• Қаржы
  • 11 Тамыз, 2022

САУДА ИНТЕРВЕНЦИЯСЫНА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ БОЛМАЙ ТҰР

Соңғы жылдары елде ритейл-сауданың дамымай келе жатқаны туралы мәселе көтерілді. Ішкі проблемадан басқа санкцияны сылтау етіп, біздің нарыққа ресейлік ірі компаниялар көптеп келуі мүмкін деген болжам бар.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі берген дерекке үңілсек, қазір елімізде мың кісіге қырық екі шаршы шақырым сауда алаңы келеді екен. Бұл орайдағы ең жоға­ры көрсеткіш Норвегияның үлесінде. Онда бұл көрсеткіш – 857 шаршы метр. Ал Ұлы­бри­таниядағы тығыздық мөлшері – 234 шаршы метр. Ең төменгі көрсеткіштің бірі Украина мен Грецияда. Онда бұл мөлшер сәйкесінше 59 және 56 шаршы метр.

Ал еліміздегі ішкі сауда желісінің көрсеткіш деңгейі, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. Бір ғана 2016 жылы аумағы 2000 шаршыдан асатын сауда нысанының саны бес есе қысқарған. Жалпы сауда алаңының қысқару көлемі – 28,5 мың шаршы метр. Қазір елімізде жалпы көлемі 1,1 млн шаршы метрлік 263 сауда орны бар. Оның 136-сы азық-түлік сатуға мамандандырылған.

Үлкен сауда желісі дүкені негі­зінен Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ла­рында. Олардың саны – 116.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің есебінше, жұмысын барлық аймақта дамытып жатқан төрт ірі сауда торабы бар. Олардың бірі SMALL-дың 17 қаладағы филиалының саны – 96. Ал «Магнумның» 9 қалада 83, «Анвардың» 7 қалада 37 және «Метро Cash» торабының 6 қалада 6 филиалы жұмыс істейді.Соңғы кезде елімізден Carrefour мен Рамстор сияқты екі шетелдік компания кеткен. Бұл – саудадағы бәсекенің әсері. Түріктің «Рамстор» сауда желісі өз тауарын жет­кілікті мөлшерде сата алмаған. Біздің еліміздегі түрік тауарының өтімі Түркиядағыдан екі есе төмен болған.

Сарапшылардың айтуынша, ритейлердің дамуы баға шектеуін алып тастауға көмектеседі.

Қазір мамандар ішкі сауда желісіне ресейлік ірі ойын­шы­лардың келуі ықтималына баса назар аударып отыр. «Пятерочка», «Перекресток», «Карусель», «Чжик» сияқты ірі желілердің біздің нарыққа кіретіні туралы дақпырт былтыр шыққан. Ізінше компаниялардың өзі де таяудағы болашақта Сібірді дамытып, іргелес аймақтарды зерттейтінін мәлімдеген еді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин таяуда былай деді:

– «Пятерочканың» біздің нарыққа ену қаупі бар. Мен оның ішкі жұмысымен танысып, бас директорымен сөйлестім. Олар таяудағы жылдары 920 дүкен салуды жоспарлап отыр. Ресей аймағындағы көтерме-логис­тикалық қоймаларының саны да артпақ. Соған сәйкес біздің көтерме-бөлу нүктелерінің басына қауіп төнуі мүмкін. Өйткені ондай жағдайда тауар ағысы өзгереді.

Ресейлік компаниялар қазірдің өзінде өндірісін бір ізге қойып, жаңа филиалын көптеп ашып жытыр. «Магнум» сауда желісінің төрағасы Азамат Османовтың айтуынша, шетелдік ойыншылардың ішкі нарыққа енуі дүкендегі бағаға ғана емес, тауар ассортиментіне де әсер етпек. Рас, Ресеймен Еуразиялық одақта серіктеспіз. Қазірдің өзінде ресейлік өндірушілердің біздің еліміздегі тауар айналым деңгейі 30 пайызға жетеді. Ал оған қоса ірі сауда желісі енсе, мәселе одан да күрделене түспек деген күдік бар.
Шетелдік сауда желісінің интервенциясына қарсы тағы да бір жайтты айта кету керек. Өткен аптада Қа­зақстанда нидерландылық SPAR торабының супермаркеттері пайда бола бастағаны туралы ақпарат шықты. Бұл сауда торабының нүк­телері негізінен Еуропа мен Оңтүстік Африкада, Қытай мен Ресейде тұр. Былтыр ғана Қытайда 330, Ресейде 439 сауда нүктесін ашып үлгеріпті. 
Тұтынушы үшін әуелі бағаның төмендігі, тауар нарқының арзан­дығы қажет. Қазірдің өзінде біздің елімізде тауары біршама арзан ресейлік дүкендер жүйесі жұмыс істейді. Мәселен, FiPrice сауда торабы біздің елімізге 2019 жылы ғана кіріпті, бірақ осы қысқа мерзімде 200-ден астам сауда нүктесін ашып үлгерген. 
Ресейлік «Низкоцен» деген тағы бір сауда торабы өз гипермаркетін алғаш рет 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысында ашты. Ал 2017 жылдан бастап біздің елімізде өзінің жаңа бір сауда торабын дамытуға кірісті. Әрі бұл торап «үй қасындағы дүкен» форматында жұмыс істейді. Ол да тұтынушыға ыңғайлы.Торап қожайыны Шкуренко мырзаның айтуынша, тұра­тын үй жанында шағын дүкен ашу өте ыңғайлы әрі оның тауарына сұраныс та мол. Қазір бұл желінің сауда нүктесі Павлодар, Қостанай, Өскемен, Көкшетау қалаларында жұмыс істеп тұр.
Нарықтағы позицияны сақтау үшін мәселе тұтынушыны табумен ғана шектелмейді. Сол тұты­нушының сұранысына бейім­деліп, аудиторияны кеңейту шарт. Біздегі шетелдік сауда желісі осы маркетинг тәсілін шеберлікпен қолданып отыр. 
Ал біздің фермерлердің осындай ірі сауда желісіне өз тауарын сатуға қоя алмайтыны тағы белгілі...

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

1520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы