз ғана өнім бағасының өсуіне себепкер. Ал, импорттың жыртыққа жамау бола алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Тиісті мекемелер келесі жылы импорт үлесі қазір 40 пайыз болып отырған құс еті, 44 пайыз шұжық өнімдері, 60 пайыз балық, 50 пайыз ірімшіктер мен сүзбе, 60 пайыз қант бойынша азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізілетінін хабарлағанымен, жағдай басқаша. Қазір қант зәрулігі жоғары болып отыр. Салада орын алған түйткілдер әлі тарқатылған жоқ. Мысалы, бұрын Алматы және Жамбыл облыстарында пайдалануға берілген жеті қант зауытының бүгінде тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр, олардың үштен бірі ғана жүктелген. 2026 жылға қарай қызылша қантының үлесін 6 есеге арттыру жоспарланғанымен, соңғы төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарды. Импорттық қантқа тәуелділік 90 пайызға тақады. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отырғандықтан, тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеп, импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету, өзін-өзі қамтамасыз етуге кезең-кезеңмен көшу талап етіледі.

Қазіргі таңда инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бұл ретте азық-түлік инфляциясының деңгейі 19,2 пайызға жетіп, тамақ өнімдері бірден 80 пайызға қымбаттады. Баға өсуін тоқтатудың бюджеттен қосымша қаражат бөліп, жасанды түрде реттеу тәсілі тиімсіз болып шықты. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде керісінше болуы керек. Егінжай мен фермалардан алынған өнімнің дүкен сөрелеріне делдалсыз түсуі арқылы бағаны кемітуге болатыны жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Сауда жүйе­сінде көлеңкелі экономика ең жоғары деңгейге – 40 пайызға ие. Алыпсатарлық, бағаны қолдан өсіру, жасанды тапшылық жасау фактілері жиі кездеседі. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті мекемелер алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық. Сондықтан да ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен өнімді алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Көтерме сауда орталықтары желісі бар ұлттық тауар тарату жүйесін мүдделі инвесторларды тарта отырып іске қосу да кезек күттірмейтін шаралардың бірі болып табылады. Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату. Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көкейтесті мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмай отыр. Әрине, мұның бәрі біртіндеп ретке келетіні рас. Сондықтан фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеп, шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беру керек. Мұндай жағдай олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады. Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету де өте маңызды мәселе болып табылады. Сондай-ақ өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагер-делдалдар санын азайту қажет, бұл үшін ең алдымен тиісті заңна­малық шараларды жедел түрде қабылдаған жөн. Өнім экспорттау жөніндегі шешімдер тауар балансын есепке ала отырып қабылдануы тиіс. Басқаша жағдайда бұл не тапшылыққа, не қажетті тауарлар өндірісі тар­тымдылығының төмендеуіне әкеледі. Нәтижесінде мұндай шаралардың тиімділігі күрт кемиді. Сондықтан да негізгі тауарлар балансын қалыптастыру ережесін бекітіп, мониторингтің бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу өнім балансы туралы сенімді деректерге ие болуға мүмкіндік береді.

438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы