- Қаржы
- 11 Тамыз, 2022
Теңге бағамы тамызда тұрақтауы мүмкін

Теңге тамыз айында тұрақтап, нығаюға бет алмақ, деп бағалап отыр сарапшылар. Ұлттық валютамыз бір долларға 460-485 теңге аумағында тұрақтайды, дейді Esperio компаниясының сарапшысы Нұрбек Ысқақов.
Шілде теңге үшін ойламаған жерден біркелкі орнықты ай болды. Иә, ұлттық валютамыздың айырбас бағамы долларға қарағанда 1,7%-ға төмендеп, 469-дан ағымдағы 479 теңгеге дейінгі мәнде құбылды. Алайда, бұл ретте ол рубльге қатысты жайғасымының бір бөлігін (+8,2%) – 8,5 теңгеден 7,8 теңгеге дейінгі белгіде нығайып – қалпына келтіре алды, дейді өз талдауында Н.Ысқақов.
Бір қызығы, мықты деген валюталардың бірі, мәселен евро, шілдеде АҚШ долларына, теңгеге қарағанда, әлдеқайда көбірек – 3%-ға жуық жоғалтқан, ал сол евроның құлдырау сәтіндегі көрсеткіші тіпті 5%-ға дейін жеткен. «Бұл бір ай үшін әжептәуір көп, әсіресе еуропалық валютаның долларға қатысты пара-парлық деңгейдегі теңгерімде болғанын ескерсек, әрине. Бұдан басқа, мұнай нарығы жағдаятының нашарлауына төзімділігін де теңгенің жетістігі есебіне бағалауға болар еді. Мұнай бағасы шілдеде 5%-ға төмендеді, құлдырау сәтінде тіпті 14% құраған, бірақ Қазақстанның ұлттық валютасы бұл сынақтан да тұрақтылық танытып өте алды.
Теңгеге қолдау көрсете алар факторлардың бірі шілдеде тәуекелге «тәбеттің» артуы болды. Америкалық ауқымды нарық индексі S&P 500, KASE қазақстандық индексімен бірге бір айда 8%-ға артқан. Бұл осының алдындағы айларда өрбіген ашық түрдегі әлсіз серпіндерден соң, дамушы нарықтарда инвесторларды белсендірек қимылдарға итермелегені даусыз.
Шілденің соңғы сауда күні де теңге үшін бүкіл ай бойындағыдай біркелкі сипатта өрістеді. Айдың соңғы аптасында да барлық оқиғалар жоспарлағандай өрбіген, Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ) мөлшерлемені 0,75 п.т. (пайыздық тармаққа) көтерді, АҚШ-та рецессия тіркелді», – деп атап көрсетедіі сарапшы.
Талдаушы болжамдары бойынша, Қазақстан ұлттық валютасының бағамы бір америкалық долларға шаққанда 479 теңге белгісіне таяу деңгейінде қалады. «Тамыз айы шілдеге қарағанда, әлдеқайда жағымдырақ болады. Қазақстан валютасы үшін үш фактор оң әсерін тигізеді. Біріншісі –америкалық валютаның әлсіздігі. Екіншіден – мұнайға бағалардың өсу мүмкіндігі. Үшіншіден, мұны статистикалық әсер десе болады, өйткені, дағдарыстық үлгі аясында теңге біршама жайлы кезеңге аяқ басты.
Осыларға нақтырақ тоқталар болсақ, америкалық валютадан бастаған жөн, себебі бұл ағымдағы сәттегі ең маңызды фактор. Базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін америкалық қаржылық реттеу органының басшысы Джером Пауэл реттеушінің ендігі шешімі макростатистикаға тәуелді болады деп мәлімдеді. Түсінікті тілмен айтқанда, бұл, егер АҚШ экономикасындағы жағдай нашарлайтын болса, ФРЖ мөлшерлемені бәсеңсітеді немесе тіпті мөлшерлемені көтеруді тоқтатуы мүмкін, ал ол америкалық долларды әлсіретуге себеп болмақ. Айтқандай-ақ мәлімдеме жасалған күннің ертеңіне, 28 шілдеде АҚШ-та өте жайсыз макромәліметтер жария болды, оған сәйкес АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі екінші тоқсан қатарынан қысқарған, бұл рецессия орын алды деген сөз.
Рецессия жағдайында ФРЖ мөлшерлемені одан әрі көтеруін елестету мүмкін емес. Сондықтан инвесторлар үшін бұл америкалық доллардың жаппай нығаюы аяқталғанының белгісі де болса керек. Сөйтіп, тамызда біз валюта нарығында өзгеру үстіндегі парадигманың алғашқы нәтижелерін көре аламыз», – деп есептейді Ысқақов.
Екінші маңызды фактор, сарапшы пікірінше, бұл – мұнай бағалары. «Бұл жерде, шілдеде бағалар 40-60 пайызға шарықтап кеткен газ нарығындағы оқиғаларға да назар аудару қажет. Әлемдегі энергия ресурстарының жаппай жетіспеушілігі жағдайында газға бағаның шарықтауы сатып алушыларға баламалы энергия көздерін сатып алуға итермелейтін сыңайлы. Сосын мұнай бәсекелестіктен тыс екенін де айта кету керек», – дейді сарапшы.
Мұнайға бағалар сұранысы жоғары болуының әсері тамызда шілдедегі газдың рекордтық бағаларын қайталап, 30-40 пайызға шарықтауы мүмкін. Бұл теңге үшін аса қолайлы сәт, өйткені Қазақстанның ішкі нарығына шетелдік валюта ағыны арта түседі де, теңгерімді қазақстандық валюта пайдасына қарай ойыстырады.
Ақыры, үшінші маңызды, статистикалық фактор да тамызда теңге пайдасына шешілмек. Биылғы жылдың ақпан-наурызында іске қосылған валюта бағамы әлсіреуінің дағдарыстық үлгісі аясында теңге бір АҚШ долларына 510-520 теңгеге дейін құлдырап кеткен бастапқы кезеңнен өттік, сәуір-мамырдағы 410-420 теңгеге экстремалды түсіп кеткен екінші кезеңнен де өттік. Бағам маусым мен шілдеде бір долларға орташа есеппен 480-485 теңгеге қайтып оралған үшінші кезеңнен де өттік. Енді қазақстандық валюта 1-2 ай бойы, дағдарыстық үлгінің төртінші кезеңі басталатын, яғни тамызда және бәлкім, қыркүйекте де, бір АҚШ долларына 460-485 теңге аумағында тұрақтауы тиіс.
Бұдан басқа екі фактордың әсері, яғни америкалық валютаның әлсіздігі және мұнайға бағалардың өсуі дағдарыстық үлгінің төртінші кезеңімен оңтайлы үйлеседі. Бәлкім, нақ осы теңгенің бір долларға шаққанда 460 теңге аумағында төменгі шекарасын бекітуге теңгемізге жеткілікті күш беретін маңызды фактор болуы да мүмкін», – деп түйіндейді сарапшы.
ИСА ҚАМБАР

1010 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *