• Қаржы
  • 26 Тамыз, 2022

Баға жедел өсуде

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Әлемдік экономика деректері ешқандай елді дағдарыс пен күйзеліс айналып өтпейтінін айғақтап берді. Мәселен, қаржы нарығы үшін жаңа рекордтар айы болған шілдеде АҚШ-тағы инфляция 40 жылдық ең жоғары көрсеткіштерді тағы да бұзып, 9,1 пайызға жетіп жығылды. Сөйтіп, АҚШ федералды резервтер жүйесі мөлшерлемелерінің барынша тез өсу тәуекелі әлемдік рецессияға қатысты инвесторлар алаңдаушылығын арттырумен қатар, валюта нарығындағы доллар үстемдігін айдың ортасына дейін қолдап бақты. Осындай жағдайда айдың бірінші жартысында еуро алғаш рет екі онжылдықтағы аз уақытқа тепе-теңдіктен төмен мәнге жетті, жапон йенасының бағамы 1998 жылғы деңгейге дейін төмендеді, сонымен қатар дамушы нарықтар валюталары да қысымға ұшырады. Алайда айдың соңына қарай АҚШ федералды резервтер жүйесінің мөлшерлемені 2,25-2,5 пайызға дейін 75 базистік тармаққа арттыру туралы шешім қабылдауы доллар динамикасы үшін бетбұрыс кезеңнің бірі болды. Ол өз кезегінде тәуекелді активтердің көбеюіне жол беріп, доллардың өсуін тежеді. Соның салдарынан дамушы нарықтардағы валюталар индексі бір айда 2,4 пайызға төмендегенін кезінде атап өткен болатынбыз. 
Отандық статистика 2022 жылдың шілдесінде айлық инфляция 1,1 пайыз деңгейінде қалыптасып, бағаның жылдық өсімі 15 пайызға дейін жеделдегенін, жылдық инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік тауарлары қосқанын атап өтуде. Бірақ бұл өнімдер бағасының одан әрі өсуі жеміс, көкөніс өнімдеріне баға өсімінің бәсеңдеуімен теңгерілді. Теңге бағамының әлсіреуі азық-түлік емес тауарлар бағасының серпініне ықпал етіп келеді. Ақылы қызметтер арасында, әсіресе, нарықтық қызметтер динамикасы ерекшеленуде. Өткен шілде айында тұтыну бағасының айлық өсімі 1,1 пайызды құрады, бұл 2000 жылдан бастап осы ай үшін ең жоғары мән саналады. Жылдық мәнде бағаның өсуі 15 пайызға дейін қарқын алды. Осы жылғы шілдеде ай ішіндегі маусымдық тазартылған инфляция 1,4 пайызды құрады және жылдың басынан бастап нысаналы деңгейден асып келеді. Түрлі әдістерді қолдану арқылы есептелген базалық маусымдық тазартылған инфляция маусымдағы мәндерінен бірте-бірте төмен түсті, бірақ нысаналы дәлізден едәуір асатын мәндерге тұрақтады, бұл – проинфляциялық ортаның сақталып отырғаны туралы белгі болып табылады. Азық-түлік инфляциясы шілде айында 19,7 пайызға дейін жеделдеді, бұл көрсеткіш маусымда 19,2 пайыз болатын. Дүниежүзілік нарықта дәнді дақылдар бағасының өсуі айтарлықтай баяулағанына қарамастан, тоғыз айдан бері ұн, жарма өнеркәсібі өндірушілерінің бидай қорының шектелуіне байланысты нан-тоқаш өнімдері мен жармаға ішкі бағалардың өсу қарқыны жалғасуда. Сүт өнімдері мен жұмыртқа бағасы қымбаттады. Шектеулі қант ұсынысымен бірге оған деген сұраныстың артуы қант пен кондитерлік өнімдердің қымбаттауына алып келді. 2021 жылдың шілде айындағы жоғары мәндер шегінен шығу ет өнімдері, май мен тоң май бағасының өсуін тежеуге әсер етті. Азық-түлік тауарларына бағаның одан әрі өсуі жеміс, көкөніс өнімдерінің, атап айтқанда, алма, жүзім, қырыққабат бағасының баяу өсуімен, сәбіз және қызылша бағасының төмендеуімен теңгерілді. Азық-түлік емес тауарлар бағасының жылдық өсімі 2022 жылдың шілде айында 14,2 пайызға дейін жеделдеді. Киім-кешек пен аяқ киімге, тұрмыстық заттарға, дәрі-дәрмекке, жеке пайдаланылатын тауарларға, жуу және тазалық құралдарына, құрылыс материалдарына бағаның тез өскені байқалды. Осы тауарларды тұтынудағы импорттың жоғары үлесін ескерсек, теңге бағамының құнсыздануы мен көлік қызметтерінің қымбаттауы бағаның анағұрлым өсуіне жол берді. Ақылы қызметтер инфляциясы осы жылдың шілде айында 9,2 пайыз деңгейінде сақталды. Жаңа оқу жылы басталар алдында орта кәсіптік және жоғары білім беру қызметтері қымбаттады. Мәдениет және демалыс саласында аттракциондардың, кино­театрлар мен фотографтардың қызметіне баға өсе түсті. Теміржол және әуе тасымалы қызметінің бағасы да айтарлықтай шарықтады. Сонымен қатар, шаштараз бен сұлулық салондарының, қоғамдық тамақтандыру орындарының қызметтік бағасы да көтерілді. Наурыздан маусым айына дейін бағаның өсімі баяулаған соң өңдеу өнеркәсібінде жеделдеу үрдісі байқалды, сонымен бірге ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің бағасы да төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде шілде айында өндірушілер бағасының жылдық өсімі 16,4 пайызға дейін жеделдеді. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындар арасында ет, май және тоң май бағасының өсу қарқыны баяулады. Екінші жағынан қант, сүт өнімдері, ұн, жарма, нан және макарон өнімдерін өндірушілердің бағасы қарқындап өсе түсті. Ауыл шаруашылығында өндірушілердің бағасы 2022 жылғы шілдеде жылдық мәнде 22,1 пайызға дейін аздап төмендеді, бұл көрсеткіш маусымда 22,4 пайызды құраған-тын. Өсімдік шаруашылығында бидай бағасының өсуі жеделдеді, ал жаңа піскен көкөніс, майлы және мал азығы дақылдарының инфляциясы бәсеңдеді. Мал шаруашылығы өнімдерінің арасында үй құсы бағасының өсуі баяулады. 
Өткен айдың қорытындысы бойынша теңгенің айырбастау бағамы 1,5 пайызға қалыпты түрде әлсіреді. Мұндай серпінге сыртқы факторлар, сондай-ақ ішкі ахуал да ықпал етті. Мұнайға баға белгілеу екі ай бойы төмендегенін атап өткен жөн. Бұдан басқа АҚШ-та мөлшерлемелердің жедел көтерілуі ұлттық валютаға, сондай-ақ дамушы нарықтардың валюталарына қысым жасауда. Ішкі факторларға келетін болсақ, жазғы демалыс кезеңінің жалғасуы мен компаниялардың дивиденд төлеуі бір ай ішінде шетел валютасына деген сұраныстың артуына ықпал етті. Мәселен, сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі маусымдағы 96,4 млн АҚШ долларымен салыстырғанда, шілдеде 118,6 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Шілденің соңына қарай теңге бағамы позициясын біршама қалпына келтіріп, экспорттаушылардың салықтық төлемдері арқасында әлсіреу қарқынын азайтты. Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. 

1605 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы