• Қаржы
  • 05 Тамыз, 2022

Мақсат – импорттық қантқа тәуелділікті төмендету

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Отандық нарықты өз өнімдерімізбен молықтыру арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін соңғы кездері тиісті мекемелер толып жатқан жиын-кеңестер өткізіп, бағдарламалар қабылдады, қаражат та бөлінді. Соған қарамастан қазір Қазақстанда құс еті бойынша импорт үлесі 40 пайыз, шұжық өнімдері бойынша 44 пайыз, ірімшіктер мен сүзбе бойынша 50 пайыз болып отыр. Өзге елдерден келетін тағамдарға тәуелділіктің ең жоғары көрсеткіші қант өнімдеріне қатысты – импорт үлесі мұнда 60 пайызды құрайды. Республикада бұрындары пайдалануға берілген жеті қант зауытының бүгінде тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр, олардың тек үштен бірі, яғни 31пайызы ғана жүктелген. Қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 7-ден 43 пайызға дейін 6 есеге арттыру жоспарланып отырғанымен, соңғы төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарды. «Біз импорттық қантқа 90 пайыз тәуелдіміз. Үкімет тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеуі қажет. Мақсат – импортқа тәуелділік­ті айтарлықтай төмендету, өзін-өзі қамтамасыз етуге кезең-кезеңмен көшу. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық айтарлықтай жоғары, дұрыс тәсілдер қажет», – деп мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жуырда үкіметтің кеңейтілген отырысында мәселені төтесінен қойды. 
Қазақстанда қант қызылшасын өсіруге ең қолайлы орта еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс облыстары болып табылады. Бір ғана Алматы облысында жыл сайын 400 мың тоннадан астам өнім сатылады. Дегенмен, қазір еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шикізат жалпы сұраныстың жартысын да өтей алмай отыр. Сөйтіп, жоғарыда атап өтілгеніндей, бұл бізді қант қызылшасын әлемдегі ең ірі импорттаушылар тізімінде бірінші қатарға қояды. Ахуалды оңалту үшін саланың мүмкіндіктері мен ішкі резерв­терін іске қосу талап етіледі. Мәселен, Жамбыл облысы – Қазақстандағы қант қызылшасын өсіретін негізгі өңірлердің бірі. Өнімді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар да осы өңірде орналасқан. Облыс әкімдігінің деректері бойынша, үстіміздегі жылы қант қызылшасы­ның егіс алаңы 6,1 мың га, ал өткен жылы егіс алаңы 5,6 мың га құрады. Статистикалық деректерге сәйкес 2021 жылы Жамбыл облысы бойынша өнімділік гектарына 310,9 центнер болып, 160,3 мың тонна қант қызылшасы өндірілді. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан 26,8 мың тоннаға артық. Көпжылдық өндірістің орташа көлемі шамамен 171,0 мың тоннаны құрады. Облыста қант қызылшасы алқаптары азаюының негізгі себептері өндірістің жоғары шығыны және экономикалық тиімсіздік болып табылады. Айталық, 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды. Бұл ретте жанар-жағар май, пестицидтер бағасы, суаратын су тарифтері айтарлықтай өсіп, қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылар өнімін сатып алу құны төмен болып, рентабельділік кеміп отыр. Сондай-ақ шаруаларды техникалық жабдықтау мәселесі де толғантады. Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған қант зауыттары қатты тозған, олардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет. 
Жетісу облысында Көксу және Ақсу зауыттары жұмыс істейді, бұлар бірігіп жыл сайын 500 мың тоннадан астам қант қызылшасын өңдей алады. Сондай-ақ Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қатарға қосу ойда бар. Салада қордаланған түйкілдер жеткілікті. Ең бастысы – қант қызылшасының бір келісі үшін зауыттар қойған сатып алу бағасының төмендігі. Бұл баға қызылша өсірушілердің жұмсайтын шығындарына сәйкес келмейді. Мәселен, өткен жылы зауыт пен мемлекет бір келі қызылша үшін 20 теңге төледі. Ал, биыл мемлекет шаруаларды қолдау мақсатында қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтты: енді зауыт 15 теңге, мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейтін болады. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар 30 мың теңге алмақ. Облыста фермерлер қант қызылшасының гектарынан орта есеппен 350-ден 400 центнерге дейін өнім жинайды, биылғы жылы 200 мың тонна жинау жоспарланып отыр. Өңірдегі ең ірі қант зауыттарының бірі – «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 1932 жылы құрылған зауыт 2015 жылы қайыра жабдықталып, іске қосылған. Оны жөндеуге шамамен 4 миллиард теңге жұмсалған, ал 2017 жылы 1,5 миллиард теңгеге жаңғыртылып, өнімділігі жоғары жаңа жабдықтар орнатылған. Жылына 250 мың тонна қант өндіретін кәсіпорын тәулігіне 2000 тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, күніне 200 тоннадан астам дайын өнім алады. Биылғы жылдың басынан кәсіпорын 29 мың тонна қант өндірді. Сондай-ақ құрақ қантын өңдеу жөніндегі жылдық қуат 35 мың тонна шикізатты құрайды. 
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын 60 мың гектарға дейін ұлғайту, қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шараларын күшейту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, қант зауыттарын салу және жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Мүдделі мекемелер тарапынан сервистік-дайындау орталықтарын құруға көмек көр­сетіліп, қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуге қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Жетісу облысында Қызылағаш плотинасы қалпына келтірілді, осы су қоймасын іске қосу нәтижесінде 7 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Сондай-ақ Покатилов, Бүйен, Басқан және Жанама суару желілерін салу жөніндегі іс-шаралар белгіленді. Мәселен, бір ғана Покатилов су қоймасының іске қосылуы 24 мың гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді, мұның өзі жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Сонымен қатар суды үнемді пайдалануға жол ашатын жаңбырлатып суару жүйесін енгізу жөнінде шаралар қабылдануда.

1072 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы