• Қаржы
  • 11 Тамыз, 2022

Инфляция қашан тізгінделмек?

Баға үздіксіз өсіп, жеделдеген инфляция қарқынымен қоса төл теңгеміз де құнсызданған үстіне құнсыздана түсуде. Тамызда теңге біршама нығайып, құбылмалы бағам тұрақтанады дейді сарапшылар. Жалпы инфляцияның қашан, қалай тізгінделмегі, сыртқы сын-қатерлер, елдің ақша-кредит саясатының даму бағыты жайында еліміздің бас қаржы реттеушісіне қойылатын сұрақ аз емес. Осы ретте жиі қойылатын сұрақтардың бірқатарына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың дүйсенбі күні бас банктің ресми сайтында жарияланған материалын ықшамдап оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Инфляциялық таргеттеу­ге көшкеннен бері экономикамыз үнемі сыртқы тегеуріндер әсе­ріне ұшырап келеді. Қалай ойлайсыз, инфляциялық таргеттеу принцип­терін ұстану арқылы оларды жеңуге шамамыз жете ме?

– Иә, бүгінгі таңда елі­міз эко­но­микасы сыртқы күй­зелістер әсеріне ұшырып отыр. Экономикамыздың сыртқы күйзелістерге орнықтылығын жақсарту мәселесі талқылауға ұсынылатын аса маңызды және өз алдына бөлек тақырып деп ойлаймын.

Ақша-кредит саясатына келер болсақ, инфляциялық таргеттеуге көшкеннен кейін инфляция деңгейі 2016 жылдың шілде айындағы ең жоғары мән – 17,7%-дан 2019 жылдың соңына қарай 5,4%-ға дейін төмендеді. Ал 2017 жылдың қаңтары­нан бастап 2020 жылы дағдарыс көрініс бергенге дейін инфляция ны­са­налы дәліз ішінде болды. Алайда 2020 жылы мұнай нарығындағы баға кереғарлы­ғымен, одан кейін іле-шала орын алған жаһандық коронави­рус пандемиясымен байланысты сыртқы тәуекелдердің іс жүзінде бой көрсетуі инфляцияның нысаналы дәліз шегінен шығып кетуіне алып келді.

2021 жылдың орта шенінен бастап, әлемде, сол сияқты Қазақстанда да жеткізу тізбегінің бұзылуынан тауар-шикізат нарығында сұраныстың жедел қалпына келуі мен туындаған жаһандық теңгерімсіздіктің нәтижесінде инфляция қарқын ала бастады. 2022 жылы инфляция геосаяси ахуалдың шиеленісуі аясында жаңа айналымға енді.

Ұлттық банктің жедел қабыл­даған шаралары макроэко­номикалық тұрақтылық пен теңге активтерін қорғауға жағ­дай жасай отырып, сыртқы күй­зелістер зардабының ел экономикасына таралуының алдын алуға мүмкіндік берді. Осы жыл­дың ақпан-наурыз айларында қа­былданған шешімдер ұлттық валютаны қолдауға және қазақстан­дықтардың жинақтарын қорғауға мүмкіндік тудырды.

– Ұлттық банк қабылдаған ша­ралар қандай нәтиже көрсетіп отыр?

– Біздің негізгі мақсатымыз – қазақстандықтардың әл-ауқатын қорғау, кірістері мен жинақтарын құнсызданудан сақтау. Қазірдің өзінде қабылдаған шешім­дері­міз­дің жағымды аралық нәти­же­леріне куә болып отырмыз.

Жыл басынан бері депозиттік база долларландырудың біршама төмен деңгейін сақтай отырып қайта қалпына келді, ал кейбір облыстарда біздің резиденттеріміз теңгеге ауысуда белсенділік танытуда. Мұның барлығы жинақтау қабілетінің арт­қандығын білдіреді және біз үдемелі баға жағдайында бұл үрдісті қолдап қана қоймай, оны бекіте түсуді мін­детіміз деп білеміз.

Биыл базалық мөлшерлеменің өсуінен инфляцияны төмендетудің негізгі нәтижелері орта мерзімді кезеңде уақытша кеш шығады. Соған байланысты қазіргі шаралардың негізгі нәтижесін біз алдағы 1-2 жылда ғана көре аламыз, яғни 2023-2024 жылдары.

– Шетелдіктер тарапынан мемле­кеттік облигацияларға қызығу­шылық бар ма? Бұрынырақта Ұлттық банк Қазақстанның МБҚ 2022 жылы J.P.Morgan GBI-EM индексіне қосыла алады деп хабарлаған еді. Бұл отандық нарық үшін не береді?

– Иә, қызығушылық бар, 2021 жылы сыртқы инвесторлар Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын сатып алуды 5 есеге, яғни 79 млрд теңгеден 384 млрд теңгеге дейін көтерді. Бірақ дәл қазіргі уақытта біз шетелдік инвесторлар қатысымының төмендегенін байқап отырмыз, бұл бірінші кезекте, әлемдік нарықта орын алған жағдайларға байланысты. Ал ондағы жағдай, өздеріңіз де білесіздер, тым күрделі.

2021 жылдың шілде айында J.P. Morgan индекстерді басқару бойынша шолу шығарды, мұнда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары GBI-EM индексіне қосу үшін «радарға» орналастырылған болатын. Индексе енгізу қазақстандық облигацияларды өзгелерге танытып қана қоймай, жергілікті нарыққа шетелдік инвесторлардың жаңа ағынына жол ашады, ол өз кезегінде МБҚ ішкі нарығының өтімділігін арттырып, мемлекеттік қарыз алудың арзандауына және нарықтық кірістілік қисығын құруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қарыз нарығының әрі қарай дамуының қазіргі басым­дық­тарының бірі – мемлекеттік облигациялардың қайталама нарықтағы өтімділігін арттыру. Біз мемлекеттік облигациялар бойынша бастапқы дилерлердің толыққанды институтын енгізуді және Ұлттық банктің басқаруымен қорларды бәсекелес ортаға беруді қарастырып жатырмыз. Бұл нарықтық бағаны қамтамасыз етуге және бәсекелестікті арттыру арқылы тиісті қызметтер нарығының дамуына оң әсер етеді. Мұндай тәсіл бағалы қағаздардың айналымдылығын арттыруға қосымша ынталандырады.

Жалпы алғанда, қарастырылып отырған бастамалар мемлекеттік қарыздар нарығының тиімділігі мен өтімділігін құруға бағытталған.

– Ақша-кредит саясаты саласын­дағы соңғы шешімдер депозиттер көлемі мен мөлшерлемелеріне қаншалық ықпал етті? Банктерде халық пен бизнес салымдарының ағыны сәйкестенді ме?

– Базалық мөлшерлемені артты­рудағы негізгі мақсаттың бірі – халықтың тұтынушылықтан жинақ­тауға ауысуын ынталандыру үшін теңге депозиттерінің тартымдылығын арттыру, яғни кірістілікті көбейту.

Биылғы жылдың басынан базалық мөлшерлеме мен ҚДКҚ ұсынатын мөлшерлемелер өсуінен кейін іле-шала корпоративті сектордың да, халықтың да салымдар бойынша мөлшерлемелері өсе бастады. Нәтижесінде біз банк жүйесінде депозиттердің өсімі орын алғанын көріп отырмыз. Белгісіздіктің өсуіне қарамастан, депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі жылдық мәнде 8,1%-ға, яғни 27,2 трлн теңгеге дейін өсті. Биылғы екінші тоқсанда базалық мөлшерлеменің артуынан ықпал байқала бастаған кезде жеке тұлғалардың теңгелік салымдары 6,1%-ға, заңды тұлғалардың салымы 4,4%-ға өсуі арқасында депозит көлемі 2,7%-ға көбейді.

Ұлттық валютадағы депозиттерге қаражаттың қосылуы және валюталық депозиттерден салымдардың алынуы – депозиттегі долларланудың төмендеуіне ықпал етті. Мәселен, ақпан айындағы 38,4% жоғары шегінен маусымның соңына қарай 35,3%-ға түсті. Долларландырудың бұл деңгейі инфляциялық таргеттеуді енгізген кезден бастап ең төменгі шек болып есептеледі, егер естеріңізде болса, 2016 жылы біз депозиттегі долларландырылудың 70%-ға дейінгі (69,7% – 2016 жылдың қаңтары) шегіне жеткен болатынбыз.

– Базалық мөлшерлемені арттыру экономиканы несиелендіруге қалай әсер етеді? Бұл тұрғыда банктердің несиелік белсенділігі қалай?

– Биыл базалық мөлшерлеменің артқанына қарамастан, бизнеске берілген несие жылдық мәнінде маусым айында 12,7%-ға, ал халыққа берілетін несие 40%-ға өсті. Өз кезегінде, жиынтық несие портфелі 27,5%-ға, яғни 20,1 трлн теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ корпоративтік секторға ұлттық валютадағы несие­лердің жыл сайынғы өсуі 2012 жылдың қазан айынан бері алғаш рет ең жоғары, 19,4%-ға өскенін атап өткім келеді. Кәсіпорындарға берілген жаңа несиелердің де көлемі ауқымдырақ болды. Негізі­нен олар айналым қаражатын қаржы­ландыруға (2021 жылы 76%) және экономикадағы ағымдағы іскерлік белсенділікті қолдауға бағытталып отыр. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік субъектілеріне 11,1 трлн теңгеге жаңа несиелер берілді. Салыстырар болсақ, өткен жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 14,8 трлн теңгені құрады, яғни бизнеске берілген несиелер бюджет шығыстарының ¾ бөлігіне тең болды. Бұл банктердің экономикадағы маңыздылығын көрсетеді.

Экономиканың сапалы өсуі үшін негізгі капиталға инвестицияның маңызы зор екенін атап өткім келеді. Жалпы, елімізде бұрыннан келе жатқан үрдіс, негізгі капиталға салынатын инвестицияның бастыкөзі несие емес, кәсіпорынның өз қаражаты болып табылады (негізгі капиталға инвестициялардағы үлесі – 2021 жылы 71%, бюджет қаражаты – 15%, ал ЕДБ кредиттері мен қарыз қаражатының үлесі – 2,6%).

Біздің міндетіміз – ұлттық валю­тадағы ұзақ мерзімді қаржылан­дырудың пайда болуына жағдай жасау. Біз бұған экономикамыз үшін тұрақты парапар инфляция деңгейі мен теңгенің сатып алу қабілетін қамтамасыз ету арқылы қол жеткізе аламыз. Біздің саясатымыз бірінші кезекте осы мақсаттарға бағытталған. Өз кезегінде инфляцияның тұрақты деңгейі және инфляциялық күтулердің бекітілуі экономикалық агенттердің болашаққа сенімін арттырады, оларға ұзақ мерзімге инвестициялық жоспар құруға мүмкіндік береді, сәйкесінше, негізгі капиталға инвестициялауға қызығушылығын арттырады.

– Банктер ұзақ мерзімді жобаларды қаржы­ландыруға әлі дайын болмаса, ин­фра­құрылымдық жобалар үшін қан­дай көздерден қаражат тартуға болады?

– Елде инфрақұрылымға инвестиция құюға деген қажеттілік зор екендігі сөзсіз. Бірақ дамыған елдерде инфрақұрылымды қаржыландыру жеке капитал есебінен жүзеге асырылады. Жеке капиталдың инфра­құрылымды инвестициялауға құ­лық­­сыз­дығының себептерін жою қажет. Бұл – басты мәселе, оны тек ақшамен шешу мүмкін емес. Оның үстіне, біз мәселені қосымша қаржы бөлу арқылы шешуге тырысып, макроэкономикалық мәселе – экономиканың қыза түсуіне жол ашамыз.

– Әрине, экономиканы қаржылан­дыруда қаржы нарығының басқа қаты­­сушыларына қарағанда банк­тердің рөлі жоғары. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– 2020-2021 жылдары нормативтік есеп беру сапасын арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Осының арқасында біз қазір эко­номикаға берілген несиелер бойынша статистиканы кеңейтілген анықтамада жасап жатырмыз және оларды тоқсан сайын жариялай бастаймыз. Мұнда екінші деңгейлі банктер, квазимемлекеттік сектор субъектілері (Қазақстанның даму банкі, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіретін ұйымдар), ипотекалық ұйымдар, микроқаржы ұйымдары, несиелік серіктестіктер және ломбардтар берген несиелер ескерілетін болады. Заңнаманың өзгеруіне байланысты қазіргі уақытта банктік несиелер бойынша статистикаға енгізілген «Отбасы банкі» АҚ квазимемлекеттік сектордың несиелік ұйымдарының құрамына енуі мүмкін.

– Биыл бірінші жартыжылдықта әлемдік мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған ең жоғары шекке жетті. Бұл еліміздің төлем қабілетіне қаншалықты әсер етті?

– Расында, бірінші жартыжыл­дықта соңғы жылдардағы ең жоғары бағаға куә болдық. Қазақстандық экспорттың орташа алғанда 60% мұнайға тиесілі екенін ескерсек, ағымдағы шоттың траекториясы қара алтынның әлемдік бағасының траекториясымен белгіленеді. Энергия жеткізушлерінің бағасы төмен болған кезде төлем балансының ағымдағы шоты тапшылық аймағында қалды, ал баға көтерілген уақытта, профицит байқалды. Мұндай заңдылық биылғы бірінші жартыжылдықта да байқалып отыр: мұнайдың жоғары бағасы ағымдағы шоттың 6,6 млрд АҚШ долларына профицитін қамтамасыз етті. Алайда, бұл тұрақты емес, өйткені ол тек шикізат бағасының өсуімен ғана қамтамасыз етіледі.

Анағұрлым жоғары шектегі ішкі өнім өндірісінің болмауы сыртқы күй­зелістерге түсудегі ең осал тұстары­мыздың бірі болып қала береді.

Отандық өндірістің қазіргі дең­гейі ішкі сұранысты қамту үшін жеткіліксіз. Бұл импорттың тұрақты жоғары деңгейіне тәуелділікті тудырады, ал тауарларды импорттай отырып, біз әлемдік инфляцияның енуіне есік ашамыз. Оның үстіне шетелдік тауарларға ақы төлеуде шетелдік валютаға сұраныс туындайды, осылайша айырбас бағамына қысым көрсетіледі.

Төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк сыртқы күйзелістерді абсорбациялай отырып, теңгенің еркін айналымын қамтамасыз етеді.

Экономиканы әртараптандыру – бір күндік жұмыс емес. Ол үнемі жүргізіледі. Үкіметтің 2025 жылға қарай 41 млрд АҚШ доллары көлемін­дегі тауарлар мен қызметтердің шикі­заттық емес экспорты жөніндегі мақсатына қол жеткізу қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етеді.

– Президент биыл «Жаңа Қазақ­стан» тұжырымдамасын жария етті. Осы ретте Ұлттық банктің саясатында қандай өзгерістер бар?

– Ұлттық банктің ақша-кредит сая­саты биыл да өз сабақтастығын сақтап қалғанын айтқым келеді. Егер ішкі өзгерістер туралы айтар болсақ, ақша-кредит саясатының трансформациялануы мен эволюция­сы мәселесінде барынша ашықтық пен болжамдылық маңызды. Біз 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты стратегиясында белгіленген бағыттарды ұстанып келеміз. Атап айтсақ, Ұлттық банк биыл өзінің коммуникациялық саясатын кеңейтті, әсіресе бұл базалық мөлшерлеме бойынша шешімге қатысты болып отыр.

Біз өз мақсатымызға жетудің анағұрлым тиімді жолымен жүре отырып, барынша түсінікті болуды қалаймыз және жүйелілікті сақтағымыз келеді. Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы жағ­дайында инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды одан әрі де жалғастыра береді. Базалық мөлшерлеменің деңгейі қашан да бірінші кезекте, инфляция бойын­ша мәлімделген мақсаттарға қол жеткізу қажеттілігіне орай айқындалады. Ақша-кредит саясатын одан әрі дамыту нақ осы бағытта жүргізілуге тиіс және солай болмақ.

Дайындаған

 Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы