• Бизнес & Қоғам
  • 28 Шілде, 2022

ФЕРМЕРДІҢ СОҢҒЫ ТИЫНЫ Немесе орақ қарсаңында дизель отыны 42 пайызға қымбаттады

Енді жиырма шақты күннен кейін астықты өңірлерде егін орағы басталады. Бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайға орайластыра айтсақ, қазір астықтың маңызы өте үлкен. Себебі жарты әлемді дәнді дақылмен қамтамасыз етіп отырған Украина мен Ресей арасындағы соғыс жаһандық аштық қаупін тудыруы мүмкін.

Проблема тіпті Біріккен ұлттар ұйымының деңгейіне дейін көтерілді. Ресей мен Украина арасындағы астықты Қара теңіз арқылы саудаға шығару мәселесі Ыстамбұл қаласында талқыланғанымен әзірге мәселе толық шешіле қойған жоқ. Оған Ресей зымырандарының Одесса портын атқылауы дәлел болып отыр. 
Проблемаға байланысты әлемдегі жетекші астықты державаның бірі саналатын Қазақстан бидайына деген сұраныс артатыны белгілі. Жыл сайын егін орағы қарсаңында алдымен ауыл шаруашылығы техникаларына қажет дизель отынының қымбаттайтынын жақсы білеміз...
Былтырға дейін еліміздегі дизель отынының бағасы Ресейдегіден әжептәуір төмен болып келді. Бір қарағанда, диқан үшін оңтайлы көрінгенімен, бұл тенденцияның солақай тұсын да байқадық. Ресей мен екі ортадағы әлемдік ең ұзын шекара сызығы 7 мың шақырымдық қашықтық, дизельді айтпағанда, басқа да контрабанда құбылысы үшін оңтайлы. Былтырға дейін орақ науқа­ны қарсаңында еліміздің біршама арзандау жанармайының көрші мемлекетке заңсыз шығарылғанын да көрдік. 
Ал биылғы жағдай мүлдем басқа. Ресей соғысып жатыр. Сондықтан бұл елдің негізгі жанармай қорының әскери әрекетке жұмсалатыны белгілі. Демек, біздің дизель отынына биылғы төнер қауіп былтырғыдан да зор болуы мүмкін.
Оның үстіне жыл сайын орақ жұмысы қарсаңында еліміздің өзінде де жанармай қымбаттайды. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне шекара периметрі бойынша және транзиттік тасымал үшін мұнай өнімінің дифференциялан­ған бағасын жасауға пәрмен берді. Ол көрші мемлекеттермен баға дис­паритетін төмендету және біздің бағаға әсер етуге тиіс.
Мемлекет басшысы: «Сарап­шы­лардың бағалауын­ша, елімізде дизель отынының күзгі тапшылығы болуы мүмкін. Мұндай жағдай жыл сайын орақ науқаны кезінде қайталанады. Үкіметтің айтар уәжі – онсыз да қат дизель отынының көрші мемлекеттің іргелес аймақтарына заңсыз тасымалдануына байланысты. Алайда проблема одан да гөрі күрделірек. Отандық мұнай өнімдерін көрші мемлекетке тасудың жылдар бойы қалыптасқан және ұйымдастырылған заңсыз жолы бар. Осы мәселеге нүкте қою керек», – деп атап көрсетті.
Қалай десек те, орақ қарсаңында жылдағы әдетімен жанармай нар­қының, аз да болса, көтерілгені байқалады. Кейбір аймақта арзан жанармайдың тапшылығына байланысты байбалам шыға бастады. Оның үстіне, дизельдің нарықтағы бағасы қазірдің өзінде АИ-95 бен­зинінің құнынан асып кетті. Соған қарағанда жеңілдетілген жанармайдың әлдекімдер үшін баюдың көзіне айналғанын әсте жоққа шығаруға болмайды.

Жыл сайын энергетика ми­нистрлігі шаруаларға 769,4 мың тонна арзандатылған дизель отынын береді. Жыл басынан бері шаруаларға берілген арзандатылған дизельдің көлемі 375 мың тонна, күзге қарай оған қосымша тағы да 394,4 мың тонна солярка берілмек. Десек те, бюджеттен арзан жанармай үшін қаржы бөлу қаншалықты пайдалы? Бұл мәселемен тікелей энергетика министрлігі айналысады. Мемлекет бағасын жүйелейтін өнімдер тізімін де осы мекеме жасайды.
Үкіметке өкпе жоқ, дейді кейбір данышпан. Үкімет бөлген арзан жанармайдың тиісті нысандарға жетпеуіне байланысты проблема бар. Атап айтқанда, көктемде 136 теңге тұратын солярканы жаз бойы сақтап, күзде 180 теңгеге сату неге кіріс болмасын?! Оның үстіне біздің зауыттар жазғы уақытта ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне солярканы 150-ден сатады...
Елімізде биылдың көктеміне дейін 1,7 млн тонна солярка өндірілген. Ол былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағыдан 8,4 пайызға көп.
Ішкі нарықтағы мұнай өнім­деріне тапшылықты алдын алу үшін елімізде бензинді, солярканы, сон­дай-ақ мұнай өнімдерінің тағы да біраз түрлерін автокөлікпен шетке тасымалдауға тыйым салынды. Бұл шектеу былтырдың 21-мамырынан бері күшінде. 
Бір жылдың ішінде күзде қас­қалдақтың қанындай қат болатын дизель отынының сыртқа шығарылуы 15,3 пайызға қысқ­рыпты. Ал экспорт көлемі небәрі 17,6 мың тоннаға азайған. Осы жылдың наурызына дейін ішкі нарыққа 1,2 млн тонна солярка сатылды. Бұл былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағыдан 18,3 пайызға көп.
Ал биылғы көктемге дейін елімізде бензин өндірісі 4,7 пайызға артты. Бензин өндірісінің қатарынан үш жыл бойы артып отырғанын айта кетуге тиістіміз. Есесіне, дизель отынының бағасы бірден 42 пайызға қымбаттаған! Бұл – егін орағы қарсаңындағы көрсеткіш. Ал орақ қызып, жанармай қоры түгесіле бастағандағы ықтимал көрсеткіш одан да қатты болатынға ұқсайды.
Жазғы дизель отыны баға­сы­ның жылдық өсімі – 24,6, АИ-98 бен­зинінің қымбаттау қарқыны 9,6 пайыз. Осылайша жалғаса береді.
Кейбір дерекке қарағанда, биыл­дың маусым айындағы мәлімет бойынша еліміз бензиннің арзандығы жөнінен әлемнің 170 елінің ішінде 11-орында екен. Ал дизель отыны бойынша 169 елдің ішінде 16-орында тұр.
Әлбетте, жанармайдың тапшы­лығы мен қымбаттауы – әлем­дік деңгейдегі проблема. Жалпы жаһандық экономикадағы қазіргі дағдарыстың басты себебінің бірі де – осы. Әлемдік көрсеткіштерге көз салсақ, ең қымбат бензин бағасы Гонконгте тіркелген. Ол 1 литрге 2,96 АҚШ доллары көлемінде. Батыс елдеріндегі орташа бағам да осыған жуықтайды.
Қазіргі геосаяси дағдарыс әлем­де жанармайдың қымбаттауына әкеліп соқты. Мәселен, АҚШ-та биылдың 9-шы маусымында 1 галлон бензиннің бағасы 4,97 доллар болыпты. Осы­ның өзі-ақ әлемдегі жанармай нар­қы­ның қазіргі ахуалынан хабар береді.
Жанармай нарқының қымбат­тауы­на байланысты фермерлердің тағы да бір өкпе-назын бүгіп қалуға қақымыз жоқ. Ол ауыл шаруашыл­ығы техникаларын утилизациялауға байланысты. Бұл орайдағы тариф аса жоғары. Онсыз да күндерін әзер көріп отырған шаруалар үшін бұл өте қолайсыз. Аталған мәселеге орай Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Сергей Ериннің мына бір сөзін айтпай кетпеуге болмас: 
– Ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық төлем енгізу фермерге аса қолайсыз болып отыр. Бұл – іс жүзінде фермердің соңғы тиынын қағып алу деген сөз.
Фермерлер одағы басшысының айтуынша, мұндай төлем ешкімге жақсылық әкелмейтін көрінеді. Алайда үкімет бұл орайда әзірге тиісті шешім шығара қойған жоқ.
Бүгінгі таңның ең басты проблемасы ауыл шаруашылығының аса жауапты науқаны – орақ қар­саңында дизель отынының 42 пайызға қым­баттауынан болып тұрған жайт.

Өмірзақ МҰҚАЙ

1776 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы