• Аймақ тынысы
  • 11 Тамыз, 2022

Пайдаланылмаған жерлер мемлекетке қайтарылады

Жетісу облысына қарасты Қаратал ауданында механикалық тазалау арқылы суармалы су жетіспеушілігі шешілмекші. Суармалы су жетіспеушілігін болдырмау мақсатында Қаратал өндірістік учаскесінің күшімен аталған ауданның Жолбарыс батыр, Ескелді би, Елтай ауылдық округтерінде 44 шақырым канал тазартылған.

Жалпы аудан бойынша ұзын­дығы 2 мың шақырым ауыл шар­уа­шылығы каналдарын таза­лау мәселесі өзекті болып отыр, соның 229 шақырым – республикалық меншіктегі, 1,7 мың шақырым – жергілікті атқарушы органдардың меншігіндегі каналдар. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, осы айда ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңі басталады, бұл туралы келісімге қол қойылған. Жалпы ұзындығы 193,4 шақырым Тасарық, Күркілдек, Сыртоған, Қараменде сияқты суару каналдары жөндеуден өтеді. Жоба­ның жалпы құны – 4 млрд. теңге. Биыл рес­публикалық бюджеттен бірінші кезеңіне 1 млрд. теңге бөлінді, жұмыстар келесі жылы аяқталады.

Аудан тұрғындарының айтуынша, су жетіспеушілігін Тентек өзеніне бөгет салу арқылы да шешуге болады. Бұл тұрғыда облыс әкімі Бейбіт Исабаев қазіргі кезде бөгет салудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Оған қоса ұзынды­ғы 10,5 шақырым Аққайыр каналын механикалық тазалауға жоба­лық-сметалық құжаттама әзірле­ніп, құжат мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы орайда канал аса шалғай жерде орналасқандықтан облыс әкімі бұл жобаның іске асырылуына ерекше қырағылықпен қарауды тапсырды.

Тастөбе ауылының тұрғыны түсіру арнасына механикалық тазалау жүргізудің маңыздылығы туралы сөз қозғады. Өңір басшысы бұл мәселенің назарға алынып, хаттамаға енгізілетінін жеткізді.

Қаратал ауданы тұрғын­дары­ның облыс басшысымен кезде­суі кезінде көтерген мәселе­сінің бірі – жайылымдық жер жетіс­пеушілігі. Осыған байланысты Бейбіт Исабаев ауданның бірша­ма ауыл шаруашылығы жерлері ірі жер иеленушілердің қолында болып келгенін ашып айтты. Солардың қатарында «Шығыс Қаратал», «Бақыт Қаратал», «Үштөбе», «Опытное», «Текелі» серік­тестіктері мен басқа да бір­қатар шаруашылықтар бар.

Мәселен, аэроғарыштық зерт­теулердің деректеріне сәйкес Қаратал ауданында пайдаланылмай жатқан 804 гектар егістік, 74,8 мың гектар жайылым жер анықталған. Жергілікті әкімдік тарапынан аталған жерлерді айналымға тартуға бағытталған ешбір шара қабылданбаған. Осы ретте облыс басшысы пайдала­нылмаған алқаптарды қайтарып, жерді мақсатты игере алатын азаматтарға беру керектігін қадап айтты.

«Бұл мәселені қағаз жүзінде қалдырмай, кабинетте отырмай, ауылдарға барып көріңіз. Аудан әкімдігі бұл жағынан мандытып жұмыс жүргізбеген. Бұлай болмайды!», – деді облыс басшысы.

Бұл ретте аудан әкімдігіне тиісті сала мамандарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, игерілмей отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару шараларын шұғыл қолға алуды тапсырды. Ірі жер иеленушілердің жиынға қатысқан өкілдеріне де бұл мәселе басты назарда болатынын ескертті.

Сонымен қатар Жетісу облы­сының Үштөбе қаласы 2024 жылы толық газдандырылады. Ал Қанабек ауылына газ жыл­дың соңында беріледі. Бұл туралы өңір басшысы Қаратал ауданы халқымен кездесуінде Үштөбе қаласы мен Қанабек ауылы тұрғындарының газдандыру туралы сұрақтарына жауап бере отырып, айтты. «Үштөбені газдандыру биыл басталады, жоба келесі жылы да жалғасып, 2023 жылы жұмыстарды шамамен 60 % жеткіземіз, газ жүргізу 2024 жылы толық аяқталады. Қаржы бөлінген», – деді Б.Исабаев.

Жалпы ауданда 46 мыңнан астам тұрғыны бар 17 елді мекен газдандыруға жатады. Үштөбе қаласы мен Қанабек ауылы­нан бөлек он ауылды – Бастөбе, Жаңаталап, Ескелді би, Қызыл­жар, Ортатөбе, Фрунзе, Оян, Кәлпе, Көкдала, Тастөбе ауылдарын газдандырудың жобалық-смета­лық құжаттары дайын. Қалған 5 елді мекенде мұн­дай жұмыстар 2026 жылға дейін аяқталады.

Кездесуде газға қосылу құны туралы мәселе де сөз болды. Газ қазандығы мен есептегіш құрал және басқа да қосалқы жабдықтарды қоспағанда қазір газға қосылу бағасы 170 мың теңге мен 350 мың теңгенің арасында. Осыған байланыс­ты «ҚазТрансГаз» АҚ-мен және ме­дігер ұйымдармен газға қосылу құнын төмендету туралы келі­сімдер жүргізіліп жатқаны айтылды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы