• Өндірістік әлеует
  • 01 Қыркүйек, 2022

Апаттың алдын алу маңызды

Жұмыстың ерекшеліктеріне байланысты өнеркәсіп нысандары – ықтимал қауіп көзі екендігі белгілі. Бұл саладағы бұзушылықтар санын қысқарту үшін инспекторлар қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеру жүргізеді.

Соңғы бес жылда талданып, байқалғанындай, өндірістік жарақат алу негізінен көмір және тау-кен саласында жиі кездеседі. Бұл республика бойынша қауіпті өндірістік объектілердегі жазатайым оқиғаның 30%-дан астамын құрап отыр. Сондықтан да өнеркәсіптердегі қауіпсіздік шарасын күшейтіп, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қауіптің алдын алу үшін өндіріс орындарында заңға сай мемлекеттік қадағалау жүзеге асырылады. Инспекторлар өндіріс орындарының жұмысын тексергеннен кейін тиісті шара қабылданады.

– Алдын алу шараларының тиімділігіне қарамастан, жыл сайын келісілген жобалық ше­­шімдерден ауытқумен байланысты жүздеген бұзушылық фактілері анықталады. Нормативтік қызмет мерзімі аяқталған ғимараттар мен құрылыстарды, қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылады. Тексеру қорытындылары бойынша инспекторлар жедел ден қою шараларын қабылдайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалады, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығарады, – деді Төтенше жағдайлар министр­лігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Жыл басынан бері қауіпті өндірістік объектілерде 14 апат және 127 оқиға тіркелген. Мұндай апаттарға негізінен газ, мұнай-газ, көмір салаларында және жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын объектілерде жол берілген. Қауіптілік деңгейі жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын объектілерде – 56%-ға және мұнай-газ саласында – 19%-ға өсіпті. Авариялар мен оқыс оқиғаларға өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларының сақталмауы, пайдаланылатын жабдықтың тозуы, өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі себеп болуда. Комитет басшысының айтуынша, жыл басынан бері 1 306 тексеру жүргізілді, оның ішінде ерекше тәртіп бойынша 713 жоспарлы және 593 жос­пардан тыс тексеру жүргізілді, 16 385 объект тексерілді. Нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 20 402 жағдайы анықталды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 582 объектінің қызметі тоқтатылды. Тексеру нәтижелері бойынша барлығы 130 млн теңгеден астам сомаға 890 әкімшілік айыппұл салынды.

Қауіпті өндірістік объек­тілерді техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жос­парын іске асыру – қауіпті өндірістік объектілердегі апат­тылықты азайту жөніндегі жол картасы шеңберіндегі негізгі іс-шара. Апаттың алдын алу үшін өндіріс орындарындағы тозып, ескірген техникалық жабдықтарды ауыстыру қажет. Ескірген құрал-жабдықты істен шығарып, жаңаға ауыстыру бекітілген жоспарға сай жүргізіледі. Кәсіпорындар техникалық қайта жарақтандыру жоспарына сәйкес технологиялық жабдықтарды жаңартады. Биыл өндіріс нысандарында 3 152 техникалық құрылғы және 115 технологиялық желіні ауыстыру көзделген. Өңірлер бойынша ауыстыруға жататын жабдықтардың негізгі бөлігі Павлодар (653 бірлік), Қарағанды (594 бірлік) және Шығыс Қазақстан облыстарына (524 бірлік) тиесілі.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ іс. Бұл бизнестің, қоғам мен мемлекеттің бірлескен жауапкершілігі. Бұл бағытта мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары өте маңызды рөл атқарады. Осы орайда біздің комитеттің алдында өнеркәсіп орындарында мемлекеттік қадағалаудың тиімділігін арттыру, бақылау іс-шараларын жүзеге асыру міндеті тұр. Сонымен қатар ақпараттық технологияларды дамытудың және заңнаманы өзектендіріп, жаңа қағидаттармен жұмыс істеудің мәні зор», – деді Н.Мақажанов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

403 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы