• Қаржы
  • 01 Қыркүйек, 2022

Ұлттық қордың активтері ұлғайды

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Соңғы уақытта еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлттық қордағы валюталық активтер көлеміне құбылмалы әлемдік саясат тигізіп отырған әсерге қатысты сауалдар жиі қылаң бере бастады. Сондай-ақ бұл активтердің қалай құралып, қайда инвестицияланатыны­на қатысты мәселелер де жиі талқыланып жүр. Бұл түсінікті де, себебі аталған қор отандық экономиканың қысылғанда қолдайтын таянышына, ілгері басқанда демейтін сүйенішіне айналған институт болып табылады. Статистика деректеріне кезек берсек, алдын ала деректерге сәйкес Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 1,2 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 53,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 518 млрд теңге бөлінді. Трансферттердің бір бөлігі Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтардан, сондай-ақ қорға жиналған теңгелік түсімдерден бөлінді. Сонымен қатар ішкі валюта нарығында 599,2 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл өз баламасында 288 млрд теңгені құрайды. Маусымда қорға 582 млн АҚШ доллары көлемінде валюталық түсім түсті. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өткен айдың қоры­тындысы бойынша оң қалыптасып, акциялар нары­ғын ішінара қалпына келтіру есебінен 1 240 млн АҚШ дол­ларын құрады. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мер­зімді кіріс­тілігі құрылғаннан бастап жылдық мәнде 3,17 пайыз болды.

Бұдан оншақты жыл бұрын Ұлттық қорды құру кезінде норвегиялық тәжірибе негізге алынды. Ұлттық қор сияқты норвегиялық қор да мұнайдан түскен үстеме кірістерден толықтырылады, ал қаражат бүкіл әлем бойынша инвестицияланады. Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қорының көлемі бүгінде 1 трлн АҚШ долларынан асып түсті және бұрынғысынша тек біздің Ұлттық қор үшін ғана емес, бүкіл әлем бойынша көптеген дербес қорлар үшін белгілі бір эталон саналады. Ұлттық қордың мақсаты келешек ұрпаққа қажетті қаражатты қалыптастыру үшін қаржы ресурстарын жинақтау, сондай-ақ экономиканың қолайсыз сыртқы факторлар мен мұнай-газ секторына тәуелділігін төмендету арқылы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Тиісінше, Ұлттық қордың функциялары жинақтау мен тұрақтандырудан тұрады. Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке қажетті трансферттерді қамтамасыз етуді көздейді. Трансферттерді тұрақты түрде аудару, өз кезегінде, портфельдегі өтімділіктің жоғары деңгейін ұстап тұруды талап етеді. Соған орай тұрақтандыру портфелінің активтері ақша нарығының құралдарына, көбіне АҚШ-тың қысқа мерзімді қазы­нашылық міндеттемелеріне инвестицияланады. Жинақтау функциясын іске асыру болашақ ұрпақ үшін қаражатты үнемдеу мен сақтауды білдіреді. Бұл ретте қаржы нарығындағы құбылмалылыққа байланысты Ұлттық қордағы активтердің қазіргі құны өзгеруі мүмкін. Тиісінше, жинақ портфелінің мақсаты тәуекел деңгейі қалыпты болған кезде ұзақ мерзімді келешекте кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Біраз уақыт бойы жинақ портфелі стратегиялық активтері дамыған елдер облигациясының 80 пайызынан және дамыған елдер компаниялары акцияларының 20 пайызынан құралды, бұл әлемдік тәжірибе тұрғысынан барынша консервативті саналады. 2019 жылдан бастап Ұлттық банк тәуекел деңгейі қалыпты болған кезде инвестициялардың ұзақ мерзімді кірістілігін арттыруға бағытталған активтердің жаңа теңгерімді түріне көше бастады.

Жаңа әдіс акциялар үлесін 30 пайызға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ алтын портфельдері мен баламалы құралдарды 5 пайызға дейін қалыптастыруды көздейді. Бұдан басқа инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигацияларға 10 пайызға дейін және дамушы елдердің облигацияларына 21 пайызға дейін инвестициялау арқылы облигация портфеліндегі активтердің әртараптандырылуын арттыру жоспарланған. Бұл жұмыс 2022 жылдың соңына дейін аяқталады деп болжанып отыр. Есепті кезең соңында Ұлттық қордың әлеуетті орташа жылдық кірістілігі ұзақ мерзімді келешекте 1 пайызға өсуі ықтимал. Ел қазынасының тағы бір көмбесі – алтын-валюта активтеріне келсек, жаһандық рецессияға қарамастан осынау құнды металл бағасы төмендеп барады. Алдын ала деректер бойынша шілденің соңында алтын-валюта активтерінің көлемі бір айда 835 млн АҚШ долларына артып, 32,8 млрд АҚШ долларын құрады. Шілдеде Еуропа даму банкінің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттары көлемінің ұлғаюы есебінен оның валюталық бөлігінің өскені байқалды. Құнды металдың 1814-тен 1759 доллар/унцияға дейін 3 пайызға кемуіне байланысты «алтын» портфелі төмендеп, бағаның құбылуы бұл әсерді ішінара реттеді. Бір айда алтынға баға белгілеу 1687 доллар/унция мәніне жеткенін атап өткен жөн. Әдетте алтын геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдердің шиеленісуі кезінде сұранысы айтарлықтай өсе түсетін қорғаныс активі ретінде қабылданады. Алайда, қазіргі уақытта алтын әлемдік инфляцияның үдеуі аясында өзінің бұрынғы мән-маңызынан айырыла бастады.

Ел экономикасының тамыршысы саналатын республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Ұлттық қор қызметінің соңғы кезеңдегі есебі туралы пікір білдірді. Комитет Ұлттық қордың 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік аудитінің есебінде «фискалдық саясаттың теңгерімсіздігі, қабылдан­ған шешімдердің сәйкессіздігі 2014 жылдан бастап Ұлттық қордың жинақтаушы және тұрақтандырушы функция­ларын жоғалтуына әкеп соқты», деп атап өтті. Ал, Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, Қазақстан болашақ ұрпақтың мүдделеріне зиян келтіретіндей фискалдық ережелерді өз бетінше өзгертетін қысқа өндіріс көкжиегі бар ел саналады. Ақпаратқа сәйкес халықтың әл-ауқатында айтарлықтай өсу байқалмайды, бұл Ұлттық қордың мақсатты және ке­піл­дендірілген трансферттердегі қаражатын пайдалану ке­зінде жеке адам, қоғам мүдделері көзделмейтінін көрсе­теді.

2067 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы