• Экспорт
  • 05 Тамыз, 2022

ҰН ЭКСПОРТЫ: ҰСЫНЫС ПЕН СҰРАНЫС

Үкімет экспорттың шикізаттық емес бағытын дамытуға басымдық беріп отыр. Ал ол үшін не керек? Әуелі алынған шикізатты өңдеп, тауарға айналдыратын қуатты өндіріс керек. Себебі, өнім шикізат күйінде арзанға бағаланады. Ал оның тауар түріндегісі – қымбат әрі отандық бренд болмақ.

Үкімет белгілеген бағдар­лама бойынша 2025 жылға қа­рай еліміздің шикізаттық емес экспорты 41 миллиард долларға өсуге тиіс. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Кейбір ағайынның бұл орайда ауызға алдымен мұнай мен газды алуы мүмкін. Себебі, бағасы күн сайын өсіп бара жатқан мұнайға сұраныс әлі де болса жоғары.

Ел билігі қазір елдің шикізат емес экспортын дамытуда негізгі үмітті алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына артып отыр. Жасыратыны жоқ, қазір әлемге азық-түлік тапшылығы қаупі төнді. Әсіресе дәнді дақыл мен астыққа сұраныстың үлкен болатын түрі бар.

Алдағы бес жылда еліміздің шикі­зат емес экспортының көлемін ең кемі екі есеге ұлғайту межеленіп отыр. Бұған қоса саланы дамытуға 4,1 триллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Соның арқасында 500 мың адамға қосымша жұмыс орны ашылмақ. Соған сәйкес еңбек өнімділігі 2,5 есе артады деген үміт бар.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан дәнді дақылдарды шикізат күйінде экспортқа шығарып келді. Себебі, елде мол өнімді сақтайтын астық қабылдау пункттері мен элеваторлар жетіспеді. Бар элеватордың өзі жеке адамдардың меншігіне өтіп кетті.

Алынған астықты бүлдірмей сақтаудың мүмкіндігі аз бол­ған­дықтан, қазақ диқандарының еңбекпен өсірген астығы шетелге шикізат, яғни бидай мен арпа түрінде ғана саудаланды. Ал өңделген шикізаттың, алынған тауардың, біздің жағдайға қарата айтқанда ұнның бағасы қашанда бидайдан көп жоғары болады. Дегенмен елде біразға дейін алынған бидайды ұнға айналдырып тартатын кәсіпорын жеткіліксіз болды.

Қазір проблема біршама ше­шілгенге ұқсайды. Қазақ шаруалары дәнді дақылды шетелге бұрын­ғыдай бидай күйінде емес, ұн етіп шығаруды жолға қойды. Соның арқасында ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің қаржылай қайтарымының да өскені байқа­лады. Мысалға, астықты Қостанай өңіріндегі ұн тартатын «Бест Қос­танай» комбинатын алайық. Серік­тестік биылдың соңына қарай өнім мөлшерін тәулігіне 155 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, оның үстіне кәсіпорын –еліміздегі ең танымал, премиум-кластағы жоғары сапалы ұн шығарып, экспорттайтын өндіріс ошағы.

Кәсіпорын өзі құрылған 2006 жылдан бері еліміздің шикізат емес экспортын өркендетуге айтарлықтай үлес қосып келеді.

– Біздің экспортқа бағытталған өнімімізді негізгі тұтынушыларымыз – Ауғанстан мен Өзбекстан, – дейді серіктестік директоры Олег Куртвапов.

Бидайдан гөрі ұн жоғары бағаланып тұрған заманда бұл кәсіпорынның өркендеу жолы өзгелерге үлгі боларлықтай. Серік­тестік өзінің тәулігіне 250 тонна ұн тартатын алғашқы диір­менін 2010 жылы іске қосыпты. Ал 2018 жылы кәсіпорын өнімділігі тәулігіне 700 тонналық, компью­терлендірілген толық торабы бар іргелі комбинатқа айналған.
Осындай кәсіпорынның арқа­сында Қазақстаннан экспорт­талатын ұн көлемі өсіп келеді. Биылдың бастапқы үш айында экспортқа барлығы 467,8 мың тонна ұн жөнелтілген. Ал 2021 жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіш 345,2 мың тонна болатын.
Бұған дейін ұн экспорты жоғары маржинальды бизнес түріне айнала алмады. Көптеген ұн өндірушілердің табыс нормасы 5-10 пайыздан аспайтын. Соның салдарынан банктер қажет болған жағдайда ұн өндірушілерге несие беруге қиналатын жағдайлар да болған көрінеді. Дегенмен соңғы кезде экспорт саласындағы ұнның маңызының артуына байланысты жағдайдың біршама оңал­ғаны байқалады. Негізгі бидай өн­дірушілердің бірі «Қазақэкспорт» мұндай ұн өндіруші кәсіпорынның дамуына қажет қосымша несие алу үшін кепіл болуға ниет танытып отыр. 
Қазір Қазақстанның премиум-класстағы ұнына деген сұраныстың артып отырғанын есте ұстауға тиіспіз. Бұрынғыдай емес, бүгінде әлемнің көптеген елі Украина мен Ресейдің жоғары сапалы ұны мен бидайынан қол үзіп қалды. Сондықтан біз үшін ұн экспортын ұлғайтуға қолайлы жағдай туып отыр. Қазір Қазақстанның жоғары сапалы ұнын Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Ау­ғанстан мен Иран алады.
Ауғанстанға жыл сайын жібе­рілуге тиіс қазақ бидайының мөлшері белгіленіп қойылған. Алайда 40 миллионға жуық халқы бар Ауғанстан мен 80 миллиондық Иран нарығы тек шикізат түрін­дегі бидаймен шектелмеуге тиіс. Алдағы уақытта бұл елдерге ұн шығару жұмысын қолға алу керек дер едік.
Цифрлар мен деректерге жүгін­сек, Қазақстан өнімі 120 мемлекетке экспортталады. Еліміздің экспорттағы позициясы әзірге шикізат түрінде қалып отыр. Алайда Ресей, Қытай, Италия, Нидерланды, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Үндістан, Испания, Румыния, Греция мен Швейцария Қазақстанның шикізат емес тауар түрлерін алуға, жұмысы мен қызмет түрлерін пайдалануға мүдделілік танытып отыр. 
Шикізат емес тауар экспорты – кешеуілдеп қолға алынған сала. Дегенмен, оның маңызын ертерек түсінгендер де аз емес. Солардың бірі –ұнды, тары мен бұршақ өнімдерін 2001 жылдан бері сатып алып, экспортқа шығаруға маманданған «Саламат» компаниясы. Кәсіпорын тәулігіне 200 тонна ұн тартатын алғашқы өндірістік кешенін іске қосты. Ал 2015 жылы екінші диірмен салынды. Оның тәуліктік өндірістік көлемі – 250 тонна.
Отандық шикізат емес экспортты дамытудың негізгі тетігінің бірі қаржыландыруға келіп тірелеті­нін ұмытпау керек. Саланың аса маңыздылығын түсінген «Қа­зақэкспорт» басшылығы бұл ком­панияға да қаржылай қолдау көрсетіп, 2016 жылдан бері 603 миллиард теңге бөлген екен. Бұл соманың ішіне ұн саудасымен экспортты алдын ала қаржыландыру жұмысы да енеді. Аталмыш жұмыс­тарға бүгінге дейін 116 миллиард теңге бөлінген.
 Мұндай шикізат емес тауар өндірісімен айналысатын кәсіпорындар арасында азық-түлік пен химия өнеркәсібі, машина жасау, металлургия мен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын өндіріс ошақтары бар. Соған қарағанда елімізде экспорттың шикізат емес саласын дамыту ісі біршама дами түскенге ұқсайды. Деректерге қарағанда, Қазақстанның ұн экспорты қазір 2 миллион 323 мың тонна шамасында көрінеді. Әрине, қазіргі әлемдік сұраныспен салыстырғанда, бұл – аз.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы