• Өндіріс өрісі
  • 11 Тамыз, 2022

«Ақбақай»: Екінші кезең іске қосылды

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында орналасқан «Ақбақай» өндірістік алаңында бұған дейін жыл сайын 850 мың тонна кен алынып келген. Енді екінші кезеңнің іске қосылуымен фабриканың өндірістік қуаттылығы жылына 1,2 миллион тоннаға дейін артпақ.

«Екінші кезеңді іске қосудың нәтижесінде компаниямыздың өндірістік ауқымы кеңейеді. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына тың серпін береді деп ойлаймыз. Бұған қоса, қосым­ша жұмыс орындары құрылады. Атап айтқанда, жобаны іске қосу арқылы қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылады», – дейді «Алтыналмас АК» АҚ Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы өндіріс бойынша басқарушы директоры Бағдат Бахрамов.

«Ақбақай» кен орнын 1968 жылы белгілі геолог Дүбек Дүй­сенбеков ашқан. Ал қорды толық игеру жұмыстары 1975 жылы басталды. Ақбақайда жаңа кен қорының ашылуына байланысты шикізатты қайта өңдеу үшін орасан қуат қажет болғандықтан кен өңдеудің заманауи цехы салынды. Бүгінде алтынды фабрикаға қарасты «Ақбақай», «Бескемпір», «Карьерное», «Ақсақал», «Светинское», «Кенжем», «Шығыс Ақбақай» және «Олимпийское» кен орындары өндіреді.

Өндірілген пайдалы қазба фабрикада өңделіп, одан Доре қорытпасы түріндегі дайын өнім шығарылады. Технологиялық үдерістің толық айналымы SCADA автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жүргізіледі.

2011-2015 жылдар аралығын­да «Алтыналмас» кәсіпорны Ақбақайдағы жерасты өндірісі технологиясын қол еңбегінен механикаландырылған әдіске көшірген. Сөйтіп, бұл шара өндіріс қуатының 600 пайызға артуына әкелді.

Қазіргі таңда өндірісті цифр­ландыру бағдарламасы аясында кен орны жерасты стационарлық құралдармен жабдықталып, ашық тау-кен жұмыстарын басқару автоматтандырылды, геологиялық-маркшейдерлік жасақтамасы мен GEOVIA интеграциялық платформасы енгізілді. Сонымен қатар ұзындығы 130 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 400 метр тереңдікте жерасты Wi-Fi орнатылды.

Бүгінде жерасты тау-кен қазбаларын маркшейдерлік бақылау кеншілердің қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ететін және тау-кен жұмыстарының өнім­ділі­гін арттыруға ықпал ететін CMS MINEi (GeoSight, Канада) пайдаланылған кеңістігін лазерлік сканерлеу көмегімен атқарылуда. Бұдан өзге, тау-кен геологиялық деректерін сақтау және жүйелеу мақсатында сыртқы зертханалармен біріктірілген Minevision дерек басқарудың орталықтандырылған жүйесі енгізілді. Strata жерасты қозғалыс бақылау жүйесі диспетчерге сенсорлар арқылы адамдар мен жабдықтардың орналасқан жерін көрсетеді. Ал Surpac 3D модельдеу жүйесі геологтың жұмыс уақытын азайтып, деректердің толықтығы мен сенімділігін арттырады. Шахтаның ауа айналдыру жүйесі VentSim бағдарламалық жасақтамасы арқылы жобаланды. Ал интеграцияланған цифрлық орта барлық бизнес-үдерістерді назарда ұстауға мүмкіндік беріп, өндірісті бақылау мен басқаруды жүзеге асырады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы