- Өндіріс
- 05 Тамыз, 2022
Caspi Bitum: Өндіріс ұлғайып, тапшылық азаймақ

Елімізде жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар болса да, өз өндірісіміздің әлеуеті толық қолданылмай келеді. Битум өндіретін бірнеше зауыт болуына қарамастан, қажеттілігімізге 200 мың тонна битум жетіспей жатыр. Қолдан жасалған тапшылыққа ұқсайтын осы өзекті мәселені мемлекет басшысы сынға алып, жолдарды сапалы салу үшін жергілікті ресурстарды белсенді пайдалануға шақырған.
Жол битумдары негізінен жол-құрылыс, аэродром алаңдарын салу, жөндеу және басқа да салаларда қолданылады. Елімізді бұл маңызды шикізатпен төрт ірі өндіруші – Павлодар мұнай-химия зауыты, Ақтау, Шымкент және Алматы облысындағы зауыттар қамтамасыз етеді.
Дегенмен олардың мүмкіндігін арттырып, жұмысын жүйеге келтіру керек. Мәселен, жыл сайын жол жөндеу жұмыстарының басталуымен битум жетіспеушілігі туындайды. Соған сай оның бағасы да күрт артады. Жолдардағы негізгі жұмыстар көктемде басталады да, қыста битумға сұраныс азаяды. Ал құрылыс кезеңінде трейдерлер жасанды дефицит тудырып, битум бағасын екі есе қымбаттатып жібереді.
Ағымдағы жылы автожолдардың құрылысы мен ремонтына шамамен 1,1 млн тонна жол битумы пайдаланылады деп белгіленген. Ішкі тапшылық мәселесін шешуге республикадағы жол битумының ірі өндірушісі «Caspi Bitum» БК» серіктестігі кіріспек. Жуырда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысына жұмыс сапарында жол битумын өндіретін осы кәсіпорынның тыныс-тіршілігін көріп, өндіретін өндіріс көлемін арттыру жайын пысықтады.
Жол битумын өндіруге маманданған Ақтау Caspi Bitum зауыты 2013 жылы пайдалануға берілді. Мұнай өңдеуде жобалық жылдық қуаты – 1 млн тонна. Қаражанбас кен орнынан алынатын ерекше мұнайды қайта өңдеу жоғары сапалы жол битумын өндіруге мүмкіндік береді. ТМД елдеріндегі ең үздіктің бірі саналатын зауытта өткен жылы түпкілікті жаңғыртулар жүргізіліп, тотыққан битум өндірісінің қуаты ұлғайды. Зауыт тасымалдау және сақтау кезінде битумның жоғары сапасын сақтайтын биг-бегте өлшеп оралған битумды, сондай-ақ төмен температураларға икемділік пен төзімділіктің жақсартылған сипаттамаларына ие түрлендірілген битум сияқты инновациялық өнімдерді өндіреді. Әлемнің кез-келген нүктесіне тасымалдау кезінде түпнұсқалық сапаны сақтап қалуға мүмкіндік беретін оралған битумдарды, әсіресе үлкен пакеттерде шығару қарқынын арттыру жалғастырылуда. Қапталған битумның басты артықшылығы – көптеген физикалық және химиялық параметрлер сақталып, бірнеше қыздыру және салқындату циклдары қажет етілмейді, сондай-ақ өндірістің маусымдылығы проблемасы туындамайды. Үлкен қапшықтарға салынған битумы – елімізде теңдесі жоқ инновациялық өнім. Ақтау зауытының битумы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасын қоса алғанда, еліміздің барлық стратегиялық автожолдарының құрылысы кезінде қолданылды. Сондай-ақ зауыт өнім сапасын, технологиялық сызбаларды арттыру, бизнес-процестерді жетілдіру бағытында үздіксіз жұмыс істеуде. Биылғы көктемде Caspi Bitum халықаралық менеджмент жүйесіндегі ISO 55001:2014 стандарттарының талаптарына сәйкестік сертификаты расталды.
Дайын өнім шығару көлеміне келетін болсақ, өткен жылы зауыт 400 мың тоннадан астам битум шығарды, ал үстіміздегі жылдың басынан бастап зауыттан 240 мың тоннаға жуық жоғары сапалы жол битумы жөнелтілді. «Қазіргі уақытта Ақтау битум зауытының мұнай өңдеу көлемін жылына 1 миллионнан 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірістік. Бұл жоба кәсіпорындағы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп баяндады бас директордың міндетін атқарушы Атымтай Балтабаев.
ҚазМұнайГаз басшысы зауыт қуатын 1,5 есеге арттыру процесін жеделдетуді және қысқа мерзімде бұл мәселені серіктестік пен ҚМГ тиісті органдарының қарауына шығаруды тапсырды. Сондай-ақ М.Мырзағалиев маусымаралық кезеңде өлшеп оралған битум өндірісін одан әрі іске асыруды ұйымдастыруды тапсырды және өндірістік көрсеткіштерді көтере отырып, өндірістегі әлеуметтік тұрақтылыққа қамқорлық жасау, еңбек жағдайларын және жұмыскерлердің әл-ауқатының деңгейін жақсарту, кәсіпорынның өңірдегі әлеуметтік маңыздылығын арттыру аса маңызды екенін атап өтті.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

6873 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *