• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 26 Тамыз, 2022

Міндеттер мерзімінде атқарылуы керек

Елімізде әрбір өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет. Бұл тапсырма Үкіметте «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іске асырылуын қарау барысында берілді. Жиында сондай-ақ жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындықтың жай-жапсары белгілі болды.

АЙНАЛА АХУАЛЫ НАЗАРДА

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, былтыр 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға шығарған ластаушы заттар мөлшері 3%-ға азайған, ал ағымдағы жылдың 6 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен қол жеткізілді. Сонымен қатар 3005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді. Бөлек жинау үшін 3876 контейнер орнатылды. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында «Былқылдақ» көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағыт­талған іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ каналдарды, соның ішінде Балқаш көлінің бассейнінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. 22 арнаның су есебі цифрланды. Осы шаралар Балқаш көліне шамамен 12 текше километр су ағысын қамтамасыз етті, Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше километр деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқартылды, көлемі 230 млн текше метрге су қосымша жинақталды.

Премьер-министр қоршаған ортаны жақсарту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттілігі туралы норма күшіне енеті­нін еске салып өтті. «Аталған шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі шынайы ақпарат алуға бағытталған. Сондай-ақ бұл норма кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар деңгейі асып кеткен жағдайда жедел шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Экология министрлігіне жүйені енгізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын», – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Өткен жылы 66 мың гектар алаңға шамамен 138 млн ағаш отырғызылды. Алайда, биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыландыру аз болғандықтан, жоспарлы көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін. Сондықтан өңірлердің әкімдіктері Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы мәселені пысықтауы қажет. Үкімет басшысы тоқталып өткендей, былтырдан бері экологиялық төлемдер экологиялық ахуалды жақсарту шараларына бағытталуы тиіс деген норма қолданылуда. Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктермен бірге әрбір өңір бойынша экологиялық жағдайды жақсарту үшін іс-шаралар жос­парын әзірлеуі керек. Премьер-министр Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне ірі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.

АСТЫҚПЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАМЫЗ

Жем-шөппен қамтамасыз ету және егін орағы науқанына дайындықты талқылау барысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жұмыстары аясында жем-шөп дақылдарының егіс алаңдары 448,1 мың гектарға ұлғайтылғанын хабарлады. Жем-шөп сатып алуды субсидиялауға қаражат бөлінді, жем-шөп астығын сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы ұлғайтыл­ды, 1 қазанға дейін республика аумағынан бидай шығару­ға квоталардың қолданысы ұзартылды. Бұдан басқа, әрбір өңір бойынша жүйелі шаралар­ды қамтитын Азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілді. Қазіргі сәтте республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталды. Барлығы 2,2 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (13,9%) жиналды, орташа өнімділік 14,6 ц/га жағдайында 3,3 млн тонна астық бастырылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған алаң 23,4 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 387,1 мың гектарға артық. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудан күтілетін көлем рес­публиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және дәстүрлі нарықтардағы сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, биыл күзгі дала жұмыстарына 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шілдеде 106,6 мың тонна тиелді, тамызда 148,2 мың тоннаға төленіп, 87,4 мың тонна тиелді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Олардың бағалары өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан 15-25% төмен.

Үкімет басшысы жалпы биыл мал азығын дайындау жұмыстары үшін ауа райының қолайлы болып тұрғанын айтты. Дегенмен Маңғыстау және Атырау облыс­тары кестеден кешігіп келеді. Сондықтан бұл өңірлер жұмыс қарқынын күшейтуі керек. Үкімет егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қам­тамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. «Биылғы болжам бойынша, астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті – егін орағын уақытында және сапалы өткізу», – деді ол.

Сондай-ақ Үкімет басшысы элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету ке­ректігін айтты. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен Қазақстан темір жолына өңір әкімдіктерімен бірлесіп, вагондармен қамтамасыз ету және логистика мәселесін шешу жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлесіп, қыс мезгі­ліне жем-шөп қорын уақытылы жасақтау шараларын қабылдау әрі олардың бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әлихан Смайылов дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы жұмыс аясында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жанар-жағармайдың бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құру тапсырылды. «Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, баға негізсіз көтерілген жағдайда тиісті шараларды қабылдауы керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚазМұнайГаз және ҚТЖ компаниялары мұнай өңдеу зауыттарынан мұнай өнімдерін уақытылы жіберуді қамта­масыз етулері керек», – деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі және Энергетика министрліктеріне дизель отынын сатудың тәуліктік лимиттерін бақылау жөніндегі ақпараттық жүйені енгізуді жеделдету және Энергетика министрлігіне өңір әкім­діктерімен бірлесіп, егін орағы кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен уақытылы қамта­масыз ету мәселесін тұрақты бақы­лауда ұстау жүктелді.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

293 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы