• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 05 Тамыз, 2022

Ел дамуы өңірлер әлеуетіне байланысты

Тұрғындардың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын және көлік байланысын жақсарту, елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатын көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы үкімет отырысында талқыланды. Одан бөлек, жиында коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға назар аударылды.

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров өз баяндамасында ұлттық жоба базалық қызметтерге тең қолжетімділік және көліктік байланысты қамтамасыз ету бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. 4 міндет, 20 көрсеткіш және 96 іс-шара айқындалған. Ұлттық жобаның өткен жылға арналған іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңге болды, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,1 трлн теңге қарас­тырылған. Осы соманың 1,4 трлн теңгесі немесе 93%-ы игерілді. Ағымдағы жылы ұлттық жобаны іске асыруға 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс 709 млрд теңге қарастырылса, 1 тамыздағы жағдай бойынша 528 млрд теңге немесе 30%-ы игерілді.

Былтыр ұлттық жобаны іске асыру аясында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96%-ды құрады, моно- және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымы­ның тозуы 57,6%-дан 45,5%-ға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік жай-күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға дейін, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80%-ға дейін өсті. 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды. Дегенмен, 2021 жылға жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі орындалмаған, олар – тұрғын үйді пайдалануға беру, республика аумағы арқылы транзит көлемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны және «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру көрсеткіштері. Олардың толық орындалмауына жобалардың қымбаттауы және жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, сондай-ақ COVID-19 аясындағы шектеу шаралары себеп болған.

Осы жылғы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында ұлттық жобаның іс-шараларын орындау одан әрі жалғасуда. Министр атап өткендей, ұлттық жоба аясында келесі іс-шаралар бойынша Ұлттық экономика министрлігі жауапты болып бекітілді: «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр жаңғырту жұмыстарымен 480 ауыл қамтылды. 2,9 мың км инженерлік желілер мен жолдар және 300-ден астам әлеуметтік объектілер салынды әрі жөнделді. Осы жылы республикалық бюджеттен 576 ауылда 1 056 жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді, бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 91 жоба атқаруға, әлеуметтік инфрақұрылым саласында 454 және көлік инфрақұрылымы саласында 511 жобаға бағытталған. 1 тамыздағы жағдай бойынша әкімдіктер 52,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 40,8%-ын игерді. Қаражаттың ең төмен игерілуі Қарағанды облысында байқалады. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 2021 жылы 4,3 мың жас маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер алды. Биыл республикалық бюджеттен 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алуға 20 млрд теңге бөлініп, 1 тамыздағы жағдай бойынша 2 мың маман баспаналы болды. Ауылдық аумақтарды дамыту тұрғысында жаңа шаралар қабылдау әрі оларды үйлестіру мақсатында министрлік қазір ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін пысықтап жатыр. ҰЭМ басшысының айтуынша, тұжырымдама ауылдық аумақтардың инфрақұрылы­мын, кәсіпкерлікті және агро­өнеркәсіпті дамыту бойынша, кадрлық әлеуетті арттыру, тұрғындардың интернет желісіне қолжетімділігін ұлғайту және тағы басқалар бойынша кешенді іс-шараларды қамтитын болады. Құжатта жауапты мемлекеттік органдарды айқындай отырып, жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша нысаналы параметр­лер қарастырылатын болады. Моно- және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 2022 жылы 28 қалада 57 жобаны іске асыруға 25,8 млрд теңге бөлінді. 1 тамыздағы жағдай бойынша әкімдіктер 9,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 35,8%-ын игерді. Қаражаттың ең аз игерілуі Павлодар және Алматы облыстарында байқалады. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша моноқалаларды дамыту ісінде кешенді ұстаным қолдану мақсатында, сондай-ақ жаңа шараларды жүйелеу әрі іске асыру үшін министрлік тиісті жол картасын әзірлеуде. Онда моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізбесін, әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеу, индус­триялық аймақтар мен озыңқы даму аумақтарын құру және басқа мәселелер қарасты­рылған.

Премьер-министр ұлттық жобаны іске асырудың елді мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға, 480 тірек және серіктес ауылды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік бергенін айтты. Жұмыс істейтін жастарға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру жөніндегі кейбір көрсеткіштердің орындалмағанына аударды. «Жыл соңына дейін көп уақыт қалған жоқ, сондықтан осы жұмысты жандандыру қажет. Жобалардың іске асырылуы әкімдер мен жауапты орталық мемлекеттік органдар басшыларының ерекше бақылауында болуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ премьер-министр 1 қазанға дейін ауылдық аумақ­тар­ды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді және ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде мәлімет берген денсаулық сақтау министрі А.Ғинияттың айтуынша, әлемде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда және зерттелген үлгі­лердің 95%-ын құрайтын омикрон штамы басым нұсқа болып қалып отыр. 20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттанушылық көбейді. Соңғы екі аптада ауырған адамдар саны 10 714-тен 34 550 жағдайға дейін – 3,2 есеге өсті. Министрдің айтуынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақытылы КВИ-ға қарсы ревакцинациямен қамту қажет екендігін көрсетеді. Бүгінгі күні ревакцинацияны 5 млн-нан астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68%-ы.

Премьер-министр жалпы коронавирус инфекциясын жұқ­тырудың көбейгені әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды облысында байқалып отырғанына тоқталды. «Күн сайын республика бойынша 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Бұл жоғары көрсеткіш. Сондықтан коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын күшейтті, олар өңірлермен және «Атамекен» палатасымен алдын ала келісілді», – деді ол.

Үкімет басшысы Ден­саулық сақтау министрлігі эпиде­миологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. «Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы керек. Вакцинация­лау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын», – деп түйіндеді премьер-министр.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы