• Өндіріс тынысы
  • 21 Шілде, 2022

Жетпіс жыл жетекші тұғырда

Сонау 1952 жылдың маусымында Өскемен өнеркәсіп алаңында алғашқы қорғасын алынды. Осы оқиғамен Қазақстанның металлургия өнеркәсібі даму тарихының жаңа беттері ашылды. Қорғасын өндірісінің көшбасшысы бүгінде заманауи жасақтамасымен, озық технологияларымен кең танымал.

Полиметалл кендерінің орасан зор қорлары, оларды қайта өңдеу қуаттарының болуы Ұлы Отан соғысының қызған шағында «Электроцинк» зауытын Орджоникидзе қаласынан Өскеменге эвакуациялау шешімін айқындады.

Қазақстанда алғашқы мырыш электролит зауытының құрылысы басталды. Соғыстан кейін фашистік Германиямен болған репарациялар есебінен онда Магдебург мырыш зауытының су жаңа жабдықтары көшірілді. 1947 жылы Өскемен мырыш зауыты алғашқы металл құймаларын берді. Зауыт Кеңес одағы түсті металлургиясының ең қуатты кәсіпорындарының бірі – қорғасын-мырыш комбинатын құруға негіз болды. Осы сәттен бас­тап қалада металлургия өнеркәсібі, құрылыс, энергетика салалары қарқынды дами бастады. Сөйтіп, түсті металлургия ортасы – Өскемен 1952 жылдың 25 маусымында қорғасын-мырыш комбинатының маркасымен алғашқы металл алынған балқыту пешінің лентасын салтанатты түрде қиды. Зауыт «Гипроцветмет» Мәскеу институтының жобасы бойынша жедел қарқынмен салынды. Көп ұзамай өндірістің жалпы қуаты 200 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. 90-жылдары кәсіпорын мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін көптеп қоса өндіре­тін интеграцияланған ірі мырыш өндіруші Kazzinc компаниясының құрамына кірді. Жаңа серпінмен өндіріс түбегейлі жаңарып, зауыт осы саладағы үздіктердің бірі болып қала берді. Қорғасын зауыты құрылғалы бері әлемнің ешбір жерінде қолданылмаған заманауи жабдықтарымен, технологияларымен ерекшеленді. Өзіндік позициясын жоғалтпаған компания елімізде қорғасын өндірісі бойынша бірінші орында. Зауыт жылына бұл металдың 150 мың тоннасын шығарады.
Қорғасын өндірісі бір уа­қытта концентраттардың 12 тү­ріне дейін өңдейді және оның соңғы өнімі титулдық қорғасын ғана емес. «Қазмырыштың» өзге бөлімшелері үшін дайын өнім мен металға бай шикізаттың бірнеше түрі шығарылады. Қорғасын зауытының басты басымдығы – оның экологиялық тазалығы. Атап өткенде, 2012 жылы онда ауқымды жаңғырту жүргізілді, күкірт диоксиді шығарындыла­рын азайту үшін өндіріске жаңа Isasmelt технологиясы енгізілді. Жаңалық газдарды тиімді өңдеуге және оларды тауарлық өнімге – күкірт қышқылына айналдыруға мүмкіндік берді. Isasmelt технология­сы балқыту жабдығының абсолютті герметикалығымен және сонымен бірге толығымен кәдеге жаратуға болатын жоғары концентрациялы газдардың шағын көлемін алуымен ерекшеленеді. Қорғасын зауытында ауадағы шаң да жоғалмайды. Шаң жинау бөлімінің қызметкерлері сағатына үш миллион текше метрге дейін ауаны тазартады. Бұл толықтай өндірістің жоғалуын болдырмайды. Яғни, алынған шаң қайтадан пештерге жіберіледі. Қорғасын өндірісін қайта құру қауіпсіздік пен еңбек өнімділігін арттыруға, қызметкерлер үшін жағдайды жақсартуға ықпал етті, энергия сыйымдылығын тө­мен­детуге, қайталама шикізатты ауқымды қайта өңдеуді жүргізуге, сонымен бірге экологиялық көрсет­кіштерді жақсартуға мүмкіндік берді.
«70 жыл ішінде қорғасын зауыты тиімді, заманауи және эко­логиялық таза өндіріске айналды. Әрине, бұл нәтижеге өз ісіне шексіз берілген металлургтеріміздің кәсіби шеберлігінің арқасында жетіп отырмыз. Шетелдік әріптестер біздің тәжірибемізді бірнеше рет қабылдады. Қорғасын зауытын алда талай жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін», – дейді «Қазмырыш» металлургия жөніндегі атқарушы директоры, Өскемен металлургия­лық кешенінің басшысы Тұрарбек Әзекенов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ 

798 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы