• Атамекен
  • 05 Тамыз, 2022

Шикізаттық бағыттан бас тарту қашандағыдай өзекті

Елімізде ірі қара малды экспортқа шығаруға шектеу қойылғаны белгілі. Осы ретте фермерлер бұл тыйымға өз қарсылықтарын білдірсе, ет өңдеушілер экспортқа шектеуді қолдап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал экспортына қатысты енгізген шектеуді алып тастауын сұрап, фермерлердің бір тобы алға тартқан осы мәселеге орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының талқылау алаңында малшы және өңдеуші тарап пен мемлекеттік орган өкілдері бас қосты.

Мал экспортына са­лынған шектеудің мән-жайы талқыланған жиынға еліміздің барлық өңірінен тоқсанға жуық фермер мен ет өңдеуші, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды atameken.kz сайты.

Ұлттық палата агро­өнер­кәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев бұл басқосудың шаруаларды алаңдатып отырған мәселені талқылап, осы тұрғыдағы ой-пікірлер мен ұсыныстарды саралап-сараптауға арнал­ғанын атап өтті. «Қазір ірі қа­ра­ны сыртқы шығаруға шектеу қойылғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл мәселенің жақсы да, жағымсыз да жағы бар. Сол себепті осы жәйтті мүдделі барлық тарап өкілдерінің, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігі, шаруалар және ет өңдеушілердің қатысуымен талқылауды ұсынып отырмыз», – деді Ербол Есенеев.

Алғашқы болып сөз алған ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай аталған мәселеге қатысты министрліктің ұстанымына тоқталды. Ол биылғы бірінші жартыжылдықта ірі қара мал экспорты өткен жылдың есепті кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей болып тұрғанын, осы ретте ведомство қазіргі шектеулерге қатысты түзетулер енгізуге әзір екенін айтты. «Қазіргі таңда мал басына қатысты экспорт көлемі ірі қарадан 30 мың, ұсақ малдан 60 мың бас болып белгіленген. Біздің позициямыз бойынша осылай болып отыр. Яғни ірі қара мал экспортына шектеу бар. Біз екі тарапты да түсінеміз, экспортшылардың мақсаты – малды қымбатырақ сатып, көбірек ақша табу, ал өңдеушілер үшін ішкі ресурстардың есебінен шикізат­ты емес, өңделген етті сатқан тиімді. Сон­дықтан бұл жерде фермерлерді немесе ет өңдеушілерді біржақты қолдау туралы әңгіме айтылмауы тиіс. Бүгін біз экспорттың көлемі қандай болу керек және оны қалай орындаймыз деген сұрақ төңірегінде ойланып, осы мәселеге қатысты ұстанымызды айқындауымыз керек», – деді вице-министр. 
Әрі қарай ет өңдеушілер мен фермерлер өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қостанай облысындағы BEEF export group компаниясының өкілі Александр Пархоменко ірі қара мал басын экспорттауға қатысты енгізілген шектеу шараларын жал­ғастыруды ұсынды. Яғни ол мал экспортына қарсы екенін жеткізді. «Қазір біз ірі және ұсақ фермерлерден малды ет өңдеу зауытына дейін тегін әкеліп, сатып алып жатырмыз. Егер біз бүгін етті шикізат күйінде сыртқа сатсақ, онда дайын ет өнімдерін сырттан әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүр болып қаламыз», – деді ол.
А.Пархоменко қазір елімізде ірі қараны сатып алу бағасы келісіне 1,1 мың теңгеден екенін, ал Өзбекстанға 4,5-4,8 доллардан (2,1-2,3 мың тең­геден) экспортталатынын айтты. 
Алайда ірі қара мал өсірушілер бұл бағаның шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Олардың айтуынша, ет өңдеушілер шикізатты 700-850 теңге аралығында сатып алады. Яғни елдегі ет өңдеушілер мал етін өте арзанға алады және олар ауыз толтырып айтарлықтай көлемде ет алмайды. Малды бағып-қағып, өсірушілер үшін бұл тиімді емес. Осының салдарынан мал шаруашылығымен айналысып келген кәсіпкерлердің көпші­лігі бүгінде өз фермаларын жабуға мәжбүр. Тіпті бүгінгі күні кейбір өңірлерде қызылордалық кәсіпкер Нұрлан Тоқсанбайұлы атап өткендей, ет өңдейтін өнеркәсіп те жоқ. 
Шығыс Қазақстан облысы фермерлер одағының өкілі Серік Байғалиев экспорт мен импорт көлемін теңдестіру керек деген ұсыныс білдірді. Оның пікірінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа шығатын мал санына шектеу қойса, онда әр ауыл өзінің қанша мал экспорттай алатынын білуі керек. «Жалпы фермерлерге ешқандай шектеу болмауы керек. Біз еліміз бойынша әрбір фермердің мүмкіндігін, яғни экспортқа қанша бас мал шығара алатындығын анықтауымыз керек. Облыс ауданнан, аудан ауылдық округтен, ауылдар шаруалардан мал санын сұрап білсе, айқын да анық, нақты белгілі бір мөлшерді білетін боламыз. Егер ет өңдеушілер тиімді баға ұсынса, онда ешкім малды экспортқа шығармайды. Бұл – нарық. Пайда қайда болса, кәсіпкер сонда барады», – деп түйіндеді сөзін Серік Байғалиев.
Ақмола облысының Атбасар ауданында мал өсірумен айналысатын Данияр Мұқышев та қазіргі таңдағы нарықтық жағдайды ескеретін болсақ, экспортқа шектеу қоймау керек деген пікір білдірді. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшы Кирилл Павлов әр аймақтың етке деген сұранысы мен ұсынысын есептеу керектігін атап өтті.
Ауыл шаруашылығындағы қазіргі таңдағы түйткілді мәселенің бірі ортаға түскен талқылау барысында саладағы өзге де өзекті жәйттер айтылды. Солтүстік Қазақстан об­лысының шаруасы Арсен Исламов экспортқа тыйым сала отырып, осыған дейін қалыптасқан жүйені бұзып алуымыз мүмкін екендігін ескертсе, фермер Азамат Орынбаев егер елдегі ветеринарлық қызмет сапасы жақсармаса, малды экспорттамақ түгілі, өзіміз де етсіз қалуымыз мүмкін екенін атап өтті.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ербол Есенеев жиынды қорытындылай келіп, аталған мәселені талқылау барысындағы бірқатар ұсынысты ведомствоаралық комиссияның қарауына шығаратынын жеткізді. Спикер ет өңдеушілердің де, фермерлердің де уәжін есепке алып, екі жаққа да өзара тиімді шешім қабылдауды ұсынды. «Ең алдымен, отандық ет өңдеушілерге қажетті шикізаттың көлемін анықтау керек. Екінші маңызды мәселе – контрабанда. Шектеу қойылғанына қарамастан, кейбір өңірлерде, мысалы, Түркістанда ірі қара малды заңсыз экспорттаған жағдай тіркелді. Квота көлемін де қайта қарау керек. Осы айтылған­дар мен талқылау барысындағы басқа да ескертпелерді назарға алып, ведом­ствоаралық комиссияның тал­қылауына шығарайық», – деп түйіндеді Ербол Есенеев.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

15738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы