• Аймақ тынысы
  • 11 Тамыз, 2022

Оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын жоюға бағытталған жоба

Еліміздің өркенді дамуы өңірлер әлеуетіне байланысты. Осы орайда аймақтардың шаруашылықтың бар саласы бойынша әлеуетін арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру, серпінді жобаларды іске асыруды көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданы тұрғындарымен ашық форматта өткен кездесуінде баяндап берді.

Осымен жыл басынан бері екінші рет өткізіліп отырған бұл кездесуде тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарға тұщымды жауап алды. Кездесу әлеуметтік желілерде және Түркістан облысы әкімдігінің ресми платформасында тікелей эфирде көрсетілді.

Айта кетейік, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл басынан бері өңір халқымен 200-ден астам кездесу өткізген. Осы кездесулер кезінде жергілікті жерде барынша көңіл бөлінуі тиіс маңызды жәйттер ортаға салынып, тұрғындар тарапынан мыңнан астам мәселе көтерілген. Өзекті мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, халықты толғандырған жалпыға ортақ сауал­дардың басым бөлігі жауабын тапты. Кей мәселелерді шешуге уақыт қажет. Заң аясында бюджеттен қаржы бөліп, қарастыру үшін. Өмірзақ Шөкеевтің сәуір айында өткен сауран­дықтармен кездесуінде отызға жуық маңызды мәселе көтерілген болатын. Бүгінгі күнге соның тең жартысы жүзеге асты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Сауран ауданын қарқынды дамыту мәселесі назарда тұр. Қысқа уақытта біраз жұмыс атқарылды. Алда атқарылар іс те, жоспар да көп. Сәуір айында өздеріңізбен жүздескен кезде Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындары тарапынан ағын су бағасының жоғары болып тұрғаны жөнінде мәселе көтерілген еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына қажетті ағын судың тарифтік бағасы 251 теңге болып белгіленді. Бұрынғы тариф – 787 теңге болған. 11 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құбыр желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 елді мекен газға қосылды. Қалған 7 елді мекен «Ескі Иқан» автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы газ тұтынатын болады. Қазіргі уақытта газ тарату станциясын метрологиялық аттестациядан өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Автоматтандырылған газ тарату станциясы осы айдың ішінде іске қосылады деп жоспарланған. Содан кейін 7 елді мекен кезең-кезеңімен көгілдір отын желісіне қосылатын болады. Сауран ауданындағы облыстық маңызы бар «Ынталы» автомо­биль жолы жөнделуде. Жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуіне баса назар аударылуда, жолды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Жалпы әлеуметтік-инфра­құрылымдық мәселелер жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешіледі, – деді саурандықтармен кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, инфрақұрылым, спорт нысанын салу, өрт сөндіру бекетін ашу және өзге де маңызды мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер мен ұсыныс-пікірлер айтылды. Одан кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдады.

Бүгінде Сауран ауданы алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығында мемлекеттік орган­дардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтереді. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысына 1 миллиард теңге қарастырылған. Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы биыл аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда Оранғай мен Ибата елді мекендерінде де білім ошақтары салынып жатыр.

Шорнақ елді мекеніне ауыз су, кәріз жүйесі және электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тартылады. Жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын осынау инфрақұрылымдық желінің құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 25 миллион сома көлемінде қаржы бөлінді. Аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Аталған нысандар құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Бабай­қорған елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынып жатыр, ал Шорнақ елді мекенінде ұзындығы 20 шақырымға жуық жиырма көше жарықтандырылып, асфальт төселеді. Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңын, футбол алаңшасын салуға 530 миллион теңге қарастырылды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Аудан жұртшылығымен кездесуден кейін Өмірзақ Шөкеев Шорнақ ауылында салынып жатқан әкімшілік және өзге де ғимараттардың құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Жауапты басшыларға құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.

Сауран ауданында қуаты 220 кВ болатын «Орталық» қосалқы станция пайдалануға берілді. Станцияның ашылуына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

 – Өңірде соңғы 4 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталып, шаһарды әрі қарай дамытудың екінші кезеңі басталды. Жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінде халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар құры­лысы бой көтеріп, қаланың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қалып­тасты. Қала аумағында зәулім ғима­раттар, жаңа тұрғын үй кешендері, мәдениет және спорттық, әлеуметтік нысандар салынды. Аталған нысандар мен қала тұрғындарын үздіксіз, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету – маңызды міндет. Сондықтан «KEGOC» АҚ тарапынан облысымызда «Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға беріліп отыр. Бұл станция Түркістан шаһары мен Сауран ауданы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етеді, – деді облыс басшысы.

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев та бұл жобаның өңірде энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор екенін, станция Түркістан энергия торабында электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өсуіне байланысты салынғанын атап өтті.

– Жаңа қосалқы станция Түркістан энергия торабын қосымша электрмен жабдықтау орталығын тиісті қуатпен қамтамасыз етеді. Осының арқасында жергілікті тарату электр желісін дамыту үшін жағдайлар жасалады, өңірлік желінің қажетті өткізу қабілеті қамтамасыз етіледі, – деді ол.

Түркістан қаласын дамыту бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, «Түркістан қаласын сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр желілік нысандар құрылысы» жобасын іске асыру «KEGOC» АҚ-ға бекітілген болатын. Нәтижесінде «KEGOC» АҚ құрылысты 2019-2022 жылдары жүргізіп, станцияны пайдалануға берді. Қосалқы станцияға кернеуі 110 кВ және одан төмен жергілікті тара­ту электр желісі қосылатын болады. Жоғары кернеулі «Орталық» қосалқы станциясы 220 кВ электр желісіне қо­сылады және қаланы сыртқы электрмен жабдықтаудың қажетті өткізу қабілеті мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

Станцияда заман талабына сай озық технологиялар қолданылған. Энергетикалық нысанға «Яссы», «Солтүстік», «Коммуналдық», «Сауран» қосалқы станцияларын және 50 МВт жылу энергия орталығын (ЖЭО) қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосалқы станция арқылы Түркістан қаласы мен Сауран ауданының 300 мыңнан астам тұрғыны, әлеуметтік, шағын және орта бизнес нысандары сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Құрылыс кезінде облыстың жүзден астам тұрғыны жұмыспен қамтылса, станция іске қосылып, пайдалануға берілген кезде 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Облыс басшысының өңір жұрт­шылығымен кездесу бағытын­дағы осы сапары барысында Төлеби ауданында салынатын 1000 МВт бу-газ қондырғысы құрылысының іргетасы белгіленді.

– Бұл жоба еліміздің энерге­тика­лық қауіпсіздігін және ұлттық энер­ге­тикалық жүйенің, әсіресе энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің сенімділігін арттырады. Икемді генерациялау режимі бар аралас тізбекті зауыттың құрылысы республикамыздың энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасайды, – деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Облыс әкімі энергия тапшылығын шешу бағытындағы бұл жобаның аса маңызды екенін жеткізді.

– Мегажобаның іргетасы қалан­ғалы тұр. Өңірге өте ауқымды инвестиция тартылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында Оңтүстік аймақта 1000 МВт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажеттігін айтқан болатын. Міне, бүгін Президентіміздің тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде маңызды жобаны жүзеге асыру үшін қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының іргетасын қалағалы тұрмыз. Өздеріңізге бел­гілі, жыл сайын елімізде электр дефи­циті байқалып келеді. Түркіс­тан өңірінде энергия тапшылығы – өте өзекті мәселе. Облысқа қажетті электр қуатының 80 пайызы сыртқы көздерден тартылады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, маңызды бу-газ станциясын (ПГУ) салатын боламыз. Бұл жоба бойынша облысқа болжаммен 722,8 миллиард теңге жеке инвестиция тартылады. Осы бу-газ қондырғысы іске қосылған соң өңірде кәсіпорындар көбейеді, кәсіпкерлік дами түседі. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтаймын. Жаңа электр орталығы өңірде энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға тың серпін береді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Жоба жүзеге асырылған күнде Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстанда электр энергиясының сапасы артып, энергетикалық жүйе­нің теңгерімділігі мен сенімділігі қамтамасыз етілетін болады. Өйткені қазір облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт көлемінде болса, жаңа жоба арқылы бұдан үш есе артық көлемде электр өндірілмек. Нәтижесінде өңірдің қарқынды дамуының басты бір негізі – энергия жетіспеушілігі мәселесі шешімін тауып, өзге аймақ­тар да электр қуатымен қамтамасыз етілмек. Облыста энегрия тапшылығы жойылған соң, ірі кәсіпорындар мен өндіріс те дамиды деген жоспар бар. Аталған жоба 2024-2026 жылдары жү­зеге асырылады. Мамандар бұл жобаны ТМД аумағында баламасы жоқ жобалардың бірі деп бағалап отыр. Құрылысты салу барысында 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылып, қондырғы іске қосылған соң 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Маневрлік генерациялау режи­мі­мен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС компаниясы жүргізеді. Қазіргі уақытта газ құбы­рының магистралдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру кестесі негізге ала отырып, алдын ала техникалық-эко­но­микалық негіздеме жасалды.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы­ның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Сауран ауданында жалпы қашықтығы 130 шақырымды құрайтын 7 облыстық маңызы бар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Жүйнек (13,9 шақырым), Ынталы (20 шақырым), Түркістан – Қарнақ (21 шақырым), Бабайқорған – Кентау (38,7 шақырым) бағыттарындағы елді мекендерді жалғайтын автомобиль жолдарында асфальт салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ Кентау – Ойық (31,6 шақырым), Шорнақ (4,2 шақырым) бағыттарындағы елді мекендерді жалғайтын автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Мердігер мекемелер анықталғаннан кейін жол жөндеу жұмыстары басталатын болады.

Қазіргі таңда өндірістік кестеге сәйкес жалпы 63 шақырым жол­дың асфальт-бетон жамылғысы жаңартылды. Биылғы жылға бөлінген қаржыға сәйкес 4 нысанды немесе 76,8 шақырым жолды толық пайдалануға беру жоспарланған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы филиалы тарапынан тұрақты түрде бақылауға алынған.

НҰРЛАН ҚҰМАР

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы