• Бизнес - Қаржы
  • 26 Тамыз, 2022

Ас атасы – нан қанша қымбаттамақ?

Еліміздің астанасында негізгі ас мәзірінің өлшемі – нанымыздың қымбаттағаны өз алдына, енді өңірлерде де осындай жайттар орын ала бастаған сыңайлы. Соның айғағындай, «Павлодарда бір бөлке нанның бағасы 200 теңгеден асып кетті. Облыс орталығындағы дүкендерде коммерциялық нанның бір бөлкесі 180-200 теңге тұрады. Ал кейбір ауылдардағы сөрелерде «ас атасының» бағасы 230 теңгеге дейін жетеді» деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Әсіресе соңғы күндері осы өңірдегі наубайханалар пісіре­тін нан күрт қымбаттап кеткен. Айталық, бұған дейін бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бір бөлкенің бағасы 120 теңге болса, енді ол 180 теңге тұрады. Жоғары сұрыпты нан бағасы 130 теңгеден 200 теңгеге дейін көтерілген. Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мұны шикізаттар бағасының өсуімен байланыстырып отырған көрінеді. «1 сәуірден бастап қант 30%-ға, өсімдік майы 40%-ға, жұмыртқа 10%-ға қымбаттады. Сол себепті нан бағасы да артты», – деп түсіндіреді бөлім басшылығы.

Айта кету керек, бұл ретте басты мәселе ұн бағасында болып отыр. Ресей тамыз айына дейін бидайды экспорттауға шектеу қойған соң, павлодарлық диірменшілер тығырыққа тірелді. Себебі, бұған дейін олар астықты көршілес мемлекеттен төмен бағаға алып келген еді. Ал бәсекелестік жолының қиылғанын әрі сұраныстың бірден артқанын ескерген кей шаруалар былтырғы бидайдың бағасын әп-сәтте көтеріп жіберіпті. Мәселен, бұған дейін оның бір тоннасы 110-115 мың теңге аралығында болса, қазіргі баға 160 мың теңгеге дейін жеткен. Бұл өз кезегінде ұнның қымбаттауына әсер етіп отыр. «На­рықта бидай тапшы әрі қымбат. Соңғы партиясының бір тоннасын 153 мың теңгеге алдым. Сондықтан одан дайындалған ұнның бағасын өсіруге мәжбүрмін. Бұған дейін бір келі ұнды 140 теңгеден сатсақ, ендігі баға кемінде 220 теңге болады», – дейді «Жандос KZ» ЖШС басшысы Жанар Серімова.

Бір қуанарлығы, жергілікті билік болса, алаңдауға негіз жоқ деп сендіреді. Өйткені былтыр күзде жасалған меморандумға сәйкес, аймақта бірінші сұрыпты бидай, одан дайындалатын ұн мен нан жеткілікті. Бағасы да тұрақты қалпында қалады, деп сенімді айтады билік басындағылар. «Сол келісімшарт бойынша, ауыл шар­уа­шылығы тауар өндірушілері диірмендерге бидайдың бір тоннасын 85 мың теңгеден жеткізеді. Ұн тартатын орындар одан дайын­далған бірінші сұрыпты ұнның бір келісін наубайханаларға 119 теңгеден береді. Өз кезегінде наубайханалар 550 граммдық нан пісіріп, оны әлеуметтік дүкендерге 93 теңгеден босатады. Сонда сауда сөрелеріндегі баға 95 теңгеден аспайды», – деп түйіндеді тізбекті түсіндіріп берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев.

Енді аптаның соңында аталмыш ведомство тағы бір меморандум жасады. Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы өңірге ай сайын 4,5 мың тонна астық беру туралы келісімге келген еді. «Соның негізінде ауыл шаруашылығы басқармасы мен ұн тарту орындары меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, сәуір-қыркүйек айлары аралығында диірмендер наубайханаларға бірін­ші сұрыпты ұнның келісін 130 теңгеден беруі тиіс. Сол арқылы 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік нан­ның бағасы 95 теңге көлемінде сақ­талады», – делінген ресми орын­дар ха­барламасында.

Алайда, әлеуметтік нанмен қам­туға қатысты бастаманың өзін­де бірнеше шикілік бар. Бірін­шіден, өнімнің бұл түрі жалпы сұраныстың 20%-ға жетер-жетпес бөлігін ғана өтейді. Атап айтқанда, облыс орталығындағы наубайханалар тәулігіне 50 мың бөлкеден астам нан пісірсе, соның 9 мыңы ғана – әлеуметтік нан. Екіншіден, ол шалғайдағы ауылдар түгілі қала іргесіндегі елді мекендерде сатылмайды.

Мәселен, Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылындағы дүкен иелері тұрақтандыру қоры арқылы арзан нан ала алмай отыр. Соның салдарынан осы және басқа да ауылдарда нан бағасы 95 тең­геден емес, кемінде 160 теңгеден басталып, 230 теңгеге дейін жетеді. Үшіншіден, әлеуметтік нанның салмағы белгіленген нормадан тым төмен. Оған облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та ауылдарды аралау барысында көз жеткізген еді. Бөлкелерді таразыға қойған кезде олардың салмағы 550 грамға жеткен жоқ. Сондықтан нан бағасы туралы сөз қозғала қалған кезде жергілікті билік «уәж» ретінде айтатын әлеуметтік нанның сапасына, көлеміне, салмағына қатысты да сын бар.

Әрине, жаппай бағасы көте­рілген азық-түлік арасында нан­ның орны бөлек. Өйткені, аз қам­тылған отбасылары мен зейнет жасындағылардың негізгі тамағы да осы наннан басталады. Ал, астанамызда көп қабатты үйлерге жапсарлас, тіпті сол ғимаратта орналасқан дүкендерде зейнеткерлерге әр жұма сайын бір-екі бөлке нанның тегін берілетіні қуантады. Бұл да болса үкіметіміз тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау.

Бірақ бәрібір көкейде «Нанның бағасы одан әрі қымбаттай бере ме?» деген сауал тұратыны анық. Дегенмен, агрокешен өкілдері бол­жағандай, биыл егін бітік, астық мол болатыны туралы мәліметтер қуантпай қоймайды. Енді осынау мол өнімді ысырапсыз жинап, бір түйір дәнді шашау шығармай қамбаға құйып алсақ, сол бидайдан өндірілген ұн ас атасы – нан болып, халық дастарханына жетпек.

ИСА ҚАМБАР

388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы