• Қаржы
  • 19 Тамыз, 2022

Сынақ тәсілдерін жаңарту: Жауапкершілік жүгі салмақты

Ұлттық аккредиттеу орталығы еліміздің сынақ зертханалары жүргізетін базаны заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру мәселесіне ерекше ден қойып отыр.Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты «Ұлттық аккредиттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны сынақ зертханаларының 2-3%-ы ғана заманауи жабдықтарды қолданса, кейбірі осы күнге дейін кеңес дәуірінен қалған құралдарды пайдаланып келеді.

Осы ретте орталықтың әдіснама және нормалау департаментінің басшысы Алмат ОРЫНҒАЛИҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.

 

 

– Алмат Орынғалиұлы, Ұлттық аккредиттеу орталығы зертханаларының сынақ базасы қазіргі заманғы жабдық­тармен жаңартылып жатыр екен. Осы жұмыстың барысына тоқталып өтсеңіз.

– Бүгінгі күні елімізде дәлірек айтсақ 900-ден аса сынақ зертханасы аккредиттелген, олар өз жұмысында ҚР стандартын, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ­тың мемлекетаралық стандартын және техникалық регламенттерін басшылыққа алады. Осыдан біраз жыл бұрын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы қазақстандық өнім­дерді шет ел аумағына шығармау туралы ақпараттартар таратылғаны белгілі. Көрсетілген жағдайаттардың себеп­тері де біріне біріұқсас, жедел жүргізілген сынақтар кезінде өнім құрамында мәлімделмеген көрсеткіштер анық­талған болатын. Елде жүргізілген сынақ нәтижелері шетелдік зертхана­лардың сынақ нәтижелеріне сәйкес келмеді. Неліктен? Туындаған мәселенін біріншісі, бұл импорт –экспортқа қатысушы елдердің стандарттарында белгіленген қол­даныстағы сынақ әдістерінен, екіншісі, қолданылатын сынақ жаб­дықтарының айырмашылығында болды. Қазіргі уақытта Ресейде өндірілген жабдықтардың 60%-ның 30%-ы 15 жылдан асқандар. Тіпті 1960-70 жылдардағы өндіріс үлгілері де жетерлік. Осылайша, мыңға тарта аккредиттелген зертханалардың ішінен ондаған зертхана ғана заманауи сынақ жабдықтарын қолданып, қазақстандық өнімді импорттаушы елдердің талаптары деңгейінде жүргізіліп жатқандығын айтуға болады. Бұл алға қойылған міндеттерді оңтайлы жүргізіп, тиісті тараптардың мүдделерін қорғауға әкеледі.Ұлт­тық аккредиттеу орталығы халықтың сапасыз, қауіпті, стандарттар мен техникалық регламенттер талабына сай емес өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізуде.

– Еліміздің ішкі нарығында негізгі мәселенің бірі саналатын сынақ зертха­на­лары мен сертификаттау орган­дары­ның өнімдер мен тауарларға жүргізген тест нәтижесі бойынша орын алған олқылық­тарды қалай реттейсіздер?

– Хабарландыру сайттарын ашсаңыз, өнімдерге, қызметтерге және басқару жүйелеріне сертификаттау қызметтерін көрсетуге байланысты көптеген ақпараттарды көресіз.Ал бұл қызметтерді заңда белгіленген тәртіпте аккредиттеуден өтпеген тұлғалар мен ұйымдар ұсынады.Жоспарсыз зертханалар­дың болуы басқа зертханалардың жұмысы мен олардың кірісіне әсер ететіні сөзсіз. Мәселен, зертханалар ең төменгі құны 25 мың теңгені құрайтын сынақтарды кейбір зертханалар 12 мыңға, тіпті одан да төменгі бағада жасайды. Осыдан-ақ сынақтар­дың жалған екенін байқауға болады. Өйткені сынақ бағасына сынауға қажетті шығын материалдардың, реа­генттердің және стандартты үлгі­лердің құны кіреді.Өткен жылдың соңында тестілеу және сертификаттау рәсімдері кезінде 7 заң бұзушылық анықталса, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 10 аккредиттелген субъектінің аттестаттық күші жойылды. Заңнамаға сәйкес, зертханалар мен сертификаттау органдарының аккредиттеу аттестатының күші жойыл­ған жағдайда, берілген құжаттар­ды кері қайтарып алуда түзету шаралары қолданылады. Сондықтан сынақ зертханасы мен сертификаттау органдарындағы әрбір қызмет­кер жұмысын жауапкершілікпен атқаруға тиіс. Ұлттық аккредиттеу орталығы IAF, ILAC, APAC сияқ­ты халықаралық аккредиттеу ұйым­дарының толыққанды мүшесі екенін ескерсек, мұндай фактілер белгілі бір сынақтың тұтастығын бұзып қана қоймай, жалпы аккредиттеу жүйесіне күмән тудырады. Сол себепті бүгінгі таңда зертханалардың сынақ нәтижесі нақты болуы үшін әрбір сынақтың өту барысын, оның ішінде уақытты бақылауға мүмкіндік беретін заманауи автоматтандырылған сынақ жабдықтарымен жарақтандыру мәселесі қолға алынып, «Тұрақты эконо­­микалық өсу» ұлттық жобасы­ның инди­каторына енгізілген. Осыған орай, сынақ базасын жаңғыр­туда заманауи сынақ базасымен жарақ­тандыру проблемаларын анық­тау мақсатын­да Ұлттық аккредиттеу орталығы Қазақстан Тауар өндірушілері қауым­дастығымен, аккредиттелген зертханалармен Техникалық реттеу және метрология комитеті деңгейінде салалық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырған болатын. Сынақ базасын жаңарту­дың бірнеше жолы бар. Оның бірі қаржылық мәселеге байланысты болып отыр. Бағаның шарықтауы жеке зертханалардың заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуына мүмкіндіктері келмейді. Сондықтан олар­ға жеңілдетілген қаржылық қолдау қажет. Аталған жайт қазір пысықта­лып жатыр, туындалып отырған мәселеде жоқ емес. Мысалы, өз жұмысында прекурсорларды пайдаланатын заңды тұлғаларды мемлекет­тік қолдауға шектеулер белгілейтін Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына қатысты. Ақпарат үшін зертханалардың 80%-ға жуығы өз жұмысында прекур­сорларды қолданады. Бұл қаржы­ландыру құралын кейбір зертханалар қайтадан пайдаланады. Ал жаңар­туға мүдделі емес зертханалар ескі құрал-жабдықтармен жұмысын жал­ғастырады.

– Қазіргі заманғы сынау жабдықтар – сынақ нәтижелерінің сенімді кепілі емес пе?

 – Әрине, заманауи сынақ жаб­дығы оларда орнатылған бағдар­ламалық құралдар арқылы сынақ­тардың өту барысын талдауға және жаңа жабдыққа көшу дерек­тер­дің сенімділігін тексеруге әрі нәтижелерге кедергі келтір­меуге мүмкін­дік береді. Аккредиттеу субъ­ек­­­тілерінің тізілімінде заманауи сынақ құралдарымен жабдықталған сынақ зертханалары, жоғары дәлдік­тегі сынақ нәтижелерін беретін жеке бағдарламамен қамтамасыз етілген.Сынақ зертханасын­дағы тестілеу жұмыстары қолмен де автомат­тандырылған түрдегі әдістермен жүргізіледі. Бүгінгі күні елімізде жаңа үлгідегі зертханалар саны артып келеді. Бұл үрдісті оқшаулауға болмайды. Өйткені әлемде барлығы цифрландыруды қажет етеді.

– Жүргізілген жұмыстардың нәти­жесі мен орындалу түріне қарай сынақтарды қолмен және автоматтан­дырылған түрде тестіленеді деп айтып қалдыңыз?

– Иә, қол әдістері тест басталған­нан аяғына дейін адамның тікелей қатысуымен орындалады. Қолмен тестілеу әдісі тестілеуді жүргізетін адамның құзыреттілігі мен білік­тілігі жоғары мәнге ие. Себебі, қажетті мөлшерде дұрыс қолдану, ерітінділердің деңгейі, реагенттер зерттеу нәтижесіне тікелей әсер етеді. Ал автоматтандырылған сынау әдістері автоматтандырылған жабдықтың көмегімен орындалады. Бұл жерде құрал-жабдықты іске қосу арқылы жүргізіледі. Автомат­тандырылған тестілеу әдісі­нің артықшылықтары өте көп. Бірін­шіден, автоматтандырылған әдіс тестілеу процесіне адамның араласуын барынша азайтады. Екіншіден, автоматтандырылған әдіс ашықтықты қамтамасыз етеді, бұл сынақ нысанын жаңғырту мақсатының негізгі себебі дерлік. Қазіргі таңда сынақ нәтижелерінің сенімсіздігі туралы деректердің егжей-тегжейлі талдауы, нарықта сәйкес келмейтін өнімді анықтау кезінде немесе фактіден кейін де анықталған жағдайлар жетерлік.

Әрі қарай, келесі қадам басталады бұл бұзушылықты дәлелдеу. Шығарылған сынақ хаттамаларына сәйкес, ешқандай бұзушылықтар болмауы мүмкін. Сынақ процесіне талдау жүгізу басталады. Өтінішті қабылдаудан сынақ актісін шыға­руға дейін, онда сынақтарды өткізу мерзіміне, сынауға сынамаларды іріктеуге және т.б. байланыс­ты кездейсоқ бұзушылықтар жиі анықталып жатады. Мұның бәрі қолмен сынау әдісінің нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, сынақтың ізі жоқ, нәтижесі қағаз жүзінде ғана. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал автоматтандырылған әдіс, өз кезегінде нәтижелерді автоматты түрде түсіретін бағдарламалық құралды пайдаланады. Сынақ кезінде сынақ жабдығымен жазылған нәтижелерді және сынақ хаттамаларында келтірілген деректерді көруге болады. Тау-кен, металлургия кешені, геохимия, мұнай өнеркәсібі сияқты салаларда сынақ нәтижелері жөнінде проблема жоқ. Өйткені, тұтыну­шылардың өздері сынақ нәти­же­леріне қызығушылық танытады. Топырақ құрамындағы элементтер, тау жыныстары, өндірілген мұнай және т.б. туралы жан-жақты ақпарат алуға мүдделі. Нәтижелер бойынша инвес­торлар инвестиция салуды немесе салмауды шешеді. Сынақ нәтижелері нарыққа қол жеткізудің белгісі болса, тамақ, жеңіл кәсіпорындар мен автомобиль сияқты салаларда сенім­сіз сынақ нәтижесіне байланысты бұзушылықтар жиі кездеседі. Осыны негізге ала отырып, аталған саладағы сынақ базасын жаңғырту аса қажет деп есептеймін.

– Бұның қандай жолдары бар?

– Біріншіден, стандарттар мен техникалық регламенттерге өзгерістер енгізу. Жоғарыда атап өткендей жабдықтардың 30 пайызы ескірген, тіпті 60-70-ші жылдардағы техникалар да жетерлік дедік. Мұның бәріне дәлдікке төменгі талаптар қоятын ескірген сынақ әдістері ықпал етеді. Не істеу керек? Ол үшін сынақ әдістерінің стандартын жаңартып, ең аз дәлдікті арттыру керек. Техникалық регламентке қатысты мәселе де баршылық. Кеден одағының техникалық регла­ментінде бірқатар стандарттар қол­данылады. Оларға өзгерістер енгізу үшін мәселені бес деңгейде қаралу тиіс. Еліміздің аумағында қабылданған стандарттарды жаңарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл қадам барлық зертханаларға ортақ, бірыңғай талаптарды қолдануға мүмкіндік береді. Тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін сынақ нәтижесінің сенімділігін қамтамасыз етіп кепілдік беру және аккредиттелген қазақстандық зертханалардан берілетін сынақ нәтижесінің дұрыстығын мойындау, басты мақсат – сынақ базасын жаңғырту мәселесі қазіргі күннің талабы екендігін атап өткім келеді. Өйткені, дұрыс емес немесе мүлдем жүргізілмеген сынақтар халықтың өмір сапасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Бүгінгі өзекті мәселенің бірі саналатын сынақ зертхансындағы тест базасын жаңартуда жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі тұстарын қысқаша баяндап өттім. Аталған мәселеге байланысты оқырмандар сауалына толыққанды жауап беруге қашанда әзірміз.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

1307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы