• Өндіріс өрісі
  • 19 Тамыз, 2022

«Жасыл» өнімге сұраныс жоғары

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан BioOperations зауыты Еуропаға 6,5 мың текше метр биоэтанолды экспортқа жіберді. Зауыт сегіз жылғы үзілістен кейін өнім өндіру мен өткізуді жолға қойып отыр.

Биоэтанол – терең өңдеу процесінде қалдықтардың био­массасынан және биологиялық ыдырайтын компоненттерінен өндірілетін биоотын, мұнда негізгі өнімдер – бидай глютені, крахмал, мал азығы болса, этанол – жарамсыз қалдықтардан қайта өңделген өнім.

Бұл жоғары өңделген, тұты­нуы әлемде жыл сайын өсіп келе жатқан жаңартылатын экология­лық отын көзі. Тиісінше, биоэтанолды өндіру еліміздің жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес келе­ді, өйткені отында биоэтанолды қолдану әлі күнге дейін октан көтеретін қоспаларды өндіру­де пайдаланылатын импортталатын улы метанолды толығымен ауыстыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде мұнай-химия зауыттары негізінен қолданып отырған метанолдың орнына қоршаған ортаға кері әсерді айтарлықтай азайтатын биоэтанолды жарату ұсынылуда. Бұл мәселені шешу – қазір бүкіл әлемде белсенді тал­қыланып жатқан климаттық проблемаларды жоюға қосылған үлес болмақ. Биоэтанолды қолдану бүгінде көптеген елдерде заңды түрде бекітілген. Мәселен, Еуропада заңнамалық деңгейде отынға осы өнімнің 15-20%-ын қосу талап етіледі. Бұл мұнай өнімде­ріне тәуелділікті төмендетеді, оның октандық санын арттырып, отынның сапалық параметрлерін жақсартады, ең бастысы – ластау­шы заттар шығарындыларының ауаға таралуын 30-40%-ға азайтады.
«Біздің қайта өңдеу техноло­гия­мыз көмірқышқыл газын қайта өңдеуге мүмкіндік береді, атмосфераны ластамайды – СО2 ұстала­ды, тазартылады және сұйылты­лады. Әрі қарай ол сусындарды газдандыру, жылыжайлар, өрт және құрылыс жұмыстары үшін қолданылады. Өндірушілердің көпшілігі табиғи газды жағып жатқанда, біз СО2-ні органикалық жолмен аламыз», – деп бөлісті зауыт директоры Евгений Келин.
BioOperations – Қазақстандағы биоэтанол өндіретін жалғыз зауыт. Ірі кәсіпорын мамандары еліміздің астық өңдеу саласын дамытуға өз септігін тигізіп жатқанына қуанышты. Зауыт жұмысы 8 жылдан астам уақыт бойы тоқтап тұрған болатын. Биоэтанол өндіру желісі 2020 жылдың соңында күрделі жаңғыртудан кейін іске қосылды. Оған дейін кәсіпорында экспортқа шығарылатын крахмал мен глютен өндірісі жүзеге асты. Француздық заманауи жабдықтар орнатылып, жалпы 12 млрд теңге инвестиция салынды. Енді Тайынша ауданының 700 тұрғы­нын жұмыспен қамтып отырған кәсіп­орында өндірісті жылына 36 мың тонна биоэтанолға дейін арттыру жоспарлануда. Қазірде BioOperations өндірілген глютен мен крахмалды Үндістанға, АҚШ-қа, Колумбияға, Норвегияға, ТМД және Еуропалық одақ елдеріне жібереді. Евгений Келиннің айтуынша, биоэтанолды сатып алушылармен, атап айтқанда Еуропадағы қайта өңдеушілермен және биоотын өндірушілермен келіссөздер бір жыл ішінде жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша осы жылдың мамыр айынан бастап екі жанар­май кемесі Балтық порттары ар­қылы Роттердамға жөнелтілді. 
«Еуропалық сатып алушы­лар өнімнің жоғары сапасы үшін қосымша ақы төлеуге дайын, өйткені BioOperations өнім­дерінің алғашқы шолулар мен сынақтардағы сапасы өте жоғары бағаланады. Біздің өніміміз ISCC экологиялық тұрақтылығы мен парниктік газдар шығарындылары сертификаттауынан өтті және экологияны қорғау мақсатында шикізатты өндіру әдістері мен бақылауды реттейтін еуропалық директивалардың талаптарына сәйкес келеді», – дейді ол.
Логистикалық шығындар­ды оңтайландыру үшін зауыт ма­ман­дандырылған теміржол көлі­гімен – елу цистернамен жаб­дықталған. Еуропаға экспорттау отандық өнімнің жоғары сапасын және болашақта әлемдік қоғамдастықтағы кез келген елмен ынтымақтастық перспективасын көрсетеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы