• Атамекен
  • 28 Шілде, 2022

Отандық өнім сауда желілерінен неге тыс қалуда?

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасында өңірлік азық-түлік өндірушілермен кездесу өтті. Қатысушылар өндіріс, сондай-ақ жергілікті өнімдерді сату және бөлшек саудадағы импортпен бәсекелестік мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Қызылжар өңірінің сауда желілерінде импорттық өнімдер басым болып отырғандығы, ал отандық өнімдер өте аз көлемде ұсынылғандығы туралы да айтылды.

Мұндағы мәселе, кездесуге қатысушылардың пікірінше, жергілікті өндірушілердің көпшілігінде санына емес, сапасына бағытталған шағын отбасылық кәсіпорындар ретінде ұсынылған.

Солтүстік Қазақстан өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашы­лығы үшін бірегей табиғи мүмкін­діктерге ие, мұнда көптеген жылдар бойы танымал болған жоғары сапалы сүт және ет өнімдері өндіріледі. Алайда, бүгінгі күні бұл сапа сұранысқа ие емес. Азық-түліктің көп бөлігі сауда желілері арқылы сатылады және олар ең төменгі бағамен үлкен көлем­де ғана қызығушылық танытады. Мұндай көлемдерді көрші елдердің ірі өндірушілері оңай қамтамасыз ете алады, ал отандық компаниялар­дың өнімдері сауда желілерінен тыс қалады. Мұндай жағдайда жергілікті өндірушілер өндіріс көлемін азай­туға, жұмыс орындарын қысқартуға және тіпті нарықтан кетуге мәжбүр. Солтүстік Қазақстан облыстық Кә­сіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, соңғы бес-жеті жылда ай­мақта ет өнімдерін қайта өңдеуші-компаниялардың саны екі есеге қыс­қарған.
«Бүгінде сауда желілері Қазақстан экономикасын басқарады. Олар ең­бек министрлігі, сауда министрлігі, экономика министрлігі, қаржы ми­нистрлігі мен мемлекеттік кірістер министрлігінің функцияналдық міндеттерін өзіне алған, – деп санайды ет өнімдерін қайта өңдеу өндірістік кешенінің директоры Светлана Меденникова. – Дәл осы желілер қазіргі таңда нарықта кім және қалай жұмыс істейтінін шешеді. Біздің министрліктеріміз басқара алмайды, өйткені олардың әсер ету тетіктері жоқ, бәрі сауда желілерінің қолында. Егер сіздің өніміңізді бөлшек сауда желілері қабылдамаса, онда сіздің өндірісіңіз сөзсіз жойылады, өйткені ешкімге қажетсіз. Жұмыс орындары, салық салу – мұның бәрі жергілікті өндірістен келеді. Ал бұл желілерге керек емес. Сондықтан біздің эконо­ми­камыздың нақты секторы жойылуда. Соңғы бес жылда солтүстікқазақстандық ет өңдеушілердің жартысынан көбі банкротқа ұшырады, бұл он бес өндірістің жетеуі. Олардың орнын Ресейден импорт алды. Өз тамақ өнімдерін өндіру көлемінің жойқын түрде қысқаруы – бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне ең үлкен қауіп».
Сондай-ақ кәсіпкерлер өнім­нің сапасы мен қауіпсіздігін тексеру тұрғысынан импортпен әділетсіз бәсе­келестік туралы айтты. Жергілікті өндірісті санэпидқадағалау органдары үнемі тексеріп отырады, тексерістер азаматтардың өтініштері бойынша да, жоспарлы түрде де жүргізіледі. Импорттық өнімдер қазақстандық нарыққа шыққан кезде бір рет немесе үш жылда бір рет тексеріледі. Ал отандық санэпидқызметі шетел­дік өндірісті ел аумағынан тыс жерде орналасқандықтан тексере алмайды. Демек, олар тек өз отандастарын тексеріп, айыппұл салады, ал шетелдік өндірушілер бұл жағынан келгенде артықшылығы бар. Кездесуде айтылғандай, импорттық өнімдерді тексеру үшін жергілікті СЭС-ке бө­лінбейтін қо­сымша қаражат қажет.
Кездесуде жергілікті сауда желілері арқылы өз өнімдерін сата алатын кәсіпкерлер де сөз сөйледі. Мысалы, «Қазетөнім» ет өңдеу кешенінің директоры Серік Ілиясов желілер өз сауда орындарында өндірушілердің өнімінің сақталуына жауап бермей­ті­ні туралы наразылықпен айтты. Жеткі­зушілермен барлық шарттар тек желі­лердің пайдасына жасалады. Кәсіпкерлер өз өнімдерінің желілік дүкендерде тиісті сақталуын қамтамасыз ету үшін қосымша қызметкерлер құрамын ұстауға мәжбүр, ал дүкен қызметкерлерінің өздері бұған мүлдем мүдделі емес.
Петропавлдағы кездесуде талқы­ланған мәселелер бүкіл елге тән және жақында «Атамекен» ҰКП, азық-түлік өнімдерін өндірушілер қауымдастығы және бірқатар өңірлік бизнес-қауым­дастықтар­дың қатысуымен Нұр-Сұлтандағы кеңейтілген кездесуде көтерілді. Бірақ СҚО-да бұл аймақтың шекара­лық болып табылатындығымен жағдай күрделене түсуде. Сонымен, Energyprom.kz сарапшыларының соңғы зерттеулерінің біріне сәйкес 2021 жылдың ұқсас кезеңі­мен са­лыстырғанда, биылғы жылдың бірін­ші тоқсанында Қазақстандық­тардың шығындарының ең көп өсуі дәл Солтүстік Қазақстан облысында байқалды – жылына 30,1% бірден қосылды, ал ел бойынша шығындар орташа алғанда 16,7%-ға өсті. Бұл отан­дық өндірушілердің өнімдеріне қарағанда импорт көбірек ұшырайтын валюталардың бағамдағы айырмасына байланысты баға тәуекелдерінің мысалы.
Кездесуге қатысушылар жергі­лікті өндірушіні қорғай­тын мемле­кеттік реттеу шаралары, норма­тивтік құжаттарда сауда желілерінде жергілікті өнімдер үшін басым жағдайларды бекіту, сондай-ақ қазақстандық азық-түлік өнімдерін алға жылжытуға және танымал етуге сауда желілерін тартуға бағытталған мемлекеттік қолдау әбден қажет деп санайды. Сондай-ақ тұтынушылармен жергілікті өнімдерді сатып алудың артықшылықтарын түсіндіретін белсенді ақпараттық жұмыс қажет, өйткені отандық өнімді сатып ала отырып, халық өз экономикасын және жергілікті бюджетке салық түсімдерін қолдайды. Оның үстіне, қазақстандық өндірушілер шын мәнінде сапалы өнім шығара алатын даму кезеңінде тұр. Ал Ресейден сапасын іс жүзінде ешкім тексермейтін жақсы өнімдер жеткізіле бермейді.
Отандық өндірушілерді қорғауға жүйелі тәсілдің болмауы азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деген пікірмен «Атамекен» ҰКП өкілдері де келіседі. Қазіргі уақытта Қазақстанға азық-түлік импортының көлемі азық-түлік қауіпсіздігі тұр­ғысынан қауіпті деңгейге жетіп отыр.
«Көктемде «Атамекен» орталық аппараты мен өңірлердің қатысуымен өткен кеңестердің бірінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша 4,9 миллиард долларға импорттық азық-түлік сатып алынғаны айтылды. Бұл қомақты соманы біз өзіміздің ішкі азық-түлік нарығымыздан алып, басқа елдердің өндірушілеріне береміз. Бүгінгі таңда барлығымыз сыртқы факторлардың әсерінен азық-түлік бағасының өсуіне тап болдық. Бұл өзіміздің азық-түлік қауіпсіздігімізді есте сақтаудың қан­шалықты маңызды екенін тағы да растайды. Қазір отандық өндірісті қолдау мен дамытудың уақыты келді», – деп белгілеп өтті СҚО КП АӨК комитетінің төрағасы Евгений Золотарев.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар саланы реттеуге жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерін отандық азық-түлік өндірушілерін қорғауға барынша назар аударуға және қазақстан­дық өнімдердің ел нарығындағы үлесін арттыру бойынша шаралар қабылдауға, сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» қағидатын ілгерілете отырып, тұтынушылық патриотизмді дамыту үшін ағарту­шылық және ақпараттық жұмыс жүргізуге ша­қырды.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

16112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы