• Қаржы
  • 28 Шілде, 2022

Инфляцияны іркіп, бағаны бұғалықтап...

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Әлем елдерінің үкіметтері бағаның жаппай көтерілуі жағдайында шұғыл әрекеттерге барып отыр. Мәселен, экономиканың бәсеңдеуіне және инфляцияның өршуіне тап болған АҚШ-тың орталық банкі ретінде әрекет ететін Федералды резервтік жүйе осы айдың 26-27 жұлдызында болған отырысында пайыздық мөлшерлені 75 базистік тармаққа көтерді. Қазақстан да қалыс қалмай, бағаны бұғалықтау үшін базалық көрсеткішті жылдық 14,5 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте елімізде нақты инфляция болжамды көрсеткіштен едәуір асып түскенін, тұтынушылық бағалардың орнықты құрамдас бөліктері, сол сияқты бағаның жалпы деңгейі өсіп келе жатқанын атап өтуіміз керек. Биылғы мамыр-маусымда қалыптасқан инфляцияның шарықтау шегінен әлі де өтпегені айқындалды. Осындай жағдайда жоғары инфляциялық күтулер проинфляциялық қысымды күшейтіп отыр, бұл ретте биылғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түсуі ықтимал. Бірақ тосын өзгерістер болмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі алдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайтындығы жөнінде болжам бар.

Базалық мөлшерлемені көтеру жөніндегі шешім келесі жылғы инфляциялық үдерістер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны орта мерзімді келешекте нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық үдерістердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етті, ал мұның өзі келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады. Осы орайда өткен маусым айында жылдық инфляция 14,5 пайызға дейін жеделдегенін, бағаның барлық құрамдас бөліктер бойынша өсіп келе жатқанын айтуға тиіспіз. Мәселен, азық-түлік тауарлары 19,2 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 13,2 пайызға және ақылы қызметтер 9,2 пайызға қымбаттады. Бұл түйткіл жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты бағаның өсуінен, сондай-ақ теңге бағамының фискалдық ынталандыру себеп болған жоғары сұранысқа орай әлсіреуінен туындап отыр. Базалық инфляция жалпы инфляциядан озып әрі бағаның орнықты өсу факторларының басымдығын көрсете отырып, қайтадан үдей бастады. Инфляциялық күтулер де жылдамдағанын көрсетті. Маусымда күтілетін инфляцияның медианалық бағасы бір жыл ішінде 14,9 пайызға дейін өсті. Мамыр-маусымда нақты инфляцияның және инфляциялық күтулердің неғұрлым жоғары деңгейде қалыптасуын ескере отырып, бас банк биыл жылдық инфляцияның бұрын мәлімделген 13-15 пайыз болжамының үстіңгі шегінен де жоғары жеделдеуін күтіп отыр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында экономика өсімі 3,4 пайызға жеделдеді, бұл бұрынғы болжамда көрсетілген жыл соңына дейінгі 2,8-3,8 пайыз деңгейге сәйкес келеді. Экономиканың барлық негізгі салалары өсуде, бірақ кейбір салаларда іркіліс бар. Мәселен, Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты тау-кен өнеркәсібінің өсімі баяулады. Сонымен бірге инфляциялық үдерістердің жеделдеуіне, яғни бағаның өсуіне қарамастан сауда көрсеткіштері тұрақты сұранысты көрсетуде. Жиынтық сұраныс жылдық өсу жеделдеген және осы маусымда 18,7 пайызды құраған елеулі мемлекеттік шығыстар арқылы ынталандырылуда. Бұл жағдаят маңызды проинфляциялық фактор саналып, монетарлық жағдайларды тиісінше реттеуді талап етуде.

Әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралды. Дүниежүзілік банк биылғы жылы жаһандық экономиканың болжамды өсімін 4,1 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендетті. Қазақстанның сауда әріптесі саналатын елдер бойынша өсу болжамы едәуір кеміді. Айталық, Еуроодақ бойынша 4,2 пайыздан 2,5 пайызға дейін, Қытай бойынша 5,1 пайыздан 4,3 пайызға дейін, Ресей бойынша плюс 2,4 пайыздан минус 8,9 пайызға дейін төмендеді. Геосаяси қақтығыс ықпалынан, Қытайдағы карантин күшеюінің ықтималдығы әсерінен және жеткізілім тізбегіндегі іркілістердің салдарынан әлемдік экономикада әлсіз даму тәуекелі сақталып отыр. Үстіміздегі шілденің басында орын алған іркілістен кейін мұнай бағасының өсуі қайтадан қалпына келді. АҚШ долларының ең жоғары мәндерден біршама әлсіреуі және мұнай қорының шектеулі болуы мұнай бағасын ұстап тұр. АҚШ-тың энергетикалық ақпарат агенттігі – EIA бағалауына сәйкес әлемдік экономиканың өсу келешегінің нашарлауын ескере отырып, биылғы жылдың 3-тоқсанында Brent бағасы орта есеппен 104 АҚШ долларын, жыл соңына қарай барреліне 95 АҚШ долларын көрсетсе, ал келесі жылы барреліне 90 доллардан жоғары көрсеткішті құрайды. Әлемде жоғары инфляциялық ахуал сақталып, сыртқы монетарлық жағдайлар күшейе бастады, соған орай БҰҰ Азық-түлік ұйымының индексі маусымда негізінен өсімдік майлары, дәнді дақылдар мен қант есебінен 2,3 пайызға төмендеді, бұл ретте өткен жылғы көрсеткіштен 23,1 пайызға жоғары шығып, тарихи ең жоғары мәнге жуықтады. Биылғы маусымда энергия тасымалдаушылар мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты АҚШ пен Еуроодақтағы жылдық инфляция тиісінше 9,1 пайыз және 9,6 пайыз болып, тарихи ең жоғары көрсеткіштерге жетті. Жоғары инфляциялық қысым жағдайында АҚШ Федералды резервтік жүйесі маусымда мөлшерлемені 0,75 базалық тармаққа көтерді, ал жуырда биыл және келесі жылдары мөлшерлемені одан әрі көтеретіні туралы белгі бере бастады. Өз кезегінде Еуропа банкі 11 жыл ішінде алғаш рет пайыздық мөлшерлемені 0,5 базалық тармаққа арттырып, алдағы айларда мөлшерлеменің одан әрі өсу ықтималдығы туралы да хабарлады. Осы келтірілген деректерді ескере отырып, еліміздің қаржылық реттеушісі базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді жазғы болжамдық раунд пен макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған жорамал мәндері, сыртқы ортадағы және ішкі экономикадағы тәуекелдер теңгерімінің қорытындысы бойынша қабылдайтыны туралы мәлімдеп отыр.

968 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы