- Қаржы
- 21 Шілде, 2022
АЙСБЕРГТІҢ БАСЫ КӨРІНДІ

Арнаулы комиссия 230 миллиард теңгені елге қайтартып жатыр
Қайтқан малда қайыр бар деген, ұрлап, тонап, шетел асырылған қаржы ептеп қайтарыла бастады. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия Қайрат Сатыбалды, Гүлмира Сатыбалды және Қайрат Боранбаевтың қылмыстық істеріне қатысты тұлғалардың мемлекетке миллиардтаған қаржыны қайтарып бергені туралы мәлімдеді.
Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев және атышулы «ӨКМ Операторына» («Оператор РОП») қатысты тергеуден бірқатар ақпарат жарыққа шығып жатыр. Бұл істер бойынша 230 миллиард теңге қайтарылған. Оның ішінде шетелден келген қаржы да бар: Люксембургтегі есеп-шоттарынан 170 миллион долларды өз еріктерімен қайтарыпты.
Биыл 5-маусымда Президенттің жарлығымен Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрылғаны белгілі. 14-шілде күні Бас прокуратурада комиссияның ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Нәтиже жаман емес. Активтер ел қазынасына қайтарылып жатыр. 18-шілде күні Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия арнаулы мәлімдеме жасады. Соның ішінде «Қазақтелеком» мен «Көліктік сервис орталығы» компанияларының мүлкін ұрлау туралы істер бойынша тергеу органдарының 36 миллиард теңгені өндіргені айтылды.
Ал Гүлмира Сатыбалдының тікелей қатысы бар делінген «ӨКМ Операторы» («Оператор РОП») бойынша 180 миллиард теңгені ұрлау әрекеті тоқтатылып, («ӨКМ Операторы» ЖШС шотынан «Жасыл Даму» АҚ-ның (мемлекеттік ұйым, «ӨКМ Операторы» ЖШС акцияларының 100%-ына иелік етеді) шотқа аударылды, оның шамамен 100 миллиард теңгесі жеңілдікті автонесиелеуге бағытталмақ. «ӨКМ Операторы» («Оператор РОП») ЖШС құрылтайшысы Шынар Мұқтароваға іздеу жарияланды, оның жасырынған жері туралы ақпарат бергендерге 12 миллион теңгеге дейін сыйақы қарастырылған. Компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко тергеу изоляторында отыр.
Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу барысында 11,3 миллиард теңге өтегенін хабарлады. Мамыр айында Боранбаев Ресейдегі McDonalds желісін сатып алмақ болған. Негізінен Қайрат Боранбаев – пайдалы қазбаларды өндіру, өнеркәсіптік өндіріс, газ саласы, вакцина өндірісі, онкологиялық орталықтарды салу, фастфудтар мен премиум девелопмент желісін дамыту салаларындағы ондаған қазақстандық компаниялармен байланысы бар бизнесмен, Дариға Назарбаеваның құдасы. Бизнесмен активтерінің ішінде Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығы, «Алмалы» және Esentai Tower бизнес-орталығы, McDonalds мейрамханалар желісі, Алматының тау бөктерінде салынып жатқан қонақ үйлер мен фитнес-орталықтар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және т.б. бар.
Сонымен, айсбергтің су бетіндегі басы көрінді, яғни ұрланып шетел асырылған қаржының, оннан бір ме, жүзден бір ме, әйтеуір, белгілі бір бөлігі қайтарылды. Ұлы денесінің де қайтып келетініне сенейік.
Еске сала кетелік: биыл 13-наурызда Қайрат Сатыбалдыұлы тұтқындалды. Ал 17-наурызда Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың ұсталғанын мәлімдеді. Агенттік квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге арналған қаражатты ұрлады деген күдікке ілініп,16-наурызда ұсталған болатын.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен Біріккен араб әмірлігінен шамамен $3 миллион қайтарылған (әңгіме Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары туралы болып отыр).
«Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу барысында «Қазмұнайгаз» компаниясына шамамен 11,3 миллиард теңге өтелді. Жамбыл облысында «ТаразЭнергосбыт» мемлекеттік ұйымына сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс аясында 2,2 миллиард теңге өтелді» дейді Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия.
«Олимп» букмекерлік кеңсесінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген $5,5 миллион және 200 мың еуроны Ұлттық банкке аудару жұмысы жалғасып жатыр. Бұдан басқа, Қапшағай қалалық сотының 95 миллиард теңгеге залал келтірген осы букмекерлік кеңсенің басшысын қоныс-колонияға ауыстыру (ұстау шарттарын жеңілдету) туралы 6-маусымдағы қаулысының күшін жою туралы жеке өтінішхаты енгізілді.
Мемлекет пайдасына бұл іс бойынша 3,6 миллиард теңгеге жуық қаржы тәркіленген (төрт ұшақ, бес жер учаскесі, 15 автокөлік, Алматыдағы 30 жылжымайтын мүлік объектісі – тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар және т.б.).
11-шілдеде Шығыс Қазақстан облысында бизнесмен Анатолий Балушкинге қатысты іс бойынша (БИПЭК компаниялар тобының халықаралық іздеудегі акционері) сотқа 77 жылжымайтын мүлікті (оның ішінде «Рахман қайнары», «Нұртау» және «Фортуна порты» демалыс базаларын) және 1 мың жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жіберілді. Ол 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде 20 миллиард теңге ұрлады деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтері бойынша, бұрынғы Бас директор автомобильдерді кәдеге жаратудың артық құнын белгілеген. Шығыс Қазақстанда сонымен бірге Виктор Храпуновтың 8 жер телімі тәркіленіп, қайтарылатын болды.
Өзге де компаниялардың акциялары, құнын төмендетіп жеке қолға сатып, иеленіп алынған ғимараттар, жер телімдері ақырындап қайтарылып жатыр, делінген Бас прокуратура хабарламасында.
ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

1247 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *