- Өндіріс өрісі
- 05 Тамыз, 2022
Жаңа бағыттар белсенді игерілуде

Елімізде өсімдік майы экспортын одан әрі ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Өткен жылы бұл салада экспорт көлемі екі есеге жуық өсіп, ақшалай түрде ондаған миллион долларды құраған.
Майлы дақылдар өндірісінің тиімділігі дәнді дақылдарды өсірумен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екендігін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі майлы дақылдардың егіс алқаптарын 3,6 млн гектарға дейін ұлғайтуды қолға алған. Өндіріс көлемінің артуына сай экспорт та мол қарқынмен ілгерілеп келеді. Өз кезегінде экспорттаушы мен шетелдік сатып алушы арасындағы мәмілелерге кепілдік берумен қатар, басқа да тиімді құралдарды қамтитын мемлекеттік қолдау отандық өндірушіге экспорттық жеткізілімдер көлемін сенімді арттыруға көмектеседі. Бүгінде экспорттаушыларға қолдау көрсету құралдарының жинағы: экспорттық кредиттерді және дебиторлық берешекті сақтандыру, KazakhExport өтеміне инвестициялық қарыз тарту, аккредитивтерді сақтандыру және шетелдік сатып алушыны қаржыландыру, KazakhExport өтеміне айналым капиталын тарту және тағы басқа құралдарды қамтиды.
Осы саладағы табысты мысалдарды келтірсек, «Өскемен май зауыты» ЖШС бір жылдан астам уақыт ішінде 1 500 тонна өнім сата отырып, үш экспорттық келісімшартты сәтті орындады. KazakhExport қатысуының арқасында компания өткізу нарығын кеңейтсе, клиенттер тауардың сапасы, жеткізілімі бойынша міндеттемелерді орындау кепілдігін алды. «Әлбетте, басқа елдердегі клиенттер үшін біз әлі де жете танымал емеспіз. Сәйкесінше, қаражат аударып, банктік операциялар жасау үшін сенімді серіктестік қалыптасуы керек. Бұл тұста бізге өз қаржысын аударатын KazakhExport ұлттық компаниясы әрекеттеседі. Біз өнімді жөнелткеннен кейін клиент онымен есеп айырысады. Осылайша ұлттық компания біздің шартымызға кепіл болады. Біз алдын ала төлемді алып, өз міндеттемелерімізді алаңдаусыз орындаймыз, ал клиенттер KazakhExport сақтандыруымен тауар алады», – дейді компанияның коммерциялық директоры Виктор Семин.
«Kaz-Ir AGRO» ЖШС – Жапонияға тамақ өнімдерін жеткізетін алғашқы компания. Қазақстандық экспорттаушы бұл елге мақсары майын шығару үшін 2018 жылы келісімшарт жасасыпты. KazakhExport қарызды сақтандыру категориясы бойынша 1 млрд теңге сомаға сақтандыру қорғанысын ұсынып, соның есебінен компания шикізат сатып алуға кредит желісін тартқан. Жалпы, мақсары майы сапасы мен тағамдық құндылығы жағынан зәйтүн майынан кем түспейді. Сондықтан компания шығарып отырған май шетелде үлкен сұранысқа ие. Беделді республикалық «Алтын сапа» марапатына ие үздік экспорттаушы өнімі Еуропада – Чехия, Германия және Нидерландта жоғары бағаланады, сондай-ақ өнім Қытайға да жеткізіледі.
Бүгінде Қазақстанда өсімдік майын өндіру қарқынды дамып келеді. 40-тан астам кәсіпорын осы өнімді экспорттайды. Сонымен қатар еліміздегі май зауыттарының 75%-дан астамы Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының құрамына кіреді. Аталған қауымдастық жетекшісі Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, күнбағыс майының қазақстандық экспорты осы маусымда 180 мың тоннадан асып түсуі мүмкін. Бұл 2020-2021 жылдардағы маусымға қарағанда екі есе жоғары. Қазіргі уақытта отандық май зауыттарының қуаты 35% шамасында жүктелген, бұл қажетті көлемді оңай өндіруге мүмкіндік береді. Май зауыттары жүктемесінің өсуі дайын өнімнің өзіндік құнына, бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. «Біз ортақ күш-жігермен Орта Азия, Ауғанстан және Қытай сияқты дәстүрлі өткізу нарықтарынан басқа да экспорттық шекараларды кеңейтудеміз. Байланыс орнатуға және отандық өнімді ілгері жылжыту үшін жаңа экспорттық бағыттарды табуға көмектесеміз. Бұл ретте біз трейдерлермен емес, тек өнім өндірушілермен жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта май-тоң май өнімдерінің экспорты оның өндірісінің өсуіне сай өсіп келеді. Соның аясында майлы дақылдар тұқымдарын қайта өңдеу пайызын ұлғайту есебінен осы тұқымдардың экспорты қысқаратыны құптарлық шара», – дейді қауымдастық төрағасы.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

329 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *