• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 28 Шілде, 2022

Жасыл реактивті отын өндіру қарастырылуда

Американың Honeywell компаниясы Қазақстанда көмірсутектерді тұту, пластикті қайта өңдеу, сондай-ақ жасыл реактивті және дизель отынын өндіру жобаларын іске асыруды қарастырып жатыр.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Honeywell компаниясының басшылығымен – өсу қарқыны жо­ғары жаһандық өңірлер бойынша президент Бен Дриггспен, Түркия, Израиль және Орталық Азиядағы қарқынды өсу өңірлері бойынша президент Уйгар Доюранмен кездесу өткізді, деп хабарлады премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсы.

Тараптар экономиканы декарбонизациялау, өнеркәсіпке заманауи жасыл технологияларды енгізу мәселелерін, сондай-ақ Honeywell-дің елімізде жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі жоспарларын тал­қылады.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы инвестициялар үшін ең тартымды ел болып қала беретінін, оған Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік капиталды құқықтық қорғау бойынша іске асырып жатқан шаралары ықпал ететінін атап өтті.

«Біз шетелдік серіктестер алдын­дағы өз міндеттемелерімізді орын­дауды жалғастырамыз және одан әрі ынтымақтастық үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз», – деді премьер-министр.

Өз кезегінде Бен Дриггс қазіргі уақытта Honeywell компаниясының Қазақстанда көмірсутектерді тұту және пластикті қайта өңдеу технологияларымен, сондай-ақ жасыл реактивті және дизель отынын өндірумен байланысты жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

«Сіздердің еліміздің аумағында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөніндегі жоспарларыңызды құптаймыз. Осыған байланысты Үкімет аталған бағыттар бойынша ынты­мақтастықты арттыруға және қажет­ті қолдау көрсетуге ниетті екенін атап өткім келеді», – деп түйін­деді Әлихан Смайылов.

Honeywell – электронды басқару және автоматтандыру жүйелерін шығаратын америкалық корпорация. Негізгі бағыттар – аэроғарыштық жабдықтар, ғимараттар мен өнер­кәсіптік құрылыстарды пайда­лануға арналған технологиялар, автомобиль жабдықтары, турбокомпрессорлар.

471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы