• Қаржы
  • 11 Тамыз, 2022

Маусымдағы қаржы нарығы

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Еліміздің қаржы нарығы тұрақтылығын сақтап, саудадағы кей әріптестеріміз де қазіргі таңда орын алып отырған құлдилау үдерістерінің ықпалына ұшырамай келеді. Бұған жуырда қолымызға тиген маусымдағы қаржы нарығының жай-күйі куә. Бұл айда теңгенің бағамы бірқатар өзгеріске түсті, ай соңында оның АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы 13,3 пайызға әлсіреп, 470,24 теңгеге жетті. Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі 2,1 млрд АҚШ долларына, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 10 млрд АҚШ долларына жуықтады. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 81,8 пайыз немесе 8,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш мамырда 81,5 пайыз немесе 7 млрд АҚШ доллары болған-тын. Мұндай өзгеріс олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден сақтандыруына-хеджирлеуіне бай­ланысты туындағанын, сондай-ақ операциялар банк тобының ішінде жүргізілгендіктен, ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысының немесе ұсынысының арақатынасына әсер етпейтінін атап өтуіміз керек.
Есепті мерзімде халық нетто-негізде 91,5 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Аталған көрсеткіш 249,7 млрд теңге құраған мамыр айымен салыстырғанда бұл шығыстар 2,7 есе төмендегенін, 237 млрд теңге болған 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нетто-сатып алу көлемі 2,6 есе кемігенін айта кету керек. Шығыстардың ішінде 42,4 млрд теңге сома АҚШ долларын, 15 млрд теңге Ресей рублін, 33,6 млрд теңге еуроны сатып алуға бағытталды. Валюта түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 4,9 есе төмендеді, Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 5,7 пайызға өсті және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 31 пайызға артты. Депозит нарығына келсек, резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 7,6 пайызға ұлғайып, жылдық мәнде өсу 8,1 пайыз болды, ал маусымның соңында 27 162,9 млрд теңгеге жетті. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 801,2 млрд теңгеге дейін немесе 8,2 пайызға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 13 361,7 млрд теңгеге дейін 7 пайызға өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 17 581,2 млрд теңгеге дейін 4,5 пайызға артты, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 9 581,7 млрд теңгеге дейін 13,9 пайызға өсті. Долларландыру деңгейі маусымның соңында 35,3 пайызға жетті, бұл көрсеткіш 2021 жылғы желтоқсанда 36 пайыз болатын. Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері маусымда 8 715,6 млрд теңгеге дейін 3,2 пайызға өсті, шетел валютасындағы депозиттер 5 085,6 млрд теңгеге дейін 18,1 пайызға артты, бұл заңды тұлғалар депозиттерінің 36,8 пайызын құрайды. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 865,6 млрд теңгеге дейін 5,8 пайызға көбейді, шетел валютасындағы депозиттері 4 496,1 млрд теңгеге дейін 9,5 пайызға өсті, бұл жеке тұлғалар депозиттерінің 33,6 пайызы болып табылады. Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 7,6 пайызға ұлғайып, 18 225,8 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 950,0 млрд теңгеге, шетел валютасындағы салымдар 6 275,8 млрд теңгеге жетті. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі маусымда 11,6 пайызды, жеке тұлғалардың депозиттері 11,4 пайызды құрады, бұл көрсеткіштер 2021 жылғы маусымда тиісінше 7,3 пайыз және 8,6 пайыз болатын. 
Кредит нарығы бойынша банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 2,7 пайызға ұлғайып, маусымның соңында 20 050,8 млрд теңгені құрады, жылдық мәнде өсу 27,5 пайыз болды. Заңды тұлғаларды кредиттеу бір айда 8 080,9 млрд теңгеге дейін 2,4 пайызға, жеке тұлғаларды кредиттеу 11 969,9 млрд теңгеге дейін 2,9 пайызға өсті. Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 18 245,9 млрд теңгеге дейін 1,9 пайызға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,1 пайызға төмендеді, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,9 пайызға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 804,9 млрд теңгеге дейін 11,8 пайызға ұлғайды. Бұлардың құрамындағы заңды тұлғаларға берілген кредиттер 11,9 пайызға көбейді, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 5,1 пайызға төмендеді. Маусымның соңында теңгелік кредиттердің үлес салмағы 91 пайыз болды. Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 16 599,8 млрд теңгеге дейін 2,8 пайызға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 3 451,0 млрд теңгеге дейін 2,1 пайызға ұлғайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу маусымда 4 168,1 млрд теңгеге дейін 4,5 пайызға өсті. Банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 15,8 пайыз, жеке тұлғаларға 17,2 пайыз болды. Зейнетақы жүйесіне келсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша, салымшылар мен алушылардың зейнетақы жинағы маусымда 613,7 млрд теңгеге немесе 4,8 пайызға ұлғайып, 13 384,5 млрд теңге болды. Зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 1 шілдеде 7 246,6 млрд теңгеге дейін 505,4 млрд теңгеге ұлғайды. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 1 шілдеде 10,9 млн шот болды. Маусымда зейнетақы төлемдерінің сомасы 36,7 млрд теңгені құрады. 1 шілдеде Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорының жиынтық инвестициялық қоржынының негізгі үлесін Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздары мен республика эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары алып, бұлар тиісінше зейнетақы активтері жалпы көлемінің 42,6 және 21,4 пайызын құрады.

836 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы