• Экономика әліппесі
  • 28 Шілде, 2022

Өркениет өжет шешімдермен құрылады

Ұлан-байтақ жеріміздің қойнауы қазынаға толы, бізде Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Сол қайнап жатқан үлкен қазанның ырысы мен дәулетін ат төбеліндей топ, санаулы қожайындар көріп келді. Өкінішке орай, олардың отанымызға қаншалықты жақсылық жасағаны, мемлекетке қанша пайда әкелгені, халыққа қанша жұмыс орнын бергені қалың жұрт үшін беймәлім.

Мемлекеттік басқаруда дұрыс нормативтік-құқықтық заңдардың қабылданбауы, бекітілген заңдардың тек кейбір адамдардың жеке мүдделік пайдасын, оның кәсібі есебінің жабықтығы мен құпиялығын қолдауы қоғамда әділетсіз ахуалды туындатады, осыдан соң бизнестің ашықтығы сақталмайды. Мәселен, несие беру саясаты қарапайым адамның қамына емес, кредит беруші қожайынның пайдасына жазылған. Егер көпжылдық несие алушылар несиені уақытынан бұрын жабуға ниет білдірсе, несие беруші шарттағы көрсетілген несиенің өсім пайызын толық жаппай, несиені жапқызбайды. Сондай-ақ халыққа берілетін несие пайызы өте жоғары бағамда. Несие беретін мекемелер өте көп, тіпті кейбір жеңіл көліктерге де, қарызды 15 минутта беремін деген хабарландыруды да кездестіруге болады. Ал оның бұл іске рұқсаты бар ма, жоқ па, оны ешкім біліп жатпайды. Мұның зардабын несие алушы тартып, ақырында күйзеліске түседі. Кейбір бизнес-олигархтар­дың айлық жалақысы 5 млн теңге болса, енді бір шаруа ада­мының айлық еңбекақысы 30 мың тенгені құрайды. Осындай теңсіздік орын алғанда мемлекет тез арада кірісіп, еңбекақы төлеу мәселесіндегі тұтыну қорын реттеуі керек. 
Бизнестің тағы бір те­жеуіші – қожайындардың жал­ға беретін ғимараттар­дың арендасына өте жоғары баға қоюы. Мысалы, астанада ғи­мараттарды жалға берушілер 1 шаршы метр үшін 15-80 мың теңге аренда құнын алып, оп-оңай табысқа кенеліп отыр. Ал жалға алушы кәсіпкерлер кредиті мен салығын төлей алмай әлек. Кәсіпкерлерге оңтайлы, жеңілдік жағдай туғызып, бизнесті дамыту үшін, мелекеттік балама­лы ғимараттар салынып, жалға алу құнын түсіру керек. Жемқорлықтың нағыз көзі – рейтинг арқылы бағалану. Қандай сала болмасын, ал­дыңғы орын алу үшін пара беру тиылмай келеді. Тендерді төмен бағамен жеңіп алғандар тапсырысты сапасыз орындайды. Бұл кемшіліктер эко­номиканың дамуына кері әсерін тигізеді.

Қазақстан импортқа тәуелді болғандықтан, шетелдік тауарлар бағасы өсті деп, бағаның негізсіз өсуіне жол беріледі. Халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін баға айырмасын реттейтін ұлттық қор болу керек. Ішкі отандық тауар өдірушілерді қорғау үшін шеттен келген арзан тауарларға антидемпигтік салық салу керек. Импорттық тауарлардың көлемін қысқартып, ішкі өндірістегі тауарлардың түрлерін ұлғайтуға басымдық беру, шекарадан заңсыз өтетін арзан тауарлар ағымын қатаң қадағалауды күшейту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Осы кезде негізінде теңгені тұрақтандырып тұрғаны – ол АҚШ долларын сату. Долларды сату ұлттық қордың шығынын негізсіз көбейтеді. Елімізде осы уақытта бюджеттің кіріс көзі – шикізатты сату, ал түбі таусылатын шикізат қоры уақытша ғана дәулет-кіріс әкеледі. Ол үшін импортқа тәуелділіктен құтылып, отандық өндіріске – жеңіл өнеркәсіпке, қайта өңдеу өнеркәсібіне, күрделі-электрондық өнеркәсіптерге, ІТ технологияларға серпін беру қажет. Елімізде қаншама кәсіпорын салтанатты түрде ашылса да, нақты жағдайда барлығы бірдей аяқтан тік тұрып кеткен жоқ. Отандық кәсіпорындар неғұрлым көп ашылса және тұрақты жұмыс істеп тұрса, сонда ғана теңгенің құнсыздануы тоқтап, салмағы артпақ.

Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында болса да, әлі де бюрократия мен жемқорлық салдарынан, латифундистердің былық-шылықтарынан жермен айналысатын шаруаларға жайылымдық, егіндік жерлер жоқтың қасы болып отыр. Сондықтан ауылшаруашылық жерлеріне спутниктік инвентаризация есебін жүргізіп, бос жатқан жерді есепке алу, заңсыз иеленіп отырған жерлерді қайтару – кезек күттірмейтін іс. Ауыл шаруашылығы – ежелден ең қиын сала, мұнда еңбек ететін шаруалардың еңбекақысы өте төмен деңгейде. Елімізде малдың басын сақтап қалып, оның санын одан әрі көбейту үшін ауқымды да жоспарлы істерді іске асыру керек. Шекара аймақтарында шоғырланған малшы қауымға ең төменгі айлық еңбекақы бюджет есебінен төленгені абзал. Қазірде шаруа қожалықтарының, серіктестіктердің қожайындары, мал бағушы қауымға еңбекақысын азық-түлікпен, отын-көмірмен, жем-шөппен, киіммен төлейді, яғни жалақысын теңгемен алмайды. Мал шаруашылығы саласына түбегейлі өзгерістер енгізбесе, болашақта малшы қауымынан айырылып қалуымыз да ықтимал. Малдың басы азайған сайын еттің бағасы шарықтап кететіні сөзсіз. Мал басының иелері субсидиядан түскен ақшадан, жалдамалы машыларға бір тиын да төлемейді. Осы қоғамдағы орын алған ахуал 30 жылдан бері ешқандай өзгеріссіз келе жатыр. Елімізде ауыл шаруашылығын қаржыландыратын түрлі компаниялар, акционерлік қоғамдар, несие серіктестер, тағы басқа қарыз беретін мекемелер, және жеке адамдар көбейіп кетіп, бейберекетсіздік туғызып отыр. Бұл қаржы институттарын жауып, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды бірегей тәртіпке келтіру үшін мемлекеттік ауыл шаруашылығы банкін ашу керек. Берілетін несие мерзімі екі түрлі – қысқамерзімді және ұзақжылдық болып, несие пайызы 3-5 аралығынан аспауы тиіс. Шаруашылықтарға техника мен тыңайтқыштарға зауыт өндірушінің көтерме бағасы мен бөлшек сауда бағасының айырмасына меле­кеттік бюджет арқылы өтемақы жасау, субсидия төлеу тәртібін, малды, егіндікті, өнімді бірыңғай базадағы дереккөзге енгізу керек. Субсидия алушыларға жемқорлық фактісін болдырмау үшін, субсидиямен айналысатын лауазымды қызметкерлер жауапты болады, олар – ауылшаруашылық басшысы және сол салаға жауапты қызметкер, әкімдіктің қызметкері. Егерде жемқорлық фактісі орын алса, онда осы жауапты адамдар есепті дұрыс қадағаламағаны үшін қоса жауапқа тартылуы керек. Малдың басының санын өсіру үшін, үкімет тарапынан нақты қолдау қажет. Бос жатқан жайылым мен шабындық жерлерге ғылыми негізделген мониторинг жасап, жоспар құру, мал басын өсірудің технологиялық қартасын жасау маңызды. Малшының үй-жайы, мал ұстайтын жерінің толық инфрақұрылымы бюджет есебі­нен салынып, конкурс арқылы қызы­ғушы шаруаға берілуі керек. Бұдан басқа, мемлекеттік қордан мал басы алынып, ол малдарды өсіруге қызығушылық білдірген шаруаларға 2-3 жылға беру керек. Шаруалар малды өсіріп алғаннан кейін, өкіметке малды қайтарып беру механизмін жасау керек. Ауылшаруашылық саласында, ауа райының апаты мен қуаңшылығы және жұқпалы аурулар, белгісіз аурулардың орын алуына байланысты, ауыл шаруашылығын мемлекеттік міндетті сақтандыру қоры құрылуы керек.

Қордаланған мәселелердің түпкі себептеріне үңілсек, эконо­ми­камыздың дамуына қалып­тасып, ұйымдасып кеткен жемқорлық, басқару жүйесіндегі мансап­құмарлық пен туысқандық клан кұрушылық, өкімет алдындағы міндетке жауапсыз қарау, минис­трліктерде, мемлекеттік мекемелерде, тағы басқа ұжымдарда, адал еңбек етіп жүрген білімді, сауатты, тәжірибелі қызметкерлерге ұжымның барлық жұмысын артып қойып, «арамтамақтықпен» еңбекақы алып жүру, біреуге көмектесіп, одан сый-сияпат тілеу, қоғамдағы жаңару үрдісіне немқұрайлы қарау, идеясы бар өжет шешімдерге ұмтылыс жасаған адамға кедергі жасау, өзімшілдік пен өзінің ырыс-берекесін ғана ойлау, жіберген қателікті мойындамау секілді сорақы іс-әрекеттер тұсау болуда. Осы орайда, арғы бабаларымыздың мемлекетті құру жобасының үлгісі осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпағаны ойға оралады. Мысалы, Шыңғысхан заманында адамдарды екі топқа бөлген, біріншісі – ол жауапкершілігі мол, адал қызмет атқаратын, немесе басына қауіп-қатер туғанда ар-ұжданын сақтап қалып, патшасына және мемлекетіне адал­дық танытқан адамдар. Ал екінші топқа – өтірікші, қорқақ, қатыгез, өзінен жоғары тұрған лауазымдағы адамдарға жағымпаз, тек қана өзінің қамы мен бас пайдасын ойлайтын адамдар жатқызылған. Патша ел басына күн туғанда өзінің туған анасын және отанын сатып кететін, осал, нашар адамдарды ажыратып, олардан тез арада құтылып отырған. Адам арасындағы айырмашылықты айнытпай тани білген Шыңғысхан күшті қуатты мемлекет құрудың негізін жасады. Ұзақтығы 2-3 ғасыр Шыңғысхан құрған империяда, бір түркі тұқым­дас туыс елдердің тіршілігіне, өмір салтына, әдеп-ғұрпына, ерекше көңілмен, сыйластықпен қараған, ал жауланған елдердің өмір сүруіне, салт-дәстүріне, тіршіліктеріне, дін ұстанымдарына қарсылық жасап, қиянат көрсетпеген. Шыңғысханның билігінде өкімет құрамында неше түрлі ұлттар болған, олар сол би­лік­ке адал еңбек етіп, әділетті, қуат­ты мемлекетті қалыптастырып, өр­кениетті ел болғанын бүкіл дүние жүзіне дәлелдеген.

Бүгінде елімізде кейбір қабыл­данатын заңдар қоғамға еш пай­дасын әкелмейді, кейде керісінше одан қоғам зиян шегеді. Мысалы, барлық дін нанымына рұқсат берудің салдарынан елімізде неше түрлі ағымдағы дінге сенушілер қаптап кетті. Кейбір теріс дін ағымындағылар біздің қоғамға кауіп-қатер төндіріп отыр. Сондықтан Қазақстанда үш дінге – мұсылман, христиан және католиктік діндерге ғана рұқсат беру керек деп есептеймін. Бұл да заң шығарушы биліктің басқа шет мемлекеттердегі заңдарға еліктей беретіндігінен орын алып отыр. Олар өз кезегінде дүниежүзілік спорттық жарыстарға кіргізбейді, немесе қайсыбір мүшелікке алмайды, демократиялық нормаларға сәйкес келмейді деген сылтаулар келтіреді. Қазақ елінде өзіміздің ата-бабадан қалған қазақтың бірегей ұлттық дәстүрлі заңдарымыздың шеңберінен алшақ кетпеуіміз керек. Қазақтың ата тегінен келген заңдар – ең таза, ең әділ, ең озық әрі құнды заңдар. Және мұндай мәдениет бізде ғана бар.

Таяуда ғана қаңғыбас иттерді жоймай, оларды бір жерге шоғыр­ландырып, иттерді асырауға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл заңнан ешқандай нәтиже шыққан жоқ, керісінше, иттер балаға қауіп төндіріп, адам шығынын әлі де әкелуде. Осы ретте шетелден әкелген тұқымды иттерді көбейтіп, саудалаушыларға салық салу керектігін ескертсек дейміз. Тағы да бір шешілмей келе жатқан мәселе – жол апатының азаймауы. Бұл бағытта айыппұлдарды көбейтіп, заңды қатаңдатса да өзгеріс жоқ. Сол себепті жауапкершілікті арттыру мақсатында автокөлік иеленушілерге 5 жылда бір рет жол ережесі бойынша тест өткізуді міндеттеу керек. Автожүргізушінің басым көпшілігі адам тасымалдауды табыс көзіне айналдырып алған, бірақ салық төлеуден жалтарып жүр.

Сөз соңында бүкіл дүние жүзі таныған ұлы Абайдың жазып кеткен Қара сөздерін әрбір қазақ бойына сіңіріп, қорыта білсе, қазақтың адамгершілік құндылықтары артып, мәдениеті жоғары ел болуына жол ашылар еді дегім келеді. Сонымен бірге халқының бола­шағына қалтқысыз сенген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды көсемдеріміздің ұлаға­тын ұрпағымыз адастырмас бағыт-бағдар, өлшеусіз өнеге етіп ұстанса, ұлт келешегі кемелдене түсері айдан анық.

Игілік ӘМІРҒАЛИН,

зейнеткер, қаржы,

ауыл шаруашылығы

салаларының ардагері

Нұр-Сұлтан қаласы

729 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы