• Бизнес & Қоғам
  • 01 Қыркүйек, 2022

Елімізге екі жүзден астам компания қоныс аудармақ

Ресейден кетуге мәжбүр болған 200-ден астам компания Қазақстанға қоныс аударған. «Ресейден кетіп жатқан бизнес иелері неге көршілес Қазақстанға қарай көз тігеді, онда барып қоныстанған бұл компаниялар ресейлік серіктестерімен және клиенттерімен ынтымақтастығын одан әрі дамыта алар ма екен?» деп жазады солтүстіктегі көршіміздің Business FM порталы өткен жұмадағы жарияланымында.

Шындығында, Ресейден кеткен 250-ден аса компаниялар Қазақстанға жайғасуда деп премьер-министр Әлихан Смайылов отандық Tengrinews.kz сайтына берген интервьюінде мәлімдеген болатын. Үкімет басшысының айтуынша, бұлардың басым көпші­­­лігі шикізаттық емес сектордың батыстық компаниялары және солардың 45-і қазірдің өзінде Қазақстан экономикасы нары­ғына көшуге шешім қабылдаған. Солардың ішіндегі біздің елімізге көшуді жоспарлағандар арасында Ә.Смайылов әйгілі Skoda-ны атап отыр.

Ал енді бұл ресейліктердің Қазақстанда жинақталып, шыға­рылған «Октавиалар» мен «Кодиактарды» қайтадан сатып алулары мүмкін екенін аңғарта ма? «Инфраструктура России» инвестициялық компаниясының бас директоры Станислав Машагин мұны растап отыр. «Қазақстанның заңдық құзыретіндегі компаниялар автоматты түрде санкцияларға ұшырамайды. Ресейліктерден басқаларының бәрі, тіпті уругвайлық болса да, қазақстандық та, кез келгені жақсы. Сондықтан компаниялар бәрінен бұрын тапсырыс беру мәселесін шешуге тырысады, сонымен қатар өнімді өткізу мәселесі де шешілуі тиіс. Ресей мен Қазақстан аумағында шығарылған барлық тауарлар, тіпті қызметтер мен атқарылар жұмыстар да бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында өткізіле алады. Яғни біз Алматыда не жасап шығарсақ та, оларды бірден автоматты түрде Ресейде сата аламыз», – дейді ол.

Қазақстандық журналист Ярослав Разумов Станислав Ма­ша­гинның оптимизмін қоштай қоймайды. «Соңғы онжылдық­та өндірісті дамыту мақсатында экономиканы әртараптандыру бойынша Қазақстанда бірнеше ауқымды жобалар іске қосылды. Бәрі де ештеңе тындыра алмады. Төменгі буындағы кадрлар жетіспейді. Білікті басқарушылар да тапшы, онымен қоса өткізу нарығымыз тым шағын. Егер теория жүзінде кадрларды Ре­сейден әкелу мүмкін болғанымен (ірі өндіріс жағдайында мұны жүзеге асыру аса қиын болады), өткізу нарығы ұлғая қоюы екіталай. Бәрі де қайталама санкциялардан қорқады», – дейді Я.Разумов.

Осы ретте ол: «Мұның бәріне Ресейге қарсы санкцияларға бас­тамашы болған елдердің өкілдері қалай қарар еді? Егер батыстық үкіметтер, батыстық биліктегілер бұған жайбарақат қараса, тіпті ешбір елемесе де, Қазақстан мен Ресей үшін жаман болмас еді. Бірақ маған Ресейде жұмыс істейтін Батыс бизнесіне, яғни осы компаниялар арқылы Ресейге қарсы санкциялар енгізу кәдімгідей шүбәлі болып көрінеді. Сосын олардың Қазақстанға көшіп барып, тап бізде шығарған тауарлық өнімдерін Ресейге жеткізіп беруі, маған салса мүлде мағынасыз болып көрінеді. Бәрінен бұрын, нақ осындай жағдайда Қазақстан оған қайталама санкциялар енгізу қатеріне душар болуы әбден ықтимал», – деп қауіптенетінін білдірді.

Бірақ мына нәрсені көпшілік ұмытып кеткен сияқты, машиналарды сол күйінде Ресейге әкелуге тыйым салынбаған. Санкциялар тек қымбаттарына ғана – құны 50 мың евродан жоғарыларына қатысты. Шын мәнінде, тап сол Skoda-ны енгізуге болады. Бұл ретте «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының жетекшісі, оның іргетасын қалаушы Тимур Турлов: «Қайталама санкция­лар тәуекелі, тек сен бұларды айналып өтуге көмектескеніңде ғана пайда болады. Мәселен, сіз Қазақстанға әкелуге болмайтын әлдебір тауарды енгізуге тырыссаңыз, егер ол тауарды принципті жағдайда Ресейге енгізуге тыйым салынбаған болса, қайталама санкциялар үшін ешқандай тәуекел де жоқ. Басқа жағдайда, мәселен, егер шартты түрде Skoda бола ма немесе тіпті Samsung болса да, өз тауарларын Ресейде сатқысы келмесе, онда бұларды толыққанды жағдайда бәрібір Қазақстан арқылы енгізе алмайсыз, яғни Қазақстан дегеніміз, бұл – он есе шағын экономика, сосын тауар бойынша бөлінетін квота да он есе аз. Samsung Қазақстанға егер қазір дилерлер осынша сұраныс көрсетсе де, телефондарды он есе көбірек артық жөнелте бастамайды, сондықтан тағы да қайталап айтам, бәрібір жеткіліксіз болады және қымбат тұрады», – деп өз пікірін білдірді.

Міне, Өзбекстан, мәселен, қазірдің өзінде жол талғамайтын Chevrolet Tracker шығарып жатыр. Ал Қазақстанда тіпті дилерлер деңгейінде емес – жеке тұл­ғалар деңгейіндегі мәмілелер де айтар­лықтай күрделі, деп атап көр­сетеді «Автомаркетолог» жоба­сының иесі, ресейлік Автомобиль дилерлері қауымдастығының экс-президенті Олег Мосеев. «Тіпті Қазақстандағы бар машиналардың өзін дилерлер алдымен қазақ төлқұжаты бар жеке тұлғаға, содан кейін ғана  бұл жеке тұлға жаңағы машинаны ресейлікке сатады, көп жағдайда ол да жеке тұлға, өйткені бизнестің осылай тым қарапайым өрбігені дұрыс. Сондықтан Skoda-ның үдере көшіп Қазақстанға қоныс аудара қоюы екіталай, егер бүкіл топ болып көшсе – жағдай басқа. Оның өзінде Volkswagen-нің Ресейге деген ұстанымы өзгеріп жатса, ал олардың ұстанымы тек Еуропада күрделі мәселелерге қарай жағдай дереу өзгере бастаса ғана ауытқуы мүмкін, сондықтан бұл брендтің бізден кетуге құлқы жоқ, тіпті кеткісі келмейтіні айдан анық. Сол себепті де олар ресейлік нарықтан кету туралы хабарландыруын аяғына дейін созғылауда. Өйткені қазіргі саяси жағдай осындай, соның салдарынан олар өздерін осылай ұстауға мәжбүр», – дейді ол.

Релокацияға, қоныс аударуға қайта оралар болсақ, «Фридом Финанс» компаниясы осылай істеді де, деп жазады ресейлік сайт. Яғни компания басшысы Тимур Турловтың бұл мәселеде нақты тәжірибесі бар. Сонымен қатар және ол қаржылық жүйенің кеңсесін көшіру бір басқа әңгіме де, ал өнді­рісті көшіріп қондыру – екінші мәселе деп ашығын айтады. Көріп отырғаныңыздай, соншама компания елімізге көшіп келді деп бөрікті аспанға атуға әлі ерте сияқты. Оның үстіне мұның бәрі заңдық деңгейде оңды өріс табуы тиіс, бұлай болмаса қазақстандық атанғанымен, бренд сол баяғы шетелдік, тіпті ре­сейлік болып қала беру қаупі де бар.

ИСА ҚАМБАР

 

1457 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы